АДАМДАРДЫҢ БІРЕУІ - КЕДЕЙ, БІРЕУІ - БАЙ: БҰЛ НЕЛІКТЕН?
АДАМДАРДЫҢ БІРЕУІ - КЕДЕЙ, БІРЕУІ - БАЙ: БҰЛ НЕЛІКТЕН?
29.05.2023 07:32
980
0

Тірлікте кейде қалағаныңды емес, қармағаныңды аласың. Қанша қармансаң да қалағаның алыстай береді. Өйткені, бұл дүние тұзды су сияқты, қанша ішсең де шөлің қанбай тілің қурап тұрады. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» деген сөз өз құндылығын жақын арада жоғалта қоймайтыны анық. Дегенменде бай мен кедейге ортақ бір дүние бар. Екеуіне де ақша жетіспейді. Кедейдің жағдайы белгілі, ал ауқатты адам бұдан да көп болса екен деп тілейді. Себеп? Себебі, ақшасы көптің одан да мол ақша табуға мүмкіндігі бар. Бірақ қанағат болмағаннан кейін бұл үдеріс тоқтаусыз қайталана береді. Тоқтайтын жерін бабаларымыз «қазы кертіп, жал шайнап, бай да өтеді өмірден, қара талқан жалмалап жарлы да өтеді өмірден», – деп айтып кетіпті.

«Нарық келіп қарық қылады деп жүргенде, нарық басымызды жарық қылды», – деп жүргендер көп. Қарық болып жүргендерді де, басы жарықтарды да күнделікті өмірде көріп жүрміз. Біреулер аталары ұрттап ішіп, шайқап төгуге мол байлық қалдырғандай шалқып, құрығы жеткен жерге дейін қарпып, тамақтың асылын ішіп, аттың арғымағын мініп жүр.

Енді біреулер сыбағалы жерде үлестен қағылып, ордалы жерде орын тимей, не тойып тамақ іше алмай, не қыдырып жүре алмай, кедейліктің кісенін шеше алмай пұшайман хәлде. Бабаларымыз «бақ дәулет құдайдан» дейді. Кез келген ауқатты адаммен сөйлессеңіз: «Алланың берген ризығы, шүкір» деп отырады. Ешкім де таласпайды, олай емес деп дау айтудың өзі күнә. Күнә болса да, әдеттегідей осы жерде «бірақ, неге» деп көп дүниеге келісе алмайтыныңды білдіргің келеді.

Мысалы, құдайын ұмытып біреулерді алдап еңбегін қанап, біреуден ұрлап, құқығын таптап, байып жатқандар бар. Күндіз-түні құлшылығын жасап, біреудің ала жібін аттамай, маңдай терін төгіп, нәпақасын адал жолмен терсе де ішерге тамағы, киерге киімі шамалы кедейлерді де көріп жүрміз. Әділеттілік қайда деген сауал саналы адамның санасын бір шарлап өтетіні анық. Адамның байлығы оның әмиянындағы теңгенің санымен өлшенбейді. Байлық деген сөздің ауқымы өте кең. Тек малмен, дүние-мүлікпен, ақшамен басқа да материалдық құндылықтармен есептелмейді. Байлық – денсаулық, ақыл, білім, өнер тағы басқа абстрактілі ұғымдар жүйесін де қамтиды. Дегенмен де, біздің қоғамда бай немесе кедей десе алдымен материалдық жағдайына байланысты адамдар ойға оралады.

Сонымен неге бай, неге кедей? Дін ғалымдары «Алла бізді неге кедей, неге бай етіп жаратты деген сауалдың өзі танымдық тұрғыда болмаса, күнә болып саналады», – дейді. Жақсы Жаратушының жаратқандарына ешбір күмән келтірмей танымдық тұрғыда бұл сауалдың жауабын іздеп көрейік.

