Әл-Фиқһул Әкбар (ақида) дәрістері – 8
Әл-Фиқһул Әкбар (ақида) дәрістері – 8
10.02.2019 13:48
232
0

(Тағдыр мен жазмыш – 2: Алдымен әлемдегі тағдыр мен жазмыш айтылып сосын бұл жерде адам баласының өмірдегі тағдыры мен жазмышы түсіндірілуде. Әлемдегі кулли ирадә Аллаһқа тән. Осы жүйе ішінде адам баласына да жуз-ій ирадә берілген. Адам баласы осы берілген жуз-ій ирадә, қалауымен жасаған әрбір ісінен жауапты.)

قال الامام ابو حنيفة
خلقَ الخَلْقَ سليمًا منَ الكفرِ والإيمانِ، ثمَّ خاطبَهُم وأمرهُم ونهاهُم، فكفرَ منْ كفَرَ بفعلِهِ وإنكارِهِ وجحودِهِ الحقَّ بخِذلانِ اللهِ تعالى إياهُ، وءامنَ منْ ءامنَ بفعلِهِ وإقرارِهِ وتصديقِهِ بتوفيقِ اللهِ تعالى إياهُ ونصرتِهِ لهُ. أخرجَ ذريةَ ءادمَ عليهِ السلامُ من صُلبِهِ على صُوَرِ الذَّرِ، فجعَلَ لهم عقلاً. فخاطبَهُم وأمرَهُم بالإيمانِ ونهاهُم عن الكفرِ فقالَ:{ ألستُ بربِكُم}؟ فأقروا لهُ بالربوبيةِ فكانَ ذلكَ منهُم إيمانًا، فهُم يولدونَ على تلكَ الفطرةِ ، ومنْ كفرَ بعدَ ذلكَ فقدْ بدّلَ وغيّرَ، ومَنْ ءامنَ وصدّقَ فقدْ ثبتَ عليهِ وداومَ. ولم يُجبِرْ أحدًا من خلقِهِ على الكفرِ ولا على الإيمانِ. ولا خلقَهُم مؤمنًا ولا كافرًا، ولكنْ خلقَهُم أشخاصًا ، والإيمانُ والكفرُ فعلُ العبادِ، يعلمُ اللهُ تعالى مَنْ يكفرْ في حالِ كفرِهِ كافرًا فإذا ءامنَ بعدَ ذلكَ علمَهُ مؤمنًا في حالِ إيمانِهِ، من غيرِ أنْ يتغيرَ علمُهُ وصفتُهُ. وجميعُ أفعالِ العبادِ منَ الحركةِ والسكونِ كسبُهُم على الحقيقةِ، واللهُ تعالى خالقُها، وهيَ كلُها بمشيئتِهِ وعلمِهِ وقضائِهِ وقَدَرِهِ. والطاعاتُ كلُها ما كانتْ واجبةً بأمرِ اللهِ تعالى وبمحبتهِ وبِرِضائهِ وعلمِهِ ومشيئتِهِ وقضائِهِ وتقديرهِ، والمعاصي كلُّها بعلمِهِ وقضائِهِ وتقديرِهِ ومشيئتِهِ لا بمحبتِهِ ولا برضائِهِ ولا بأمرِهِ

 

2 – Тағдырға иман:


Имам Ағзам былай дейді:

«Аллаһ адам баласын күпір және иманнан сау-сәлемет жаратты, сосын оларға хитаб етіп кейбір нәрселерді бұйырды және кей нәрселерден қайтарды. Кәпір болған кісі өз ісі (мен Хақты) жоққа шығаруы, Аллаһтың да одан жәрдемін үзуімен күпірлікке түсті. Иман келтіруші кісі де өз ісі (мен Хақты) мойындап растады, Аллаһтың да оған жәрдем етуімен иман келтірді.

