Аманат – ардың айнасы
Аманат – ардың айнасы
23.04.2018 13:54
5089
0

Аманат сөзі – адам жаратылысымен, табиғатымен біртұтас, фәниге келгеннен, бақиға аттанғанша біте қайнасып жүретін аясы өте кең ұғым. Пенденің иманы, адами қасиеті, рухани деңгейі оның – аманатқа қаншалықты адал болғанымен, осы бір қадірлі ұғымды қай деңгейде қастерлей білгенімен өлшенсе керек-ті. Себебі, аманатты абыроймен атқару қандай сауапты іс болса, оған қиянат жасаудың да зардабы орасан зор болмақ.

Аманат аталатын аясы кең ұғым жайында сөз бастамай тұрып, әуелі, бұл сөздің мағынасын түсініп алайық. Аманат – қарапайым тілмен айтқанда, біреуден алған дүниені өзіне сол қалпында қайтару, не болмаса, саған басқаға жеткіз деген нәрсесін соған басы бүтін табыстау.  Ал, бұл дүниеде барлығы тек материалдық дүниелермен ғана шектелмейтінін ескерсек, аманаттың салмағы, сол аманат етілген нәрсенің маңыздылығына қарай ауырлай түспек.

                                 Адамға ең әуелі – дін аманат!

Алла Тағала құлдарын жаратып, оларға өмір сүрудің мәні – мен мағынасын көрсету мақсатында - Ислам дінінен сусындауды нәсіп етті. Екі дүниенің бақыт кілтін табуымызға бағыт – бағдар көрсететін қасиетті – Құран - кәрімді түсірді. Жаратушы барша адамзат баласы бұл нығметті жете түсініп, қасиетті кітапты оқып, Иесінің тыйыл дегенінен тыйылып, бұйырғанын бұлжытпай орындасын деп жіберді. Осы арқылы кемелденіп, өзінің кім екенін түсініп, өмірдің мәнісін ұғынсын деген шешіммен мәңгілік өмірге имани байлығымен баруға жол көрсетті. Олай болса, біздер үшін ең үлкен, ең жауапты аманат – ол  - дініміз Ислам, кітабымыз қасиетті – Құран және де Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеттері.  Бұл жөнінде Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерге екі нәрсені аманат етіп қалдырып барамын. Оларға мықтап жабысыңдар (сөйтсеңдер) еш уақытта адаспайсыңдар. Оның бірі – Алланың кітабы - Құран, екіншісі – Сүннетім» - деген (Имам Хаким риуаят етті). Онымен қоса Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзара ауызбіршілікте, қиналғандарына көмек беріп, жоқ – жітіктеріне демеу болуы қажеттігі жайында, яғни, бір – біріне аманат екенін айтқан. Сондықтан, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан жатбауырлық, айналамызда орын алып отырған адамдар арасындағы қатыгездік амалдар жоғарыда айтылған аманатқа қиянат болып саналмақ. Осы ретте – аманат ұғымының, қоғамды тәрбиелеуде, бүгінгі ортаның оң жолмен, дұрыс бағытта жүруі жолында атқарар рөлі де жоғары екенін айтқан абзал.

Аманаттың  баршамыз үшін екі дүниелік маңызы бар екені даусыз. Бұған біз Жаратушы иемізден түскен қасиетті Құран аяттарында келтірілген сөздерді дәлел етсек болады. Қасиетті кітапта «Бір – біріңе аманат табыстар болсаңдар, алған жақ аманатты тиісінше орындасын және Раббысы Алладан қорықсын». (Бақара сүресі -283 аят) Сондай ақ, Әнфәл сүресінің – 27 –ші аятында «Әй мүминдер! Аллаға және елшісіне опасыздық істемеңдер, өздеріңе тапсырылған аманатқа біле тұрып қиянат қылмаңдар» ,- деп өсиет еткен. Ал, Ниса сүресінің – 58-ші аятында «Алла сендерге аманаттарыңды өз орынына тапсыруларыңды және адамдардың арасына төрелік етсеңдер, әділдікпен төрелік етуге бұйырады»,- деген. Яғни, Алла Тағала бізге бір емес, бірнеше мәрте аманатқа адал болуды ескертеді. Ал, Жаратушымыздың ескертуін құп алып, бұл жолда өзгеге үлгі боларлықтай амал етсек, пайдасы да өзіміз үшін, ал, керісінше ар алдындағы уәдемізден аттап кетсек Алланың бұйрығына қарсы амал жасап, орыны толмас өкінішке ұрынарымыз хақ. Осыны әрқайсымыз жадымызда мықтап сақтағанымыз ләзім. Сол секілді, парыз етілген 5 уақыт намаз да бізге аманат болғанын түсінуімізге болады.