Биік мұнара тұр дейік. Сол мұнараға әрең күнін көріп жүрген үш адамды әкеліп, мол сый-сияпат беріп, біреуін төменде қалдырып, екеуін екінші қабатқа көтеріп одан да көп сыйлық беріп, екіншісін сол жерде қалдырып, үшіншісін үшінші қабатқа көтеріп, одан да көп байлық берді дейік. Енді бірінші қабатта қалған кісі өзінен жоғарыдағыларға қарап өкпелеуі, екінші қабаттағы үшінші қабаттағыға қарап, оның сыйлығын қызғанып, маған неге аз берілді деп тулап, алакөзденуі дұрыс па? Олардың бастапқыда ештемесі жоқ еді ғой. Бірақ үшеуіне үш түрлі сый берілді. Астыңғы екеуіне «үшіншінің бізден қай жері артық, неге оған көбірек берілді» деген пендешілік ой келді. Біздің ештемеміз жоқ еді ғой осыны берген адамға шын көңілмен алғыс айтайық деген ой болмады. Біреуді бай, біреуді кедей етіп неге жаратты деген сауалдың жауабын осы мысалдың негізінде қарасақ табылып қалар. Мүмкін, байлар Алланың сүйікті құлдары болғандықтан байлықты үйіп төгіп беріп жатқан болар. Тіпті, солай деп санайтын діндер де бар.

Құран Кәрімнің Шура сүресінде (27 аят): «Егер Алла пенделерінің ризығын өлшеусіз көбейтіп жіберсе, онда жер бетінде бей-берекет ахуал туар еді. Бірақ, Тәңірі әр нәрсені өз қалауы бойынша мөлшермен ғана түсіреді. Оның пенделерінің ахуалын толық біліп, айқын көріп тұратыны даусыз» делінген. Яғни, адамдардың ризық несібесін көбейтіп, барлығын байытып жіберсе мына жалған дүниедегі тепе-теңдік бұзылар еді. Физика заңдылығына сүйенсек ең ұсақ бөлшектерден бастап, орасан зор аспан денелеріне дейінгі әрбір нәрседен плюс минус зарядтары сияқты қарсы жақтарын көруге болады. Дін ғалымдары қоғам да осы жаратылыс заңдылығына мойынсұнуы тиіс дейді. Олай болса, адамзат баласының бір тобы бай, көпшілігі кедей; біреулер тойып секіреді, біреулер тоңып секіреді; біреулер ауру немесе мүгедек; енді біреулерінің дені сау, міне, осындай қарама қайшылықтардың болуы заңды.

Төрткүл дүниені түгелдей бір полюске топтастыруға болмайтыны сияқты адамдарды да бірдей дәрежеде ұстап тұру мүмкін емес. Нахыл сүресінің 71 аятында: “Алла сендердің дәулеттеріңді біріңнен біріңдікін артық етті”, – делінген. Иә, біреуге дәулетті артығымен берді. Бірақ, осы жерде «бір кем дүние» деген әңгіме шығады. Қара суды қайғысыз ішкен кедейдің бір күндік алаңсыз өміріне жете алмай, тіпті, сол үшін бүкіл байлығын ұстатып жіберуге дайын байларды өздеріңіз де көрген шығарсыздар.

Әрине, бұл бақыт кедейлікте жатыр деген сөз емес, байлықтың қиямет күні сұралатыны өз алдына, осы дүниеде де шексіз бақытқа кенелте бермейтіні жайындағы айтылған ой. Кедейдің қайтып ақша тапсам деген уайымынан, байдың байлығымды қалай сақтап қаламын деген қайғысы қиындау. Бір ақылды кісіден: «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім?» деп сұрағанда:  «Дәулетті адам – мал жия білген, жиғанын жеген, бере білген. Дәулетсіз – есіл дерті мал жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп өмірінің өткенін білмей қалған адам», – деп жауап беріпті. «Көмбенің иесі екеу – біреуі көмген, екіншісі көрген», деген сөз бар. Баяғыда бір бай бақшасына ат басындай алтынды көміпті. Көміп жатқанын көршісі көріпті. Анда-санда алтынын қазып алып, қайта көміп қояды екен. Содан кезекті бір қазғанында орнында тас жатқанын көреді.