(Алғашқы уәде, Мисақ) Аллаһ, Адамның нәсілін, белінен адам кейпінде шығарып, оларға ақыл беріп, үн қатып, иман келтіруді бұйырып күпірліктен қайтарған еді. Оларда Оның Рабб екендігін растап, иқрар еткен болатын. Бұл олардың иманы болып табылады. Міне олар осы тұнық болмыс күйінде дүние есігін ашады. Одан соң күпірлікке түсуші, осы тұнық болмысын бұзған болып саналады. Иман еткен және растаушы жан болмысында бекем және жалғастырушы болып табылады.»
(Адам баласының қалауы) Аллаһ, құлдарының ешбіреуін иман немесе күпірлікке қинамаған, оларды момын немесе кәпір ретінде жаратпаған. Керісінше оларды сау-сәлемет жеке тұлғалар етіп жаратқан.  Иман келтіру мен күпірлік жасау құлдардың өз қалауларының жемісі. Аллаһ күпірлікке салынушыны, күпірлікке түскен сәтінде кәпір деп біледі. Ол кісі кейін иман келтіретін болса, иманды күйінде момын деп біледі, ілімі және сипаты өзгерместен оны жақсы көреді. Құлдардың қозғалысы және тыныштығы секілді барлық іс әрекеттері шынымен де олардың өз кәсіптері (қимылдары). Олардың жаратушысы болса Ұлық Аллаһтың Өзі. Олардың бәрі Аллаһтың қалауы, ілімі, үкімі және тағдыры мен болады.
(Тағат пен мағсият) Бойұсынудың барлығы, Аллаһтың әмірі, махаббаты, ризалығы, ілімі, қалауы, жазмышы және тағдырымен жүзеге асады. Қарсы келудің бәрі де, Аллаһтың ілімі, жазмышы, тағдыры және қалауымен жүзеге асуымен қатар, ризалығы және әмірімен емес болып табылады.

Ашықтау:

Имам Ағзам, (Әлемдегі Аллаһтың тағдыр және жазмыштың жүзеге асуын түсіндірген соң), бұл бөлімде де Адам баласының өміріндегі тағдыр мен жазмыштың түсінікті болу тақырыбына ойысты. Өйткені тарих бойынша тағдыр мен жазмыш тақырыбында жаңсақ түсініктер пайда болып; кейбіреуі тағдырды түбегейлі жоққа шығарса, кейбіреулері тағдыр мен жазмыш мәжбүрлік, адам баласының титтейде қалау, таңдау еркіндігі жоқ деп көк езуленген. Бұл екі ұштағы көзқарас Муғтазила мен Жәбрия мәзһабтарының еншісінде.  Әһли сүннет көзқарасы бойынша, тағдыр мен жазмыш бар нақты мәселе, оларға иман келтіру иманның шарттарынан болып табылады. Барлық әлемдегі кулли ирадә Аллаһқа тән, Ол барлық нәрсені біледі және қалағанын жасаушы. Түгел нәрсе Оның жіті бақылауында. Адам баласының ілімі және күш-қуаты шектеулі дүние, сонда да оған жуз-ій ирадә берілген. Оқиғаларға байланысты көрсеткен қарсылығы және жасаған іс қимылында осы шектеулі қалауын қолданады. Міне адам баласы осылардан жауапкер. Әһлі сүннет уәл жамағаттың осындай орта жолды әрі тепе-теңдікті бір сенім болмысы бар. Тағдыр бұл әлемге жүктелген, орнатылған бір жүйе болмақ. Қалай және қаншалықты екендігін біз білмейміз. Сезай Қарақош деген ақынның айтқанындай:

Байқа, тағдыр дей салма, пай тағдыр.

Тағдырдан үстем, бар сырлы тағдыр...