Адамзаттың асыл тәжі атанған Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  үмметтерім аманат жолын аттап, зиянын шекпесін деп, өз өмір жолында бұл іске асқан жауапкершілікпен қараған. Аманат жолына адал болып, әркездегідей өз ісімен баршаға үлгі бола білген. Сахаба Анастан (р.а) жеткен хадисте  «Алланың елшісі  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бізге: «Аманатшылдығы жоқ адамның иманы жоқ. Уәдесін орындамайтын адамның діні де жоқ» - деді (Имам Ахмад риуаят етті)  Осы орайда Абдуллаһ бин Әбу Хамса жеткізген мына оқиғаны мысал етсек болады: «Алла елшісіне әлі пайғамбарлық келмей тұрғанда, сол кісімен саудаласып тұрып, оған қарыз болып қалдым. Сәл күтсе берешегімді әкеліп беретінімді айтып, сол жерден кеткенмін. Берген сөзімді ұмытып кетіппін. Үш күннен соң әлгі жерге барсам, ол мені әлі күтіп отыр екен. Бір ғажабы Расулуллаһ маған еш ренжімей, жәй ғана: «Әй, жігіт-ай, мені әуреледің ғой. Сені үш күн бойы күтіп отырмын», - деген екен. (Имам Әбу Дәуіт риуаят етті) . Алла елшісі аманатқа қиянат етушілерді мұнафиққа, екі жүздіге теңеген Сондай хадистердің бірінде  «Мұнафықтардың белгісі үшеу; сөйлесе өтірік айтады, уәде берсе бұзады, аманат тапсырылса, оған қиянат етеді»,- деген.  

                                    Отбасың саған аманат

   Ер азамат болып, шаңырақ көтерген соң, жанұяңның барлық жауапкершілігі саған жүктелетіні белгілі.  Бұл ретте тек материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да қорған болуың міндеттелген. Тиісінше әйелі де ер азаматы мен балаларына жауапты. Бір сөзбен айтқанда жанұя мүшелері бір – біріне аманатталған. Алла елшісінен  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадистерде «Сендердің  бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші - адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі - өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал, әйел - күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, - деген. (Имам Муслим риуаят етті)  Келесі бір хадисте «Уа иман еткендер! Әйелдеріне жақсы қарандар. Расында олар – Алла Тағаланың сендерге берген аманаты деген», дейді. (Имам Муслим риуаят етті) Перзентінің ата – анасына аманат екені де дінімізде айтылып, оған баса мән берілген. Бұл ретте, Омар (р.а) өмір жолынан мына бір оқиғаны келтірсек болады. Омардың (р.а) халифалығы кезінде  бір адам оған баласын ертіп келіп : «Ей, мұсылмандардың әміршісі. Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді»,- деп шағым етеді. Омар (р.а) балаға қарап : «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке – шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің. Ата – ананың ақысын білмеуші ма едің? деп ұрсады. Бала еш қаймықпай: «Мырзам, айтып тұрғаныңыз әке – шешенің ақысы, ал, баланың ақысы жоқ па, деп сұрайды. Сонда Омар (р.а.) «Иә, ата – анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына жақсы ана болатын жар таңдауы керек. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын баласына қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда оған жақсы ат қою керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы Құранды үйретуі керек»,- деп санап береді. Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыда айтқандарыңыздың ешқайсысын орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағынаны білдіретін, «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді.», -деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а) баланың әкесіне қарап: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап», деп шығарып салды делінген. Бұл ретте бала да, ата – ана да, қай қайсымыз болмасын өзіміздің міндетімізді ұмытпай, бір – бірімізге деген аманатымызды аяқ асты етпеу керек деген сөз.

         Сонымен, айтып өткеніміздей, қасиетті Ислам дінімізден бастап, жанұямыз, қоршаған орта, жұмысымыз, мемлекеттің дүниесі,  он екі мүшеміз бен әр сөйлеген сөзіміз өзімізге аманат болмақ. Тіптен, айналамыздағы көмекке зәру адамдардың да бізге аманат етілгенін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге өсиет етіпті. Аманат жайлы ой – толғамдарды тізіп жаза берсек, сан атанға жүк болар. Мақсатымыз аманаттың жолы үлкен екенін насихат етіп, аманатқа қиянат жасамауға шақыру. Дана қазақтың өзі «Ешкімнің ала жібін аттама», «аманаттың жүгі ауыр», «аманатқа – қиянат жоқ», - деп перзентінің құлағына осы бір ұғымды әбден сіңіретіні баршамызға мәлім. Түйеріміз, аманаттың ақ туын кірлетпей жүрген жан мына дүниеде зор абырой, атаққа бөленіп, кейінгіге үлгілі ісімен есімі еліне мәлім болса, мәңгілік өмірде аманатқа адалдығы үшін Жаратушының ықыласына бөленбек. Санасында сәулесі бар әр адамның да өмірге келгендегі мақсат – мүддесі осы болса керек.

Акимбеков Біржан Бахытұлы,

Павлодар қалалық «Әбу Бәкір Сыддық»

мешітінің бас имамы

0 пікір