Алтынның қолды болғанына өзегі өртене өкініп, өкініштен өкіріп жатқан байға көршісі: «Әй, көрші, алтынның қызығын көрмейтін болғаннан кейін ол жерде алтын көмулі жатыр ма, тас көмулі жатыр ма саған бәрібір емес пе?», – депті. Дүниесін не өзіне, не өзгеге қимайтын адамды бай деп айтудың өзі қиын. Бір адам бар дәулетті, сөзге шешен, өнерден де мақұрым емес. Бірақ, олардан бір кем дүниені сезесің. Өзіне ыңғайлы, өзіне пайдалы шеңберден шықпайтыны, жақсы болып көрінудің амалдарын меңгергені білініп тұрады.

Материалдық тұрғыдан бай болса да көңілі кедей. Шіреніп креслода отырса да ойы құлдық деңгейде. Қыста қар сұрап ала алмайсың. Сараң. Ал сараңдық жазасыз болмайды. Сараң болудың өзі жаза. Дүниеқұмар адаммен бірге отыру дүниеге деген құмарлықты ғана қоздырады. Бір адам бар жиған дүниесі жоқ, көсіліп сөйлемейді. Жоқшылық ішіп-жегізбесе де, қыдыртып жүргізбесе де көңілі бай. Абақтыда отырса да ойы азат. Кедей болса да жомарт. Адамзат баласын басқа тірі тіршіліктен биіктетіп тұратын, міне, осындай жандар.

Бай-кедей – бәрі бірдей Құдайға құл, 
Біреуді кем қып қойған, біреуді мол.
«Бай кедейге ауыссын, қарассын, – деп,
Шеберлікпен жаратқан құдіреті сол!  
– дейді Мәшһүр Жүсіп бабамыз.

Байдың байлығында кедейдің де үлесі бар, байлықта береке болуы үшін басқаларға қарасу көмектесу керек екендігін ескертеді. Алайда кедей адамға «байлар садақа береді, жата бер немесе жұмыс істеме садақа сұрап қолыңды жайып отыр» деген сөз емес. Керісінше, Ислам діні адам баласын еңбек етіп ризық табуға шақырады. Жұма сүресінде (10 аят): «Намаз оқып болған соң әр жерге бытырап, Тәңірдің ризығын іздеңдер. Мақсатқа жетеміз десеңдер Алла жолында көп дұға айтыңдар», – делінген. Хаким ибн Хизам былай дейді: «Мен бір күні Пайғамбардан (с.ғ.с.) бір затты сұрап келдім. Ол сұраған затымды берді. Екінші рет тағы да сұрап келгенімде сұрағанымды беріп: «Ей, Хаким расында, мынау мүлік жаңа піскен жеміс тәрізді. Кеңпейілділікпен алғанға бұл берекелі, ал ашкөздікпен алғанға берекесіз болады. Мұны ашкөздікпен алған кісі қанша жесе де тоймайтын адам тәрізді. Есіңде болсын, беруші қол, алушы қолдан артық», – деді.

Осы сөзден кейін: «Я, Расулуалла, Сізді елші етіп жіберген Алланың атымен ант етемін! Осы дүниеден өткенімше ешкімнен әшнәрсе сұрамаймын», – деп уәде еттім», – дейді. Мешіт – қашанда қайырымдылықтың ошағы, бірақ еңбекке жарамды бола тұра тілене беру жақсылықтың нышаны емес екендігі жайында Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.): «Қиямет күні бір періште: «Алла тағаланың жер бетінде ең жек көретін пенделері қайда?» деп дауыстағанда, мешітте тіленшілік жасайтындар тұрады», – дейді. Жаратушының жақтырмайтынын жаратқандары да жақсы көрмейтіні белгілі. Олай болса тіленшілік, сұраншақтық қайдан пайда болады? «Сұраншақтық қазақтың өзіне мін емес көрінеді. «Жыламаған балаға емшек бермейді», «Бермейтін сараң болмайды, сұрауы жетпейді», «Берген перне бұзады». Міне, сұрау қолдаған даналығы», – дейді Жүсіпбек Аймауытов.

