Алланың разылығы мақтаншақ адамдарға түспейді
Алланың разылығы мақтаншақ адамдарға түспейді
14.02.2019 15:40
2174
0

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек, бекер мал шашпақ...»
Абай.

Арабшада мақтануды «Рия» деп атайды. Адам өзінің аузымен бірнеше рет бірнеше адамға істеген ісі мен жақсылығын тамсана немесе міндетсіне айтса, осы күнәні істегендер санатына өтеді. Егер іштей ойланса, оны араб тілінде «ғужуб» дейді. Бұл да істеген амалды кемітіп, мүлдем заяға шығаруы мүмкін.

Адамзат баласына дұшпан болған лағнет шайтанның жұмыс тармағының бір бөлігі - мұсылмандардың сауапты амалдарын жария еткіздіру, оны нәтижесінде кеміту. Жалпы, сауапты істің қайсысы болса да тек қана Жаратқан Алланың ризалығы үшін болмағы керек. Егер адамдар ісін жария ететін болса, сауаптан мақрұм қалатындығы Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде баяндалған. Мақтануға лайық тек Алланың өзі ғана! Сансыз ғаламды жоқтан бар етіп, оны үйлесіммен тәрбиелеп, билеп тұрған Алла Тағала - сөзсіз құдірет иесі!

Күнделікті өмірімізге дүние мәселесі соншалықты қатты енгендіктен болар, адамдар ішінара және өзара барлы-жоқ, бай-кедей топтарына бөліне бастағандай. Адамның байлыққа кенелуіне дінімізде шектеу қойылмаған, бірақ ол байлықтың ағайынға мейірімі, Аллаға зекеті және қайырымы болуы шарт. Хазреті Әли (Оған Алланың сәлемі болсын): «Көптеген адамдар байлықты өзінен кейінгі балаларын таластыру үшін жияды» деген.

Ардақты пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала сендердің байлықтарыңыз бен сұлулықтарыңызға қарамайды, Алла Тағала жүректеріңізбен істеген амалдарыңызға қарайды» деген хадисі көңілге оралады. Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың тұсында адамдар жиылып, көпшілік болып ас беруші еді. Адамдар Мұсаға (Оған Алланың сәлемі болсын) келіп: «Мынау біздің берген құдайымыз қабыл ма?» - деп сұрады. Сонда Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын) оны Тұр тауында Жаратқаннан сұрап еді, Алла Тағала: «Мен олардың құдайыларына келемін!» - деді. Мұны естіген халық сол күні шексіз дайындықта болды. Сәл уақытта киімі жыртық, өзі шаршаған бір бейшара құдайыға кіріп келіп нан сұрағанда, адамдар оны қуып шықты. Құдайды әбден күткен халық шаршап, Мұсаға (Оған Алланың сәлемі болсын) келді. Сонда Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын) арқылы Алла Тағала: «Ол адамдардың мақтан етіп, атақ-абыройы үшін берген құдайылары менің құзырымда қабыл болмайды. Оның сауабы жоқ», - деді.

Міне, бір хадис-құдсиде былай делінген: «Алла Тағала Жерді жаратқанда жер дірілдеп тұрды. Тыныштандыру үшін қазық қылып тауды қадады. Сонда періштелер: «Таудан да күшті нәрсе бар ма?» - дегенге, «Темір болады, темір тауды жарады!» - деді. «Темірден де күшті бар ма?» - дегенге, «От!» - деді. «Оттан күшті бар ма?» - дегенге, «Су!» - деді. «Судан күшті нәрсе бар ма?» - дегенге, «Жел! Ол суды көтереді», - деді. «Желден күшті нәрсе бар ма?» - дегенге, «Желден күшті нәрсе - бір мұсылманның мақтанбай, риясыз Алладан ғана сауап үміт етіп, оң қолымен берген садақасын сол қолы сезбесе, ол барша нәрседен де құдіреті күшті болады!», - деді». Демек, кез келген құлшылыққа ниет еткенде «Холисан лиллаһи тағала!», яғни «Алланың ризалығы үшін!» деп айтылады. Ал, Алланың разылығы мақтаншақ адамдарға түспейді, олар ондай рақымнан мақрұм қалады. Себебі, «Фатиха» сүресінің бір аятында Алланың өзіне ғана құлшылық етіп және Одан ғана жәрдем сұрау туралы айтылғандай, Алла Тағала баршамызға тура жолда өмір сүріп, Алланың Өзіне ғана жаққан игі пенделерден болуымызға жәрдем етсін!

 

Нұрлан Асанов

 

 

0 пікір