ӘЛЕМ ҺӘМ ҰЛЫ СУРЕТШІ
ӘЛЕМ ҺӘМ ҰЛЫ СУРЕТШІ
20.05.2020 12:35
282
0

Адамды адам еткен еңбек дейміз ғой. Жаратушымыз жаратқан мына әлемдегі саналы, ақыл-ойы бар тіршілік ете білетін мына біз бен сіз. Суретші қолына қылқаламын алып сурет салады. Ол суреттің әсерлі де көркем туынды болып шығуы үшін суретші небір түсті бояуларды қолданып, бар өнерін төгеді. Бірақ, сол сурет Раббымыздың жаратқан жанды нәрселеріндей болмайды. Төңірегіңізге бір рет көз салыңызшы! Не байқадыңыз?! Ғажап табиғат, шіркін, адамға ырық бермей қоймасы анық. Аспанда қабат-қабат бұлттар бір орында емес, үнемі қозғалыс үстінде. Кішкентай кезімде ағама айтушы едім: "Аға, осы аспан жүре ме?"- деп. Сонда ағам: "Жоқ, аспан жүрмейді, жер айналады"- дейтін. Сол сәтте аспан маған төніп келе жатқандай көрінетін. Көкте ұшқан құс, далада жүгірген аңдар. Бәрі әлгі суретшінің салған суретіндей емес, жанды. Бірқалыпта тұрмайды, әр кез қимыл-қозғалыста. Жайқалған гүлдер мен ағашты көмкерген жасыл жапырақтар баяу желдің лебімен тербелуде. Бетті аялап өткен баяу жел адамды да бей-жай қалдырмайды. Шабыт туғызады. Бізді құдды бір басқа әлемге жетелегендей ерекше әсер  қалдырады. Адам жанын рахат сезімге бөлейді. Ал адамдар дамыл көрмей, өз істерімен айналысып, еңбек етуде. Кешіріңіз, сіз осындай сурет сала аласыз ба? Жоқ. Мұндай суретті Алладан басқа ешкім сала алмайды. Алланың шеберлігінде шек жоқ. Ұлы аршының иесі - ұлы суретші. Жаратылғанның қолынан келмейді бұл іс. Жаратушымыз ғана жасай алады.

 Сіз бұл өмірге не үшін келдіңіз? Ертеңіңіз қандай болмақ? Жаныңыз тәніңізден ажыраған соң қайда барасыз? Осындай сұрақтар сізді мазаламай ма? Жүгірген аң, ұшқан құс, баяу тербелген жапырақ, тұңғиық, тұнық көк аспан. Бұлардың сізбен қандай байланысы бар? Сіз үшін ешбір мәні жоқ па? Жо-жоқ, олай ойласаңыз қателесесіз. Мәнсіз дүние болмайды. Сіздің алдыңызда кедергісіз көлденең жатқан жол жоқ. Әрбір пенденің басында бір проблема, шешімін таппас сансыз сауал. Сіз бұл сұрақтардың жауабына Алланы тану арқылы жете аласыз. Сіздің өміріңізде қайғы мен қуаныш қатар жүреді. Үнемі қуанып немесе үнемі қайғырып жүрмейсіз ғой. Кейде жетістікке жетсеңіз төбеңіз көкке бір елі жетпей қалатындай қуанасыз, ал кейде жеңіліске тап болып, тауыңыз шағылғанда, тіпті өмірден түңіліп кетесіз. Неге? Мұның себебін айтудың да қажеті шамалы. Анығы, бәрі бір Алланың қолында. Сіздің дәрежеңіздің жоғарылауы, яки төмендеуі Алланың құзырында. 

 Айтар ойымды түйіндер болсам, Аллаға ғана сеніңіз. Раббымызға серік қоспаңыз. Алладан жәрдем тілеп, дұға етіңіз. Жай ғана тілеп қоймай, көркем есімдерімен дұға етіңіз. Сауапты, ізгі амалдарды көп жасаңыз. Алланың 5 парызын орындауға асығыңыз. Аллаға құлшылық жасаңыз. Жайнамазға бас қойып, намаз оқыңыз. Намаз - адам баласын тәрбиелейтін ұлы нығмет. Сіздің оң бағытта жүріп, жақсылыққа бойұсынуыңызға, көркем мінезді болуыңызға үлкен көмек. Жылына бір рет, 30 күн сауаптар еселенетін Рамазан айында ауыз бекітіп, нәпсіңізді бұғаттаңыз. Көкейіңізде сарнаған сансыз сұрақтарға осылайша жауап таба аласыз.

 Міне, бұл әрекеттер сіздің өміріңізді толықтай өзгертіп, жаныңыздың тыныштық табуына, жолыңыздың ашылып, армандарыңыздың орындалуына арналған ұлы даңғыл жол. Сол жолмен бірге жүрейік!

 

Үкілімай ИСАБЕК,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 1-курс студенті

 

0 пікір