«ӘБУ ХАНИФА Р.Х АҚИДАСЫ!»
«ӘБУ ХАНИФА Р.Х АҚИДАСЫ!»
02.07.2021 11:11
549
0

Әбу Ханифаның ақидасы деген басқа бір ақида жоқ. Ол шатастыру үшін айтылған  қаскөйлік. Имам Ағзам ақида саласын фиқһ саласы секілді жүйелеген жанның бірі һәм бірегейі. Өкінішке орай әл-мисақтан мұсылман халқы болсақта ақиқатты терең түсінген аталарымыздың сара жолының даралығын түсінбей жатуымыз бізге сын. Оны тиімді пайдаланушы жат ағымына ергендер өз мақсат-мүдделеріне оңай қол жеткізуде. Бір қарапайым мұсылманға басты айтатын уәждері:

«Ата-бабаң адасқан» немесе «Сенің иманың дұрыс емес, амалың толған бидғат» - деп дүрсе қоя береді. Ал өзі ілімін шыңдап ақида/сенімінің іргесін қымтап бекітіп алмаған бос белбеу жанға бұл айтылғандар үлкен соққы болып сенделтіп жібереді. Ол онымен қоя салмай, есін жиғызбай төмендегі аятты қоса айтқанда есеңгіреп тұрған кісі бірден оныкін жөн санап көзін ғана емес көкірегін шел басады.

 Оқитын аятының мағынасы:

 «Оларға, Алланың түсірген Кітабына еріңдер, (соны ғана басшылыққа алыңдар) делінсе, олар: «Жоқ, біз ата-бабаларымыздан не көрсек, соған ғана ереміз» - дейді. Сонда шайтан оларды (адасқан аталарының жолына түсіріп) жалындаған тозақ отына шақырып жатса да ма?!» (Лұқман – 21 аят) делінген аятты өз бетінше оқып талдап береді. Айтушы өзі арапша танымауыда бек мүмкін, ал арапша білмейтіні анық. Ал ақиқатында сауаты бар адам үшін бұл аят көзі мен көкірегі қатар соқыр ашық кәпірлер үшін түсірілген еді. Оны брат көкеміз намазханға айтып дәлел-дәйек еткені неткен сорақылық деңізші?!

Сондай-ақ олар біз «Құран, Сунна» мен ғана амал етеміз, «Мәзһаб» дегенің бидғат деп соғатынын қайтесің? Ал дәл солар секілді ойлайтын болсақ яғни мәзһаб болмаған болса, сол Құран және Сунна да бізге жетпес еді ғой. Тіпті Имам Ағзам өмір сүрген кезде «Сахих Бұхари» жоқ екенін қалай ойлай алмайды деші?!

«Құран, Сунна» мен жүреміз яғни ақидамызда сол деу арқылы имандағы «Матуриди мен Әшғари»ді амалдағы төрт мәзһаб әсіресе «Ханафи»міз дегенге қырғидай шүйлігеді. Білмейтін кісіге сонда сен «Құран, Сунна»дан адамның көзқарасын артық санайсың ба? Ол да пенде ғой қателесуі бек мүмкін дейді. Дұрыс. Демек өз шайхтарыда пенде екенін мүлде ұмытпау керек еді ғой. өкінішке орай олар оңай жалтарады. Ибн Тәймия және Мұхаммед бин Абдулуаһһаб амалда ханбали мәзһабын ұстанғанын көбі білмейді. Білетіндер мүлде айтпайтын сықылды.

Қысқасы біз «Матурудиміз» дегенде сол әһлус-сунна уәл-жәмаағаның сара жолында екендігімізді айтамыз. Қайнар бұлағымыз «Құран мен Сунна» екендігінде титтейде күдік, күмән жоқ, шүкір. Имам Матуруди бастап барлық имамдар Имам Ағзам (рх) – тың «Әл-Фиқһул Әкбар»ынан сусындағаны ақиқат. Ал, Имам Ағзам сахабаларды көрген Тәбиғун екенін жұрттың бәрі біледі. Яғни пайғамбар жолынан титтейде таймаған дара тұлға. Ол кісі жайлы төмендегі аятты келтіріп әңгімені бұйыртса түйіндейін.

«Ол (кітап иелеріне жатпайтын, хат танымайтын) үмми қауымға өз ішінен бір елші жіберді. Ол елші оларға (Алланың өзіне уахи еткен) аятарын оқиды, оларды (яғни ой-саналарын теріс түсініктерден, жүректерін жалған сенімдер мен күнә атаулыдан) арылтады, сондай-ақ оларға (Алла түсірген) кітап пен хикметті (яғни өзінің сүннеті арқылы Құранның мән-мағынасын) үйретеді. Әйтпесе олар бұған дейін анық адасуда еді (2). Сондай-ақ (Алла оны әлгі үмми араптарға) әлі қосыла қоймаған басқа қауымдарға да (пайғамбар етіп) жіберген...(3). (Жұма сүресі - 2-3 аяттары)

Жоғарыдағы аят нәзіл болғанда  сахабалардан біреуі «Сондай-ақ (Алла оны әлгі үмми араптарға) әлі қосыла қоймаған басқа қауымдар»   мұндағы басқа қауымдар деген кім деп үш мәрте сұрағанда Дара елші басын ол кісіден бұрып жауап бермейді. Төртінші мәрте қайталап сұрағанда Әз елші жан-жағына қарап Сәлман Париси рһ-тың иығына қолын қойып:

«لو كان الإيمان عند الثريا لنا وله رجال من هاؤلاء» Мағынасы: «Егер иман сурая (үркер) жұлдызында болса да, бұлардың ұлтынан сондай адамдар келеді де ілімді сол жерден алады» деген (Муслим). Ілімді деп алғаным, басқа бір риуаятта " العلم" ілім деп келген.

Міне Сәлман Париси рһ-тың иығына қолын қойып тұрып осылардың ұлтынан дегенін де, Тұлға елші баста Әбу Ханифа рх-ты айтқанын Шәфиғи мәзһабын ұстанушы үлкен ғалым Имам Суюти атап өткен. Имам Шәфиғи рһ-тың да «Адамдар фиқһ саласында Имам Ағзамның ұрпағы болып табылады» - деген сөзі бар.

Міне қысқасы Имам Ағзам, Имам Матуруди және Әшғари немесе Тахауи һәм Нәсәфи дегенде біз тек атында ғана өзгеріс бар екенін білеміз. Ал заты сол бір Тәухид тұнық сенім, мөлдір иман екендігін айтып, Аллаға сансыз шүкір, Пайғамбарға да сансыз салауат айтып, ғалымдарымызға рахмет тілейміз.

Алла ел жұртты адасудан һәм шатасудан сақтасын!

 

«Мұса-Мырза» мешітінің ұстазы

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

0 пікір