АДАМДАРДЫ ЖАҚСЫ КӨР, ОНЫ ЖАСЫРМА
АДАМДАРДЫ ЖАҚСЫ КӨР, ОНЫ ЖАСЫРМА
08.04.2021 09:09
300
0

Мұсылманның ең басты қасиеттерінің бірі – оның өз бауырлары мен достарына деген жоғары сүйіспеншілік сезімі. Бұл ешқандай да бөтен мақсаттар мен ішкі есептерге құрылмаған шынайы туыстық сезім. Егер сіз жаныңызға жақын жандарды жақсы көрсеңіз, оны міндетті түрде өзіне айтып, білдіріңіз, ішіңізде бүгіп, жасырып қалмаңыз.

Мұсылман бауырыңды жақсы көргенің – Алланың сені жақсы көретіндігінің белгісі. Бір адамды оның мансабы, ақшасы, атағы, танысының көптігі үшін емес, оның бойында Алла Тағала жақсы көретін қасиеттері болғаны үшін жақсы көріп, жақын тұтқандарды Алла Тағала жақсы көреді. Бұл – Алла разылығы үшін болған мәртебелі махаббат. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): 

«Мүміндер бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне мейірімділік танытуда және бір-бірлеріне сүйіспеншілік көрсетуде бір дене сияқты. Ол дененің бір мүшесі мазасызданса, дененің басқа мүшелері де ұйқысыздықтан мазасы қашады» (Муслим) деген.

Жүректің тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Жүрек қай кезде тыныштық табады? Алланы жиі еске алғанда, біреуге жақсылық жасап, қуантқан кезде, қолыңызда бар нәрсені өзгемен бөліскен кезде. Оң жаққа қарасаң да, сол жаққа қарасаң да, қиналған жанды көресің. Әр үйде өмірдің тауқыметін тартып, көз жасын төккен жан бар. Қиыншылыққа төзіп, сабырмен күн кешіп жатқандар да жоқ емес.

 Көшеде, қоғамдық көлікте, кез келген ортада жаны жабырқаған жанды көрсең, қолыңнан келгенше жұбатуға тырыс. Айналаңызға қараңызшы, бірі мейірімге мұқтаж, бірі ішер асқа, енді бірі киер киімге зәру. Сіздің ескіріп қалды деген киіміңіз басқалар үшін жап-жаңа, жылы киім болуы мүмкін. Күн сайын қолданудан тыс қалған бағалы тағамдар, тіпті нанның үзімі болсын, ол басқа жандардың армандаған асы болуы мүмкін. Өзіңізден артылып қалған асты, өзіңіз енді кие алмаймын деген киімдерді жаны жабырқау жандарға сыйлап, қуантыңыз.

Бір үзім нанға мұқтаж жанға қолыңда бар азықты ұсын.

 Мейірімге мұқтаж жандарды жылы сөздеріңмен баурап ал.

Айналаңа қал-қадеріңше жақсылық жасауға тырыс. Ниетің мен пейілің түзелген сайын Алла хəліңді жақсартады. Өзгеге жақсылық ойлаған сайын жақсылық саған ойламаған жерден келеді. 

 

 

0 пікір