«ӘРБІР ЖАН ИЕСІ ӨЛІМНІҢ ДӘМІН ТАТАДЫ» (Аят)
«ӘРБІР ЖАН ИЕСІ ӨЛІМНІҢ ДӘМІН ТАТАДЫ» (Аят)
22.04.2019 13:27
15380
0

Қасиетті Құрандағы: «Жер бетіндегі барлық нәрсе пәни, яғни өткінші…»(«Рахман» сүресі, 26-аят); «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» («Әнбия» сүресі, 35-аят); «Расында сендер қашқан өлім; ол, сендерге кездеседі» («Жұма» сүресі, 8-аят) деген аяттар өмірдің өткінші екендігін, әрбір жан иесі өлетіндігін, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтындығын анық, ашық айтып тұр.

Ешбір пенде қай кезде, қай жерде, қалай өлетінін білмейді. Бірақ, мына жалған дүниеде мәңгі қалмайтынын өте жақсы біледі. Кейде адам осы ақиқатты түсінеді, кейде дүниемен өзін жұбатып, өмірін өзі белгілеп қойғандай, әлі ұзақ өмір сүруге кепілдігі бардай өлімді естен шығарады.
Өлім хақ. Біреулер сексен немесе тоқсан жастағы қарияға кебін дайындап, қабірін қазып қоюы мүмкін. Бірақ, сол қарияның тағы қанша өмірі бар екенін ешкім де айта алмайды. Адам баласы дүниеден өткен біреудің табытын көтеріп бара жатып, бір күні өзі де осы табытпен қабірстанға баратындығын жан-тәнімен сезінгенде ғана өзінің бейшара екенін, тіпті түскен бір тал шашын қайта орнына қоя алмайтындығын, әжім басқан жүзін бұрынғы сұлу қалпына қайтару қолынан келмейтінін түсінеді. Барлық жолдар адамды жалғыз бір мекенге жетелейді. Сол себепті мүмін пенде Алла разылығы деп істеген игі-ізгі амалдары мен жасаған құлшылық-дұғаларының қайырымы ретінде үлкен сый (жәннат) берілуінен үміттенеді және соған талпынумен өмірін өткізеді.

Адам баласы қандай қызық жан десеңізші! Мына дүниеге аз ғана уақытқа қонақ болып келгенін тез ұмытады. Әр күні жаназаға куә болып жүрсе де, өлім әлі алыста деп ойлайды. Өзін кез келген сәтте уысынан шығарып алуы мүмкін өткінші аманаттардың «мәңгілік иесімін» деп есептейді. Алайда, адам баласы рухына «тән» деген киім кигізіліп, «өмір» атты есіктен аттандырылғаннан кейін-ақ, Сократ айтпақшы, оның өмірге жасаған алғашқы қадамы – өлімге жасаған алғашқы қадамы болады. Бір күн келеді, сонда рухты тәннен ажыратады. Ақырет есігі – қабірден мәңгілік сапарға аттандырылады. Алла Тағала айтады: «Кімге ұзақөмір берсек, Біз оның жаратылысын (жастығы мен келбетін) өзгертіп, белін бүкірейтеміз.Адамдар осыны ойланбайды ма? (ғибратқа толы өмір жолын түсінбейді ме?)»(«Ясин» сүресі, 68-аят).
Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам қалай өмір сүрсе, солай жан береді, қалай жан берсе, солай тірілтіледі», – деген (Муслим, Жәннәт 83; Мунауи V, 663).

Адам баласы өз-өзін соңғы демде толық таниды екен. Өмірде істеген әрбір амалы көз алдында анық көрінеді. Сондықтан да адам баласы үшін өлім сәтінен асқан ғибратты көрініс жоқ.

Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  былай дейді: «Қабір – жәннат бақ-шаларынан бір бақша немесе тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр болады» (Термизи, Қиямет 26/2460).

Біз бұл пәни дүниемен шынайы құл ретінде қош айтысуды және қабіріміз жәннат бақшасының бірі болуын қалайтын болсақ, алған әрбір демімізді соңғы демге дұрыс дайындауымыз керек. Яғни, бақытқа толы ақырет өміріне қол жеткізу үшін осы дүниеде салих амалдармен безендірілген, берекелі де тура жолмен өмір сүруіміз қажет. Өйткені, Алла Тағала:
«Саған яқин (өлім) келгенше Раббыңа құлшылық жаса!» («Хижр» сүресі, 99-аят), – деп бұйырған.

