Үйлену - Алланың ұлы заңы
Үйлену - Алланың ұлы заңы
06.04.2015 15:48
15161
0
www.muftyat.kz
Абдусамад Оқан

     Бүгінгі таңда үйленуге тиісті көңіл бөлмей, отбасын құруды кешіктіріп жүрген жастарды көп көреміз. Олардың арасында, жасы толып, ақылы мен  мал-дүниесі  жетіп тұрса да некеге жеңіл қарайтындар да кездеседі.  Сондықтан үйленудің мән-маңызына әл-қадарымыз келгенше тоқталып өтпекпіз.
Неке – шариғат ілімінде үйлену, келісу, қосылу, бірігіп өмір сүру деген мағыналарды білдіреді. Ол кеше немесе бүгіннің ісі емес, сонау атам заманнан бері жалғасып келе жатқан жаратылыстың заңы, бұрынғы бабаларымыздың жолы. Әрбір ата-ана ер жеткен ұлы мен қызын орындарына қондырып, үйлендіріп-жайландыруға асығады. Тіпті бесіктегі балаларын жақыннан білетін иманды, парасатты адамдардың балаларына атастырып қоятындар да кездеседі. Онысы балам текті жердің қызын алсын немесе текті жердің баласына барсын деген ізгі тілегі болса керек. Ес біліп, етек жиған қыз-жігіттердің де өздеріне лайық жар іздей бастауында терең сыр жатыр.
    Жалғыздық Құдайға жарасады деген мақал әмбеге аян. Шындығында, бұл өте орынды сөз. Тарихқа көз жүгіртсек, Алла Тағала әу баста Адам атамызды топырақтан жаратқаннан кейін жалғызсырамасын, өмірдің ащы-тұщысын бірге көрсін, ұрпақ көріп өсіп-өнсін, жер бетінде халифалық міндетін толық атқарсын деген секілді көптеген хикметтермен оған өз түрінен (адам болмысының бір бөлшегі) Хауа анамызды жаратты. Бұл турасында қасиетті Құранда: «Көңілі жылып, жаны жай тапсын деп жұбайын (Хауа ананы) жаратқан ол (Алла)»[1] деп ерлі-зайыпты болу, жұп болып өмір сүру Адам ата мен Хауа анадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі қағида екенін баян етеді. Адам ғана емес-ау, бүкіл жаратылыстың аталық-аналық болып өмір сүретінін Құранның аяттарынан байқаймыз. Солардың бірінде былай делінеді: «Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк»[2]. Осыдан он төрт ғасыр бұрын Құранда айтылған ақиқат  соңғы ғасырларда ғана ғылыми тұрғыдан дәлелдене түсуде. Өсімдіктер мен жан-жануарлардың, шыбын-шіркей, жәндіктердің бәрі де аталық пен аналық болып бөлінетініне анық көз жетіп отыр. Осының бәрі кездейсоқ болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Ендеше, үйлену, тұрмысқа шығудың адамдардың ойынан шыққан кездейсоқтық емес.
    Біле білсек, отау тігіп, шаңырақ көтеру біріншіден, иманымызды шыңдау болса, екінші жағынан өз болмысымызды ұғыну. Арыдан сөз етер болсақ, Хауа анамыз Адам атамыздың бір бөлігінен жаралса, қазіргі ғылым-техника дамыған дәуірде де бала ата-анасының генінен пайда болып, ет пен сүйектен ажырап шығатыны дәлелденді. Сондай-ақ тегіміз Адам атадан тарап бірден-он, оннан-жүз, жүзден-мың, миллион, тіпті әр ғасырда миллиярдтаған адам дүниеге келіп, дүниеден өтуі кездейсоқ құбылыс іс емес. Бұнда ойланған адам үшін Алланың бірлігін, ұлылығын, құдіретінің шексіз екенін тайға таңба басқандай анық көрсететін дәлелдер бар. Құран Кәрімде: «Сендерді топырақтан жаратуы, сосын сендердің (түрлі бейнедегі) адам болып таралуларың Оның (Алланың бар және бір екенін білдіретін) белгілерінен. Оларға бойларын жылып, тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның (Алланың) белгілерінен. Сөз жоқ, мұнда ойланған елге белгілер бар»[3] деп ер мен әйелдің бір түрден жаралуы, бір-бірін сүюі, өсіп-өнуі Алланың ұлылығының дәлелі екенін айтқан. Танымалы тәпсірші Ибн Кәсир осы аятты: «Алла әйел затын басқа бір түрден (жын немесе хайуан) жаратқанда, ер-әйелдің арасында сүйіспеншілік болмас еді. Керісінше, бір-бірінен жиіркену пайда болар еді. Алланың ер мен әйелді бір түрден жаратуы – адам баласына рахым етуі»[4] деп түсіндірген. Міне, бұл айтылғандардың бәрі отбасын құрудың шариғаттағы маңызын білдірсе керек. Сондықтан жастар лажы барынша, ертерек бастарын құрап, мұсылманша отбасын құрып, бақытты өмірге қадам басса екен деген тілектеміз.

[1]Ағраф сүресі, 189-аят.
[2]«Ясин» сүресі, 36-аят.
[3]Рум сүресі, 20-21 аят.
[4]Мұхтасарү Ибн Кәсир, 263-бетте. 

0 пікір