ЗЕРТТЕУГЕ ТИІС ӨМІР ДЕҢГЕЙЛЕРІ
ЗЕРТТЕУГЕ ТИІС ӨМІР ДЕҢГЕЙЛЕРІ
11.09.2020 10:07
261
0

1.Өмірде ең маңыздысы – ол сенің ет жақындарың. Әрқашан оларды бірінші орынға қой. Ет жақының жұмыстан, әуестіктен, компьютерден мың есе артық. Оларды сенің бүкіл өмірің деп бағала. Себебі, шын мәнінде солардан бағалы ешкім де, ештеңе де болмайды.

2. Заттың бәріне шаң қонады. Затқа жұмсаған уақытың мен ақшаң бір күні түбіңе жетеді. Неғұрлым зат аз болса, соғұрлым еркінсің, азатсың. Ақылмен сауда жасап үйрен.

3. Өмірлік тәжірибе – өмірдің мәнін кіргізетін маңызды дүниенің бірі. Адамның бәрі көреген, өзіне-өзі қожа, сенімді болуға тырысады. Дегенмен, кейде көрегендігіміз – бұл біздің жылдар бойы жинаған тәжірибеміз боп шығады. Мол тәжірибе жинағандар көптеген кедергі мен өмірлік сынақтан өткендер. Сол себепті, аға буынның тәжірибесі кім үшін болса да маңызды. Олардың айтары өмірлік сабақтардан алынған – сондықтан өте құнды.

4. Өмір – қазір қолда барың. Адам әркез ерекше бір бақытты күтеді. Оның бәрі келешекте болмақ. Бірақ қазіргі сәтті ұмытып кетеміз. Қазіргі сәтпен өмір сүріп үйрен. Келешекте анау болады, мынау болады деп өзіңді алдарқатуды қой.

5. Қорқыныш – бұл елес. Біз қорыққан дүниенің көбі орындалмай қалып жатады. Орындалса да, біз қорыққандай құбыжық болып шықпайды. Көпшілік адам үшін қорқыныш – болуға тиістінің ең сорақысы сияқтанады. Шынайы өмір соншалықты қорқынышты емес.

6. Қарыз алма. Ақшаны мұқтаждығыңа қарай жұмса. Еркін өмір сүр. Қарыз өмір сүргізбейді.

7. Сенің балаң – сен емес. Баланы дүниеге келтіріп, өз-өзіне келгенше көмектесесің. Білім бер, жақсы көр, қолда, бірақ өзгертпе. Әр бала ерекше. Сондықтан өзіне сай өмірді сүруі тиіс.

8. Достық көңілге байлаулы. Достықты сақта. Қолдан өсірген гүл сияқты бапта.

9. Адамның жасы – тек сан ғана. Жасың 20 болғанда ғана 50 жас – бұл сұмдық деп ойлайсың. Ал жасың 50-ге келгенде өзіңді 30 жастағыдай сезінесің. Адамның жасы өмірге деген көзқарасын анықтауы тиіс емес. Жан дүниең цифрға тәуелді боп қалмасын.

10. Бояма өмір елмен араға қабырға тұрғызады. Өзгеге ұнау үшін өзіңді құбылту бекер. Көбіне ойнаған образыңның ар жағынан шынайы болмысты көріп, ел сырт айналады.

11. Дене шынықтыру – бұл күш. Әр адам дене шынықтыруды салтқа айналдыруы тиіс. Бұл адамның денесін ғана емес, рухын да, көңіл күйін де шынықтырады. Оның үстіне сыртқы әлпетіңді, сымбатыңды сақтауға көмегі көп. Дене шынықтыру – кез келген дерттен сақтайтын дәру.

12. Реніш қайғы сыйлайды. Еркіне жіберу керек. Одан құтылудың басқа дұрыс жолы жоқ.

13. Құмарлық, ынта-ықылас өмірдің сәнін кіргізеді. Өзіңе ұнайтын бір іспен айналыссаң, әр күнің мереке. Не ұнайтынын білмесең, тезірек анықтауға күш сал.

14. Саяхат үлкен тәжірибе береді. Сана-сезімнің көкжиегін кеңейтеді. Саяхат адамды қызықты, дана, көркем етеді. Бөтен жұртпен тез тіл табысуды үйретеді. Өзгенің әдеттерін, мәдениетін қабылдауға бейімдейді.

15. Сенің ойың әркез дұрыс бола бермес. Кез келген сұрақтың жауабын білетіндей көрінеміз. Дегенмен, бізден артық білетін біреу табылатыны сөзсіз. Осыны ұмытпа.

16. Бұл да өтеді. Өмірде не болып жатса да, ол өтпелі. Уақыт емдейді. Заттар өзгереді.

17. Неге лайық екеніңді өзің ғана шешесің. Мақсатсыз өмір іш пыстырарлық. Сен үшін не маңызды екенін шеш. Соны өмірлік темірқазық етіп ал.

18. Көбіне тәуекелге бару – бұл жақсы. Өмірді өзгерту үшін нар тәуекелге бару керек. Ойланып, шешім қабылдау әрдайым өсіп отыруға жол ашады.

19. Өзгеріс әрдайым жақсылыққа бастайды. Өмір өзгереді. Оған қарсыласу бекер. Өзгерістен қорықпау керек. Ағынмен ағып көр. Өмірді саяхат деп қабылда.