Алла Тағала құлдарына ескертіп: «Ей, иман келтіргендер! Сендерді мал-дүниелерің мен бала-шағаларың Алланы зікір етулеріңнен тыймасын. Егер кімде-кім бұлай істесе, міне, солар нағыз қасіретке ұшыраушылардың дәл өзі. Қайсы біріңе өлім жетіп«Уа, Раббым! Маған аз уақытқа мұрсат бере гөр, садақа беріп, ізгілерден болайын!», – деместен бұрын, сендерге ризық ретінде берілген дүниемізді Алла жолында жұмсаңдар! Өйткені, Алла тағала ажалы жеткенде ешкімді кері жібермейді. Алла не істегендеріңнен хабардар», – деген («Мунафиқун» сүресі, 9-11-аяттар). Қысқасы, өлім жеткен кездегі хәліміз бен қияметке дейін жалғасатын қабірдегі өміріміз осы дүниедегі жағдайымызға және жасаған әрбір амалымызға қарай болады.

Абдулла ибн Омар (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымызбен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болатынмын. Ансарлық бір сахаба келіп, пайғамбарымызға сәлем берді де:

– Уа, Расулулла! Мүміндердің ең абзалы кім? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Ахлағы ең жақсы болған адам, – деп жауап берді.

 Ол тағы да:

– Ал, мүміндердің ең ақылдысы кім? – деді.

Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) :

– Өлімді көп еске алып, өлімнен кейін болатын жағдайы үшін дайындалған адамдар. Нағыз ақылдылар – солар, – деді» (Ибн Мәжәһ, Зуһд 31).
Бәра (Оған Алла разы болсын) мына оқиғаны баян еткен: «Біз Пайғамбарымызбен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бірге біреудің жаназасында болдық. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қабірдің шетіне отырып, жылай бастады. Тіпті, оның көзінің жасы жердегі топырақты сулады.

Сосын ол:

– Уа, бауырларым! (Барлы-ғымыздың басымызға келетін) мына өлімге жақсылап дайын-далыңдар!» – деді» (Ибн Мәжәһ, Зуһд 19).
Бірде Расулулла (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өзінің бір хадисінде:
«Қиямет күні адам баласы қозы сияқты әкелініп, Алланың құзырында тұрғызылады.

 Алла Тағала оған:

– Саған мол нығмет бердім, мал-мүлік бердім, осыншама жақсылық жасадым. Ал, сен оларға шүкіршілік ретінде не істедің? – дейді.

 Ол:

– Уа, Раббым! Жинадым, көбейттім, бұрынғысынан да көп қылып, дүниеге қалдырып кеттім. Мені (дүниеге) қайта жібер, оны Саған әкелейін, – дейді. Алла Тағала оған:

– Қәне, ақырет үшін жасаған амалдарыңды Маған көрсет! – дейді.

– Уа, Раббым! Жинадым, көбейттім, бұрынғысынан да көп қылып, дүниеге қалдырып кеттім. Мені (дүниеге) қайта жібер, оны Саған әкелейін, – дейді.
Бұл құл дүниеде жүргенде ақыреті үшін ешқандай қайырлы амал жасамаған еді. Сол себептен де, ол тозаққа тасталады», – деген (Әт-Термизи, Қиямет 6/2427).

Міне, дүниеде ғапылдыққа салынып өмірін босқа өткізіп, ақырет үшін дайындық жасамағандардың соңы осылай қайғылы болады. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті аяттарда былай дейді:

«Кімнің кітабы (амал дәптері) арт жағынан берілсе, ол өлім тілеп, тез арада жоқ болып кеткенді тілейді. Алаулап тұрған отқа кіреді. Өйткені, ол (дүниеде) отбасыныңқасында мәз-мей-рам болып жүрді. Әрі ол сол хәлінің ешуақытта өзгермейтінін және Алланыңқұзырында есеп бермейтінін ойлаған еді»(«Иншиқақ» сүресі, 10-14-аяттар).
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Пенде (өлгенде) қабіріне көміліп, жақындары ол жерден тарқап жатқанда, ол қайтып бара жатқандардың аяқтарының дыбысын естиді. Сол кезде оған екі періште келеді.

 Оны отырғызып:

– Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  туралы ойың қандай? – деп сұрайды.

Мүмін пенде бұл сұраққа:

– Оның Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін! – деп жауап береді.

 Оған:

– Тозақтағы мекеніңе қара! Алла ол жерді жәннаттағы бір орынмен ауыстырды, – дейді. Ол пенде екеуін де (яғни тозақтағы әрі жәннаттағы мекенін) көреді. Сосын Алла оның қабірінен жәннатқа қараған бір терезе ашады.

