Аллаға қалай сену керек?
Аллаға қалай сену керек?
31.08.2019 11:20
6754
0

 Алла Тағала бар және жалғыз. Одан басқа ешбір Тәңір жоқ. Оның бар болуының басы да, соңы да жоқ. Ол барлық уақытта бар болған. Мәңгілік бар бола береді. Алла ешқандай жаратылыс атаулыға ұқсамайды. Оған теңдес, ұқсас ешбір нәрсе жоқ. Алланың бар болуы өздігінен. Ол еш нәрсеге мұқтаж емес. Барлық нәрсе Оған мұқтаж. Алла Тағала – Тірі. Барлық нәрсені біледі, барлық нәрсені естиді және  көреді. Жүрегіміз бен көкейімізде жасырғанымызды білуші.

Алла Тағалаға қалау сипаты тән. Ол қалайды және қалағанын жаратады. Оның құдіреті шексіз, барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Алла – Жаратушы. Ол қалаған нәрсесін жоқтан бар етеді және қалағанын жоқ етеді. Бүкіл болмыста не бар болса, соның бәрін де жаратушы Алла Тағала.

Алла Тағала сөйлейді. Бірақ Оның сөйлеуіне әріп немесе дауыс тән емес. Ол сөздерін, бұйрықтары мен тыйымдарын Елшілеріне білдірген. Қасиетті Құран кәрім – Ұлы Алла Тағаланың сөзі.

Алла Тағаланың мейірім-рақымы шексіз. Кешірімі де өте мол.  Бізге өмір берген, санаса таусылмайтын қисапсыз көп нығметтерге бөлеген де Алла Тағала.

Ол бізді жаратқаннан кейін жалғыз қалдырмаған. Пайғамбарлар жіберіп біздің бұл дүниеде де, ақиретте де бақытты болуымыздың нұрлы жолын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берген.

Алла Тағала осылай иман келтірген және Оған көңілімен байланған құлдары ғана ең ардақты орнын тауып, тиісті қадіріне ие болады. Бұл сенім адам жүрегін түрлі жаман ойлардан тазалап, жақсы ой, ізгі ниет, көркем мінезбен әрлейді. Мұндай адам жалғыз қалған кездерде де адамшылыққа қайшы, азғын істерге бармайды.  Өйткені Алланың әрдайым көріп, біліп, бақылап тұрғанын біледі. Ендеше, Аллаға иман – барлық жақсылықтың қайнар бастауы екенін ұғынуымыз тиіс.  

  Құлшылық энциклопедиясы 

Дін дегеніміз не?
Ислам діні
Иман негіздері
Алла Тағалаға иман
Аллаға қалай сену керек?
Таухид деген не? 
 

0 пікір