ШАҢЫРАҚ ҚАЛАЙ ШАЙҚАЛАДЫ?
ШАҢЫРАҚ ҚАЛАЙ ШАЙҚАЛАДЫ?
13.08.2020 12:08
329
0

Шаңырақ шайқалу – қазақ ұғымында ауыр қасірет. Мемлекет қауіпсіздігі мен елдің береке-бірлігіне қатер төнсе «шаңырақ шайқалды» дейміз. Шаңырақтың шайқала бастауын қарапайым жұрт байқамайды, көп жағдайда алданып қалады. Тіпті кейбіреулер «халқымызға жақсылық жасап жүрміз» деген ниетпен шаңырақ шайқалуына қызмет етіп жүргенін білмей қалуы ғажап емес.

Өйткені, шаңырақ шайқайтын іс басталған жерде адам ақылға емес нәпсіге еріп кетеді. Нәпсі қалауына ерген адам – жаман мен жақсыны, зиянды мен зиянсызды ажырата алмайды. Нәтижесінде бүтін қоғам бүлінеді. Осындай алмағайып оқиға туа қалған жағдайда: халық ақ пен қараны ажыратып түсінсе – пайдасы өзіне, егер де ажырата алмаса, пайдасы жауына. Берекесіздік немесе бүлікке құмартушылардың дені – жүйе өзгерсе, бақытқа кенелеміз деп армандайды. Түк те олай емес. Яғни, төңкерістік жолмен билікті өзгерту – екінші біреулердің билікке келуіне жол ашу ғана.

Жалпы бүліктің тамыр жая бастағанын аңғару адамдардың сұңғылалығы мен аңғарымпаздығына байланысты. Абайдың сөзімен айтқанда, «жүректің көзі» барлар аңғара алады. Яғни, бүлік-фитна тұман басқан биік тау сияқты, оны көрмей қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл мәселе жайлы Хузайфа дейтін ғалым «Бүлік-фитна ақиқат пен жалғанды айыра алмайтын адамдарға келеді» депті.

Көп жағдайда бүлікке бүлікқұмар адамдар ілеседі. Бұл жайлы ибн Қайым деген кісі: «Кездейсоқ немесе күмәнді бастамалардың артынан еріп жүрген адамдардың ақылы мен білімі өте әлсіз деп айтуға болады. Аяғында нық тұратын, ақыл-даналығы бар адам көрінген бастамалардың артынан ере бермейді. Жүректері әлсіз, ауытқып тұратын адамдарды жалған нәрсе қызықтырып, өзіне тартып тұрады», деген екен.

Сөйтіп, адамдар асығыстық танытып, күмәнді бастамаларға еріп кетеді де, тыныштықтан айырылады. Адам аяғына нық тұрып, асығыстық танытпаса және күмәнсіз дұрыс шешімдер қабылдаса, сол қоғам, сол орта, сол қауым, сол мемлекет нағыз жетістікке жетеді.

Абай атамыз өзінің 14-ші қарасөзінде: «Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын ісі» депті. Бабамыздың осы пайымын қазіргі күн ахуалына қарай тәпсірлесек, әлеуметтік желілердегі «тисе терекке, тимесе бұтаққа» бағытталған айқай-сүрең, бүгінгі өміріне разы-қош емес әсіре «батырлар» әрекеті сөз жоқ «айда, батырлатулар». Басқа ештеңе емес. Сөйтіп, айда батырлатамыз деп жүріп «жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бо¬йын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» (Абай).

Мысалы, соңғы кездері ақпарат көздерінде жарияланған мақалаларға пікір білдіру алаңы (комментарий жазатын жер) ақиқатты жұлмалайтын қасапқа айналды. Яғни, бұл іс шындықты көлегейлеп қауымның миын шайқап жатыр. Миы шайқалған қауымның – шаңырағы да шайқалады. Мысалы, ұйып бара жатқан айранды сәт сайын шайқап тұрса, қайтеді. Ұйымайды. Іріп сарысуға айналып кетеді. Дәл осы сияқты тыныш өмірді қайта-қайта шайқай берсе, ол да іриді.

Осы орайда жазбамызға тұздық боларлық мына бір тәмсілді келтіргеніміз жөн сияқты. Ертеде дәулетті адам құл сататын базарға барып, аса сымбатты, сом денелі құлға көзі түседі. Бағасы да арзан. Сатушы айтады: «Мынау он адамның жұмысын жалғыз атқарып, бір адамның тамағын жейді. Айы¬бы – бүлік ұйымдастырудың қас шебері, егер қорықпасаңыз алыңыз» дейді.

Дәулетті адам ойланады: «Құлдың қолынан не келер дейсіз, оның бер жағында, әулетімнің берекесі бұған алдыра қоймас». Құлды сатып алады. Айтса айтқандай, ол жұмысты жапырады, бау-бақшаны гүлге бөлейді, ауылды айналдыра тоған қазып су келтіреді, малды бағады, отты жағады…

Арада бірнеше жыл өткен соң әулеттің ішкі жайына қаныққан құл бүлікті бастайды. Байдың көрікті, ибалы, иманды жас әйелі бар екен. Бірақ бала таппаған. Бай ұзақ сапарға аттанды. Осыны пайдаланған құл әйелге келіп: «Ханым, байекең басқа әйел іздеп кетті, жас тоқал алмақшы, оны менен басқа ешкім білмейді» деп көлгірсиді. Жас әйел қапаланып жатып қалады. Құл қайта келіп: «Ханым, бұдан шығатын жол бар, сіз маған сеніңіз, мен сиқыр оқуын игерген жанмын, бүгін күйеуіңіз келеді, ол ұйықтағанда қасына білдірмей барып, үш тал сақалын кесіп алып маған беріңіз, мен сиқыр жасап оны кетпейтін етейін» дейді. Әйел көнеді.

Бай сапардан оралады. Құл алдынан шығып еңірейді: «Байекем-ай, қайран байекем, сен жоқта әйелің бір жігітпен көңіл қосты, олар сенің көзіңді жоюға серттесті. Бүгін түнде ұйықтаған болып сақ жатыңыз, әйеліңіз сізді бауыздауға келеді» дейді. Бай сенер-сенбесін білмей, аңтарылып не болса да байқап көрмекке төсегіне қисаяды. Ұйықтаған болып ала-көбеңде бақылап жатады. Әйелі қолында өткір кездігі бар кіріп келеді. Пышағын жалаңдатып, тура тартады. Бай «қап, бәлем» деп атып тұрып, оның қолындағы пышақты жұлып алып, әйелді бауыздап жібереді.

Осылай бүлік басталады. Әулеттің шыр¬қы бұзылады. Күнде өлім. Көп адам қазаға ұшырайды. Мұны кім ұйымдастырып жүр ешкім білмейді. Суық хабар жан-жаққа та¬райды. Жоғарыда құлды сатқан адам пәленің қайдан шыққанын сезеді де, ¬әдейі¬леп келіп, әлгі оны өлтіреді. Халықты ¬жинап, «сендердің береке-бірліктеріңді бұзып, көп адамның өліміне себепкер болған -мынау адам» дейді. Сонда барып халық есін жиған екен.

Абай атамыздың:

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, – дегеніндей, бүлік пен берекесіздіктен алыс болайық ағайын!

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

 

0 пікір