Имам Ағзам бұл жерде, адам баласының өміріндегі тағдыр және жазмышқа байланысты үш мәселеге тоқталады:
1- Адам баласы сау-сәлемет жеке бір тұлға ретінде жаратылды. Осы дүниеде жаратылу және Иләһи шақыруға үн қата білу кезеңі осы тұрғыдан 3 бөлім бойынша зерттелген.
А – Аллаһ барлық адам баласын, сынақ талабы алдымен иман және күпірлік түсінігінен сау-сәлемет жаратқан. Құранда: (هُوَ الَّذِي خَلَقَكُمْ فَمِنْكُمْ كَافِرٌ وَمِنْكُمْ مُؤْمِنٌ)
«Сендерді Аллаһ жаратты. Кейбіреуің кәпір, кейбіреуің мұсылмансыңдар...» (Тәғабун сүресі 2 аят.)
Ә – Жаратылған соң Аллаһ, елшілерді және кітаптар арқылы адамдарға үн қатты; оларға иман келтіруді және бой ұсынуды бұйырды, Өзін жоққа шығаруды қайтарды, тыйым салды.
Б – Бұл шақыруға жауаптар әртүрлі болды. Кейбір адамдар қабылдамады, кейбіреулері қабыл алды. Қабылдамағандар өз істері, жоққа шығаруды және Аллаһтың одан жәрдемін үзуімен күпірлікке ұрынды. Бұл шақыруды қабыл алған жан да өз ісі, мойындауы, растауы және Аллаһтың оған жәрдемі арқылы иман келтірді. Юнус сүресінің 44 аятында: 
(إِنَّ اللَّهَ لَا يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنْفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ)
«Негізінде Аллаһ адамдарға еш зұлымдық жасамайды. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық етеді» делінген.

2 – Адам баласының болмысы, фитраты (иман және мінез-құлық секілді) әдемі нәрселерді қабыл алатын бейнеде жаратылған. Алғашқы адам баласы Адам ата жаратылған соң оның беліндегі нәсілінен алғашқы уәде, ант қабылданды. Құран және хадистерде келгеніндей Аллаһ олардан «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» деді, олар да Әрине Сен біздің Раббымызсың» деп тіл қатты. Адам баласы дүние есігін ашып жауапкершілік яғни бәлиғат жасына толған кездерінде, олардан осы уәделерінде тұру керектігі талап етіледі. Сондықтан Иман мәселесі екі түрде көрініс табады:
А – Фитри, болмыстағы иман: Адам ата нәсілінің барлығына иман және бойұсыну қабілеті жүктелген. Бұл жағдай уәһби (яғни сыйланғандықтан тума) болғаны үшін сынақ мәселесі емес.
Ә – Кәсби иман: Адам баласы дүниеге келген соң оларға Аллаһ, елшілер және кітаптары арқылы иманды естеріне салды, түсіндірді. Олардан болмыстарына сай өмір сүрулерін бұйырып қалады. Кей адамдар болмысын сақтап көркем мінезді қорғады, кейбіреуі бұл мүмкіндіктен құр алақан қалды. Рұм сүресінің 30 аятында: (فَأَقِمْ وَجْهَكَ لِلدِّينِ حَنِيفًا فِطْرَةَ اللَّهِ الَّتِي فَطَرَ النَّاسَ عَلَيْهَا)
«Бетіңді ауытқымай хақ дінге бұр! Аллаһ адам баласын сол дінге ыңғайлы жаратқан. Аллаһтың жаратқанында өзгеріс жоқ.»