Бір қарағанда нарық экономикасымен бірге масылдықтың ауылы алыстағандай болып көрінеді. Алайда  он екі мүшесі сау бола тұрып мешіттің алдында, қоғамдық орындарда қайыр тілеп немесе өзгенің  есебінен күнін көруге дағдыланғандар әлі де бар. Бірақ тіленшілікті кәсіпке айналдырғандардың байып кеткені жоқ.  Мұхамед (с.ғ.с)  «Бір адам тіленшілікпен бір есік ашса, Алла тағала оған кедейліктің жетпіс есігін ашып қояды», – деген.

Кедейлікке ұрынудың бір жолы тіленшілік. Лұқман Хәкім бір өсиетінде: «Балам, адал кәсіп арқылы өзіңді кедейліктен құтқар! Адам кедейлікке түсті ме, онда мына үш жаман қасиет пайда болады: діндарлығы әлсіз болады; ақылы төмендейді; кісілік қасиетін жоғалтады. Бұлардан да бетері – оны адамдардың көзге ілмей, келеке қылуы», – дейді.

Несібең – ниетіңе, табысың – талабыңа қарай табылады. Байлыққа белшеңнен батпасаң да ешкімге алақан жайма, кіріптар болма деп ескертіпті. «Керең дүние кедейдің үнін естімейді», «Кедейдің аяғына кез келген аяқкиім шақ келеді», деген сияқты сөздер өте көп. Дегенменде мал-мүлкі, жиған-тергені аз адам кедей емес, барға қанағаты жоқ адам кедей. Дүние байлығы пендеге тек қана көбірек болса екен деген қалауды, ашкөздікті үйретеді. Біз ішерге тамағы, киерге киімі жоқ деген сөзді жиі қолданамыз.

Шынымен солай ма? Солай дейін десең аштық арзан, талғампаздық қымбат. Аштық қарапайым. Оған қарны тойса болды. Қалай, немен бәрібір. Қалғанының бәрі қанағатсыздықтың, талғампаздықтың, кесірліктің кесепаттары. «Егер сен Пифоклды байытқың келсе оған үсті-үстіне ақша берме. Оның қомағайлығын қысқарт», – депті Эпикур өз заманында. Бұл сөз бүгінде өзекті.

Сары уайымның, үрейдің, қанағатсыздықтың, қомағайлықтың басқа да толып жатқан жаман әдеттердің тізгінін сәл босатып, кішкене болса да ерік беріп алсаңыз мүлдем ие бола алмай қаласыз. Неге? Өйткені, олар сіздің болмысыңыздан тысқары, сыртқы азғырушылардан күш алып кетеді.

«Мені адамның кедейлігі емес, оның ойы мен жанының кедейлігі қынжылтады», – дейді Омар Хайям. Жаратушы бір жарытпай-ақ қойды-ау деп әр күнін налумен, кіжінумен өткізетіндер бар. Сондай адамдарға кедейлер жұмаққа бірінші кіреді деп айтып көріңізші, «Ақымаққа ақыл айтсаң атаңның басы» дейдінің нақ өзін көресіз. Жалпы бұл өмір сынақ үшін, яғни осы жалған өмір, бақилық өмірдің егістігі, осы дүниеде сынақтан сүрінбей өтсең, қанша қиыншылық көрсең де Алланы ұлықтап, берген ризығына шүкіршілік етсең, о дүниеде бейнет ұмытылып зейнетке кенелесің десең, айтқаныңды аңыздай, естігенін ертегідей қабылдайды. Көңілі кедей адамды ешнәрсемен байыта алмайсың.

«Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы», – дейді Мәшһүр Жүсіп. Әлемнің бар қиындығы басыңызға үйіліп, кедейліктің кісенін шеше алмай, шыдамыңыз шегіне жеткендей болып, өмірден түңіліп, аспан жерге түсіп, жер төңкеріліп кеткендей күйде болсаңыз тағы да сәл шыдаңыз. Өйткені, өміріңіздің басқа бағытқа өзгеретін нүктесіне жетіп қалдыңыз. Өкініштісі көп адамдар сабырсыздығынан сол нүктеге жете алмай қалады. Кейбір сәтте тағдырымыз шытынап, шаруамыз шатқаяқтап кеткендей болады. Бірақ сол шытынаған жерден Алланың сәулесі сыналап кіретінін ұмытпайық. Әрбір істің қайыры бар деген сөздің астарында осындай дүние жатыр. Дүние байлығы барлық қиындықтардан құтқармайды, керісінше басқа қиындықтарды туындатады. «Дәулет келерінде тойға келген қыздай, Кетерінде қолға ұстаған мұздай», – дейді бабаларымыз. Байлықты көп қуған жерде бақыттың басы қисаяды. Бақтың қонғанын біле бермесек те ұшқанын, теріс айналғанын жақсы сезінеміз. Өйткені, байлық қуамын деп ұшырып алған бағымыздың орнына кедейлік есік қағып тұрады.

Бұл жолғы кедейлік – мүліктің азайғандығынан емес, қомағайлықтың артқанынан. Нәтижесінде дүниеге деген құмарлық жеңіп, адамға деген сүйіспеншілік жеңіліп, ақылға деген қажеттілік жерленді. Абайдың: «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оның қосыңдар» дегенінің астарында осы дүние жатыр. Егерде сіз Алла жаратқан болмысыңызды сақтап өмір сүрсеңіз ешқашан кедей болмайсыз.

Ал егерде адамдардың пікірімен санасып өмір сүрсеңіз ешқашанда бай болмайсыз. Өйткені, көпшіліктің көңілінен шығамын деп, көбінен озамын деп қымбат дүниеңізді жоғалтасыз. Мына жалған дүние – өмірге келгенімізде не алып келдің деп тексеріп, кетерімізде менікін таста, қалай келдің солай қайт деп жалаңаш жібереді. Дүниенің дүниесін өзіне тастап кетеміз. Кедейлік те, байлық та ешкімнің маңдайына мәңгілік жазылмағаны жайында Майлықожа бабамыз «Жаман, жақсы Алланың, болады ісі қалаған. Дәулет көшіп біреуден, біреуге қонар жаңадан», – дейді. Алла тағала байлыққа лайықты адам мен лайықсыз адамды білуші әрі байлық беріле қалса жағдайы қандай болатынынан хабардар екендігі жайында бізге жеткен бір мысалда хазіреті Мұса пайғамбар Аллаға: «Ей, Алла, маған өз достарыңның бірін көрсете гөр», – деп өтініш айтады. Алла тағала: «Пәлен жердегі қирандыға бар, сол жерден менің достарымның бірін көресің!», – деп жауап береді. Хазіреті Мұса Жаратушы нұсқаған жерге аттанады. Сол жерден ол бақытсыз, әлсіз, қаусаған қарияны жолықтырады. Мұса қайтадан Аллаға мінажат етіп: «Ей, Алла, маған басқа бір досыңды көрсетші!» дейді. Көп күттірмей: «Пәлен деген сарайға бар, сол жерден менің өзге бір досымды көресің», – деген жауап келеді. Хазіреті Мұса сарайға кірген кезде, оның ішінде патшалардай уақыт өткізіп жатқан адамдарды көреді. Сол кезде: «Біздің басқа достарымыз осы» деп Алла аян береді. Ғибадат ету уақыты келгенде Мұса: «Ей, Құдай, неге бір досың сонша кедей, ал екіншісі дәулетті?», – деп тағы да сұрақ қояды.

Алла тағала: «Мына досымның игілігі кедейлікте. Егер оны ауқатты адамға айналдырсам, оның жаны күнәһарлыққа батады. Мен өз пенделерімнің жанын жақсы білемін. Мұқтаждықта өмір сүріп жатқан пенделерім өз-өзімен масайраған пенделерден артық, өйткені кедей пенделер – хақ тағаланың пәрменімен еркін жаратылған», – деп жауап береді. Яғни, «біз құдайға не жаздық, құдай бізді ұмытты» деген ойдың өзі дұрыс емес. Байлық Алланың жақсы көретініне дәлел болмайды және адамның кедей болуы Алланың азабына ұшырағандық емес. 

 

Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

0 пікір