Туыстармен жақсы қарым-қатынас -құлшылық болып табылады
Туыстармен жақсы қарым-қатынас -құлшылық болып табылады
05.10.2016 12:01
13924
0

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» деп бұйырады («Ниса» сүресі, 1-аят).

Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп былай дейді: «Уа, Алланың Елшісі! Мені жұмаққа жетелейтін, ал тозақтан алыстататын кеңес беріңізші» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)«Ол сенің Аллаға ғана құлшылық етіп, оған серік қоспауың, намазыңды кемеліне келтіріп орындауың, зекетіңді өтеуің және туған-туыстарыңмен қарым-қатынаста болуың»,– деп жауап береді. Міне, осы хадисте айтылғандарға көңіл аударайықшы. Аллаға құлшылық ету, намаз оқу, зекет өтеу Исламдағы ұлы құлшылықтар екенін мұсылмандар жақсы біледі. Ал туыстармен қарым-қатынаста болу осы құлшылықтармен  қатар айтылып тұр.

Алла Тағаланың осы дүниеде адам баласына берген сыйлықтарының бірі- бұл ағайын-туыстары. Жылағанда жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің,  қуанғанда қуанышыңды бөлісетін,  өкпелесек  назыңды көтеріп  қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз  ғана.  Адамдардың барлығы ағайын-туыстай бола бермейтіні шындық.

Тустық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған.  Әйгілі ағартушы, ғалымы Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады».Сондықтанда бала тәрбиесінде туыс-туғандарға деген мейрімділік, жанашырлық көрсетіп тәрбиелеу басты міндет. Себебі туысқандық қарым- қатынасты нығайту дінімізде уәжіп, ал олармен қарым-қатынасты үзу дінімізде қатаң тиым салынған істерден болады. Жалпы Жаратқанан шынымен қорқатындар туысқанын сыйлап, олармен тығыз байланыста болады.

Ешкім де туысқан–туғансыз, ағайынсыз емес. Барлығымызда қан тұрғысында жақын тартар ағайын, туыстарымыз бар. Тіпті қаза берсең бүкіл адамзат Адам ата, Хауа анадан тарап,  бір кіндіктен өрбігенбіз. Сондықтан да Абай атамыз иманым толық болсын десең, «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...», ақыл айтады. Түрі-түсі, тілі-ділі әртүрлі болса да тегі тұрғысынан бір нәсілден тарағандықтан Адамзатты Алланың өзі аса құрметтеп, мейір махаббатымен жаратқан. Сол мейірімнің нышаны ретінде Алла Құран аяттарында адамзаттың асыл тегін, бірі-біріне туыстығын айрықша білдіріп, нәсілшілдікті, жікшілдікті, араздықты түбегейлі тыйған.

 Туыстармен қатынас дегенді қалай түсінеміз. Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына  қатысу, арнайы іздеп бару, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді.

 Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат, тарту-таралғы жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады. Туыстық байланыс өмірді ұзартады.

Ауыз екі дамыған халық даналығында осы тақырыптарда мыңдаған маржан сөздер бар. Осыған негізделген салт-ұғым дәстүрлермен үрдістер қаншама. Мысалы: «Ағайын — ағайынның айнасы», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Ағайында өкпе бар да кек жоқ», «Ағайынның азары болса да безері жоқ», «Ағайынның ұрысы — торқаның жыртысы», «Бауыр шырын, бас тәтті», «Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең жалғыздық берер сазайды», «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме, Ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме», «Ағайыңды өкпелеткеннің үні іриді», «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың», «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жыласпа», «Ағайын тату болса ат көп, Абысын тату болса ас көп» т.с.с жалғасып кете береді.

Біздің қазақ ежелден ағайын арасында енші бөлмей, елдің бірлігі мен берекесін қатаң сақтаған, ағайынгершілікті дамытқан мұсылман елдерінің бірегейіміз. Ауыл арасындағы той-томалақтан бастап айшылық жерлердегі тумаларымыздың өлім-жітімінде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз  көптеп кездеседі.  Біздің атқарып жүрген ағайын аралық сан түрлі тамаша дәстүрлерімізді «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деп бір ауыз сөзбен ғана бекіткен елміз. Түптің түбі Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз.

Екі дүниенің бақытын ойласақ, дұғаларымыздың қабыл болуын қаласақ жақындарымызбен  жақсы қатынаста болайық.  Бүгін бар, ертең жоқ өмір. Демек, бүгін ренжіткен ағайынға ертең зар боп мәнгілікке айрырылып қалуымыз  мүмкін ғой.

Алла елімізді аман, жұртымызды тыныш қылсын!

Бақытбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 (Ертіс ауданының бас имамы)

0 пікір