20. Ой өздігінен орындала салмайды. Күніне миыңда мыңдаған ой алмасады. Көбі жаман ой, негатив. Оларға сенбе. Бар болғаны ой ғана. Өзің көмектеспесең, олар орындалмайды.

21. Өзгені бақылап, ырқыңда ұстай алмайсың. Айналамыздағы адамдар біздің айтқанымызды істесін деп өзеурейміз. Бірақ шын өмірде біз өзгелерді өзгерте алмаймыз. Әр адамның ерекшелігі мен еркіндігін құрметте.

22. Сенің тәнің – ғибадатхана. Елдің бәрі денесінің бір мүшесін жақтырмайды. Бірақ адамның қолда бар шынайы байлығы – тәні ғана. Оған құрметпен қара. Қамқорлық жаса. Ішімдік ішпе, темекі тартпа. Дұрыс тамақтан. Саламатты өмір салтын жүргіз.

23. Сенің қолыңнан бәрі келеді. Басыңда қандай ой туса да, сен оны жеңе аласың. Өзің ойлағаннан да көреген, мықты бола аласың. Бұл сынақтан да өтіп, ары қарай өмір сүре бересің.

24. Алғыс адамды бақытты етеді. Алғыс тек арналған адамды емес, алғыс айтқанды да бақытты етеді. Сен үшін жақсылық жасаған әр жанға алғыс айтуды ұмытпа.

25. Түйсігіңді тыңда. Ой деген маңызды. Бірақ түйсік – сенің супер күшің! Ол кез келген түйінге тәжірибең мен өмір сүру салтыңды қолданады. Кейде өздігінен белгі беріп жатады. Тыңда.

 

26. Өзіңе деген адалдық – бұл еркіндік. Өзіңе адал бол. Өзіңді алдау – өзіңді соқыр етумен тең.

27. Идеал деген қауіпті. Перфекциoнизм өмірді тым қарабайыр етіп жібереді. Адамның адамнан айырмашылығы мен кемшілігі – бізді ерекше ететін қасиеттер. Соны ұмытпа.

28. Өмірлік мақсатыңды табу үшін әрекет қыл. Ол сені өзі іздеп келмейді. Оған көмектес. Мақсатыңа жету үшін барыңды сал.

29. Ұсақ-түйектің бәрі маңызды. Бәріміз де жеңіс пен жетістікке ұмтыламыз. Кейде соның бәрі ұсақ-түйектен құралатынын, көзге көрінбес қадамдардан басталатынын естен шығарамыз. Сол қадамдарды бағала.

30. Оқы, ізден. Үздіксіз ізденісте бол. Егер әлемдегі күллі бар заттың 1% білем десең, қатты қателескенің. Күн сайын біліміңді жетілдір. Әр түрлі заттармен таныс. Білім адам миын тіпті қартайған соң да сергек сақтайды.

31. Уайымдау бекершілік. Тек мәселенің шешімін тапқанда алаңдауға болады. Уайымның табиғаты ештеңе бермейді. Уайым сананы сарғайтады. Жағдайды шешпейді. Уайымды ауыздықтап, одан тез құтылудың амалын қарастыр.

32. Жан дертіңді емде. Өткен шақтың дерті бүгіннің елесіне айналмасын. Жоқ, түк әсері жоқ деп өзіңді алдама. Жақын адамдарыңның қолдауына сүйен.

33. Неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым жақсы. Өмірде түйткілдер, қиындықтар, күрделі жағдайлар, мағынасыз міндеттер көп. Соның бәрі өмірді қиындата береді. Қарапайым өмір шын қуаныш пен көңілің түскен іспен айналысуға мүмкіндік береді.

34. Не істесең де, артығымен істе. Егер өмірде жетістікке жеткің келсе, жұмыс істеуге тура келеді. Әрине, өмірде сирек болса да кездесіп тұратын тосын жағдайлар болады. Дегенмен, өзіңе сеніп өмір сүр.

35. Ешқашан кеш емес. Кеш дегеніміз тек тырысуға ерінгеннің ақталуы. Мақсатқа кез келген жаста жетуге болады.

36. Әрекет торығудан құтқарады. Кез келген әрекет – уайымнан, торығудан, алаңдаудан, жалқаулықтан құтқарады. Ойлана бермей, әрекет қыл.

37. Ырым-тыйымнан арыл. Қоғамдық пікірге байланба. Кез келген мүмкіндік пен идеяға ашық бол. Адам өзі бас тартпаса, өмір қаншама мүмкіндік ұсынатынына қарап таң қаласың.

38. Cөздің киесі бар. Айтпас бұрын ойлан. Адамды ренжітуге сөз шығындамауға тырыс. Ренжітсең, артқа жол жоқ екенін ұмытпа.

39. Осы сәтпен өмір сүр. 90 жасқа келген адамның қанша күні қалды екен? Әр күніңді бағала.

40. Махаббат – бұл кез келген сұрақтың жауабы. Махаббат – жер бетінде жүруіміздің басты себебі. Әлемді тербетіп тұрған күш. Сүйіспеншілігіңмен күн сайын бөліс. Әлемді жарқырата түс.

 

Ольга Валяева

Аударған Шынар Әбілда

0 пікір