Ағраф сүресінің 172 аятында:
وَإِذْ أَخَذَ رَبُّكَ مِنْ بَنِي آدَمَ مِنْ ظُهُورِهِمْ ذُرِّيَّتَهُمْ وَأَشْهَدَهُمْ عَلَى أَنفُسِهِمْ أَلَسْتُ بِرَبِّكُمْ قَالُوا بَلَى شَهِدْنَا أَنْ تَقُولُوا يَوْمَ الْقِيَامَةِ إِنَّا كُنَّا عَنْ هَذَا غَافِلِينَ
«Раббыларың Адам балаларының белінен олардың нәсілдерін шығарды және оларды өздеріне куә қылып: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» дегенде, олар: «Әрине, жаратушымызсың, біз куәміз» деді...»
Бұл соңғы аят екі түрлі түсікке жол ашқан:
А – Әрбір әкенің беліндегі нәсілдерден әр сәтінде бұл уәде, ант алынды. Өйткені аяттан түсінілетін бір мағына осы.
Ә – Адам атаның беліндегі нәсілдерден уәде, ант бірден алынды. Өйткені хадистерде бұл мәселе осылай ашықталған. (Ахмед, Мүснәд, I/272 (сахих); қосымша Термези секілді ғалымдар да осылай жеткізген.)

-         Алғашқы көзқарас Муғтазила мәзһабына тиесілі, сонымен қатар бұл мәселе олардың көзқарасы бойынша жәй тәмсили ғана дүние. (Тәмсили деген шынтуайтында болмаған, тек мысал ретінде ғана берілген демек. Ауд.)
- Екінші көзқарас болса Әһлі сүннетке тиесілі және бұл мәселе ақиқатында солай болған. Өйткені бір нәрсенің ақиқат болуы мүмкін болмаған жағдайда тәмсили болады. Ал осы әлмисақ анты да Аллаһ үшін тіптен оп-оңай нәрсе.

Түйіндеме:

Ағраф сүресінің 172-ші аятынан екі түрлі көзқарас туындады дедік. Әһлі сүннет ғалымдары хадистердің түсініктемесі және сахабалардан жеткен деректерге сүйене отырып бұл мисақ, уәденің ту баста жаратылған кезде жүзеге асқанын және Адам атаның беліндегі барлық ұрпақтарынан бұл ант, уәде алынғанын баяндайды. Бізге өзінен бұрынғылардың ұстанымын жеткізген Имам Ағзам (мәтінде аталғандай) осы көзқараста екені мәлім. Өйткені аяттағы мағына ашық емес. Мысалы аятта: «Адам балаларынан уәде алды», сөйлемінен соң «олардың белінен », деген бір баяндау келуде. Міне бұл қалай болды?  Ғайбқа тиесілі бір тақырып болғандықтан нақтысын біле алмаймыз. Бізге иман және амалдағы сүннетті жеткізген мужтәһид имамдардың басым көпшілігі, ту баста жаратылған кезде (уәде, ант алудың) бір мәрте болғанын түсіндірген. Бізде соған, солай сеніп бекітеміз. Өйткені Адам ата адамзат атаулының атасы болғандықтан сол кісінің белінен алынғаны айдан анық. Бірақ одан кейін әрбір әкенің беліндегі ұрпағынан ант бөлек бөлек уәде алынды ма жоқ па ол бұлыңғыр. Ең дұрысын Аллаһ білуші!

Бұл жерде маңызды болған Аллаһқа берген уәдемізді жер бетінде ұстай алсақ, бекем болсақ сол аса маңызды. Ол сөзсіз біздің Раббымыз болып табылады.

3 – Жуз-ій қалау адам баласының қалауларының, Аллаһ Тағала тарапынан жаратылуы: Имам Ағза бұл жерде де екі мәселеге тоқталады.
А – Аллаһ, адам балаларын иман немесе күпірлікте қинамайды. Текқана олардың қалауын жаратушы.
Ә – Aллаһ жақсылықты әмір етіп, жаманшылықтан қайтарады. Адам баласы «ізгі, игілік» қалауларында болған сәтте Аллаһ разы болған түрде ол қалауын жүзеге асырып, оны жаратады. Бірақ адам баласы жаманшылық күнәлі істі қалаған кезде, Аллаһ сол жасалар іске немесе сөзге разылығы болмастан оның қалауын іске асырап, оны да жаратады – деп түйіндеген.

Баянауыл ауданы «Мұса мырза» мешітінің ұстазы

Берікбай Германұлы

 

0 пікір