ТОЛЫҚ ОТБАСЫН ҚҰРУДЫҢ МАҢЫЗЫ
ТОЛЫҚ ОТБАСЫН ҚҰРУДЫҢ МАҢЫЗЫ
27.08.2020 11:35
1893
0

Бақытты отбасын құру үшін қайткен күнде бай болу міндетті емес. Отбасылық тәрбиенің жақсы сабақтастығы үзілмеуі шарт. Қазақтар дәл осы сабақтастыққа қатты мән берген. Ұлына текті, тәрбиелі жерден қыз алып берген. Шаңырақ тәрбиесін үзбеу үшін, сенімді, ұлағатты отбасының қызына ұлын ертерек атастырып қоятын болған. Сөйтіп, отбасылық тек-тәртіптің сақталуына айрықша мән бер­ген. Өйткені, тексіз-тәрбиесіз, көр­генсіз келін шаңырақтың ішкі тәртіп-тәрбиесін бұзатын болғандықтан, осы жайдан қатты сақтанған. Алда-жалда кейбір тәрбиесі осалдау жас келін табалдырық аттаса, емендей енелері сыртқа дымын білдірмей, өз өнегесін үйретіп, тәрбиелеп алып отырған. Қазақ халқының ХХІ ғасырға де­йін аман-­есен жетуі – байырғы берік от­басылық тәрбиенің әсері. Түрік педагогы Мұстафа Ергаш өзінің бір еңбегінде: «Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су пайда болады. Су – өмірдің нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады. Оттегі мен сутегі ажыраса, одан пайда болған газ жанып кетеді. Күлі де қалмайды. Сол сияқты, отбасы ажыраса түк те қалмайды», депті. Ал Абай атамыз болса, толық адам дәрежесіне жетпей толыққанды өмір сүру мүмкін еместігін алға тартады. Ол кісі өзінің отыз сегізінші қара сөзінде толық адам болудың сипаты жайлы «Құдай тағаланың ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» десе, үнді ғұламасы Жавахарлал Неру «толық тұлға басқарған отбасы – толқыны басылған теңіз сияқты» депті. Толық адам өзінің пенде екенін ешқашан ұмытпайды. Үнемі осал тұстарын толықтырумен болады. Қазақ «кемшілігін білген адам – кемел адам» деп бекер айтпаған.

 

Бекен КАЙРАТҰЛЫНЫҢ  парағынан алынды

 

 

0 пікір