Егер өлген адам кәпір немесе мұнафық болса, (періштелердің сұрағына):
– (Сұрап тұрғандарыңның) кім екенін білмеймін. Мен тек адамдардың айтып жүргендерін ғана айтушы едім, – деп жауап береді. Оған:
– (Оның айтқандарын) түсін-бедің әрі оның соңынан ермедің – деген кінә тағылады. Сосын екі құлағының арасынан темір тоқпақпен ұрылады. (Тоқпақтың ауыртқаны) соншалық бір бақырады, оны адамдар мен жын-дардан өзге оған жақын болған барша мақұлықтар естиді», – деген (Әл-Бұхари, Жәнәиз 68,87; Жәннәт 70).

Расында да, осы өткінші дүниеде шынайы ықыласпен орындалған салих амалдар мәңгілік әлемдегі қуаныш пен бақыттың басты байлығы болады. Қасиетті аятта былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және әркім ертеңі үшін (ақыретке) не дайындағанына қарасын. Алладан қорқыңдар, өйткені Алла не істегендеріңді жақсы біледі» («Хашр» сүресі, 18-аят).

Өлімнен қашып құтылу мүмкін емес. Оған дайындалудан басқа амалымыз жоқ. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  былай дейді:

«Дәуіт (Оған Алланың сәлемі болсын)  өте тақуа әрі абыройы мен намысына кір келтірмейтін жан еді. Үйінен шыққанда есігін мықтап жауып тастайтын. Қайтып оралғанға дейін ешкім ол жерге аттап баса алмайтын. Бір күні әдеті бойынша есігін мықтап жапты. Кейін ол үйіне келгенде үйінің дәл ортасында тұрған бір адамды көреді.

 Одан:

– Сен кімсің? – деп сұрайды.

Ол:

– Мен сондай патшалардан қорықпайтын әрі ісіме ешнәрсе бөгет, кедергі бола алмайтын пендемін, – деді. Сонда Дәуіт(Оған Алланың сәлемі болсын)  оған:

– Олай болса, Аллаға ант етейін, сен өлім періштесісің. Алланың бұйрығымен қош келдің! – дейді. Аз уақыттан соң оның жаны алынды» (Ахмад II, 419). Міне, бұл – әр уақыт өлімге дайын жүрген адамдардың Әзірейілді(Оған Алланың сәлемі болсын)  қарсы алуы еді. Әли (Оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Дүние артына бұрылып алып, кетіп барады. Ал, ақырет бізге қарай бет алып келе жатыр. Бұл екеуінің де өздеріне тиісті бала-лары (іздеушілері) бар. Сендер ақыреттің балалары болыңдар. Әсте дүниенің балалары болмаңдар! Бүгін – амал ететін күн, есеп жоқ. Ал, ертең есеп беру бар, бірақ амал істеуге мүмкіндік жоқ болады» (Әл-Бұхари, Риқақ 4).

Шәқиқ Әл-Бәлхи бір қабірдің жанынан өтіп бара жатып, оған қарады да қасындағыларға былай деді:

«Мына жерде жатқандардың көбі дүниеде жүріп алданған-дарына көз жеткізді», – деді. Қасындағылар одан: «Не үшін?», – деп сұрады. Ол: «Бұлар тірі жүргенде мал-дүнием бар, үйім бар, көлігім бар, туған-туыстарым бар, бау-бақшам бар деп ойламайтын ба еді? Ал, қазір олай емес екендігін сендер де көріп тұрсыңдар ғой», – деген екен. Пайғамбарлардан басқа ешкім соңғы демде қандай күйде жан тапсыратындығына сенімді бола алмайды. Тіпті, Юсуф (Оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағалаға:

«(Уа, Аллам!) Менің жанымды мұсылман болған күйде ал! Сондай-ақ, мені салих құлдарыңныңқатарына қоса гөр!», – деген («Юсуф» сүресі, 101-аят). Хазреті Мәуләнә былай деген екен: «Мазар тұрғызу таспен, тақтаймен немесе киізбен емес. Нағыз мазар тұрғызу ол – кіршіксіз көңіліңде, өзіңнің ішкі тазалық әлеміңде өзіңе қабір қазуың. Ол үшін Алланың ұлы болмысының алдында өзіңнің қиқарлығың мен менмендігіңді жоюың қажет».

Алла Тағала өмірін ізгі амалдармен безендіріп, Раббысын бір сәт те есінен шығармайтын құлын соңғы демінде былай деп сүйіншілейді:
«Күмәнсіз Раббымыз Алла!» дегеннен кейін тұп-тура жүргендердің төбелеріне періш-телер түсіп, оларға: «Қорықпаңдар, қайғырып, мұңай-маңдар, сендерге уәде етілген жәннатпен қуаныңдар», – дейді» («Фуссилат» сүресі, 30-аят).

Алла Тағала баршамызға осындай иләһи сүйіншіге лайық болуды нәсіп етсін!

Бақтыбай ЖАРЫЛҚАСЫМҰЛЫ

 

0 пікір