СЕНІҢ КҮЙЕУІҢ ҰРЫП СОҚҚАН ОЛ АДАМ – МЕНМІН!
СЕНІҢ КҮЙЕУІҢ ҰРЫП СОҚҚАН ОЛ АДАМ – МЕНМІН!
09.01.2020 17:08
1110
0

Мінезі жайдары қыз бір жігітке тұрмысқа шығады. Үйлену тойларын өткізіп, үйлеріне қайтады. Үйде қалыңдығы күйеуіне кешкі ас әзірлейді. Отырып, міне жейміз деп тұрғанда, біреу тынымсыз есікті қаға бастайды. Екеуі де қатты таңданады. Күйеу жігіт:

 «Той күні дәл мына уақытта келіп, мазаны алу барып тұрған әдепсіздік қой», деп ішінен ойлайды.

 Есіктің қасына барып, ол:

«Бұл кім?» деп сұрайды. Есіктің сыртынан біреу:

 «Мен бір бишара қаусаған шалмын. Қарным өте аш. Аздап тамақ сұрап келіп тұрмын», -деп жауап қайырады. Жігіт ызаланып, есікті ашады да, әлгі адамды ұрсып, ұрып қуып жібереді. Жігіттің қатыгездігі мен қатты соққысынан жарақаты қатты сыздаған  байғұс шал аш күйі  бұрылып кетеді.

Жігіт есікті құлыптап, жарының алдына оралады. Бірақ, күтпеген жерден бір ғажап жағдай орын алады. Жігіт кенеттен жын соққандай айғайлап  шыға келеді де, әр жерде бір отырып жылай бастайды. Жаңадан тұрмыс құрған келіншегіне қарамай қояды. Әйелі де бұл жағдайдан қатты қорқады. Ал жігіт болса үйден шығып, тентіреп кетеді.

Сөйтіп жас келін төркініне қайтып оралады. Күйеуіне не болғанын, оның қайда жүргенін ешкім білмейді. Ол із-түссіз жоғалып кетеді. Сол бойы қайтып келмейді.

Арадан 14 жыл уақыт өтеді. Бір кісі тұл әйелге құда түсіп келеді. Қыз да, оның әке-шешесі де некеге келісім береді. Той өтіп, ерлі-зайыптылар өз үйлеріне барады. Зайыбы күйеуіне ас әзірлей бастайды. Сол кезде есікті біреу тақылдатады. Күйеуі есікті ашуға барып,  есіктің алдында тамақ сұрап келген бір бишара кісіні көреді. Үйінен бар тамақты шығарып, әйеліне:

 «Мынаны әлгі кедей адамға бер, тойғанша жесін. Одан қалғанын біз жейміз»,-дейді.

Әйелі  күйеуінің айтқаны бойынша бар асты беріп, кедейді разы қылып шығарып салады да  күйеуінің алдына көздері жасқа толып оралады. Күйеуі таңғалып, оның неге ренжігенін сұрайды. Жұбайы да басында ештеме айтпайды. Күйеуі қайталап сұрай бергеннен соң, әйелі былай әңгімелеп береді: «Есігімізді қағып, тамақ сұрап келген адам – ол 14 жыл бұрын менің күйеуім болған. Тойымыз өтіп, кешкілікте бірге тамақ жейміз деп отырған кезде, бір кедей есігімізді қағып келеді. Сонда күйеуім ызаланып, әлгі кедейді ұрып, қорлап, қуып жіберген болатын. Артынан, өзі де ауырып, үйден шығып хабарсыз кеткен еді».

Оқиғаны естіп, ері күйініп жылайды. Әйелі оған: «Неге жылайсың?» деп сұрайды. Ол: «Сенің күйеуің ұрып соққан ол адам мен едім»,- деп жауап беріпті.

Мұсылман бауырым, мұсылман қарындасым!

 Адамға адам жат емес, адам бір-біріне қонақ. Ендеше, пақыр мен кедей жандарға сараңдық етпеңдер! Күндердің бірінде сендер де солардың халіне түсіп қалуларың әбден мүмкін.

 

Арабшадан аударған:  Хасан АМАНҚҰЛОВ

 

0 пікір