Сәби сұрайтын дұға бар ма?!
Сәби сұрайтын дұға бар ма?!
02.04.2019 09:46
778
0

Мешітте қызмет жасап жүрген соң, күніне сан түрлі сұрақ, тілек, өтініш әрі сын-пікір келіп жатады. Ал ең нәзік жанға бататыны «Сәби сүйсем...» деген тәтті әрі сәтті арман мен келушілер. Сәби тілейтін дұға оқып немесе жазып беріңізші деген жандар легі жиі кездеседі. Һәм өткен хазірет, ишандарды мысалға келтіре келіп, Баянауыл болғандықтан Мәшһүр Жүсіп марқұмды көп айтатындары да айтпаса да түсінікті.

Аллаһтан барлық нәрсенің қайырлысын қалау құлдың қолынан келетін ең абзал ісі болып саналады. Біз үшін кім және не қайырлы, ненің қайыры жоқ екенін өзіміз дөп басып біле қоймаймыз. Құранда  қайырлы деп есептегеніміз кейде қайырсыз, зиянды деп ойлағанымыз қайырлы болатынын баса ескертеді. Сол үшінде Аллаһтан барлық нәрсенің қайырлысын қалап сұрауымыз қажет-ақ. Әсіресе екі өмірде деп сұрау тақуа жандардың жадынан еш кете қоймайды. Міне, сондай-ақ ұрпақтың да қайырлысын тілеп, сұрағанымыз дұрыс. Сәбилі болу бар адамның арманы, әсіресе әз ананың асыл мақсаты. Раббымыз оны Өзі солай бейім етіп жаратқан. Дегенмен кей адамдарға бала бермей сынауы бек мүмкін.

Сәбиі болмаған жұбайлар, мұның себеп-салдарын анықтап, осы жолда барлық шараны жасауға міндетті. Ал сонда да сәби бұйырмай жатса, мұны ең басты дертке айналдырып сабырсыз сары уайымға салынуға болмайды. Уақытша осы жағдай сол жұбайлар үшін қайырлы болуы ықтималдығын ұмытпаған абзал.  Бермеу бір сынақ болса беру мың сынақ екенін есте тұтқан жөн. Жалпы ұрпақ жайлы мәлімет үшін «Mazhab.kz»дегі «Ұр және бақ» атты мақалама бір көз жүгіртуіңізге болады.

Әрине, сәби қалау,сұрау қажет. Оның жоғарыда айтылғандай барлық жолын іздестіру, зерттету керек іс. Ғылыми һәм заманауи мүмкіндіктердің есігін түгел қағу жөн. Дегенмен жолын қарастырудың жөні осы деп бақсы-бәлгер, көріпкел-құмалақшы әрі бейіт-қабірлерді аралап кету мүлде дұрыс емес һәм күнәлі іс. Басы ауырып балтыры сыздаған адамның сенімі һәм сезімімен ойнап, оп-оңай ақша табушыларға саналы түрде жол беруге болмайды. Осы мәселе де ер адам өз болмысына сай іштей тынумен қатар, қателікке бой алдырмағаны жөн. Сынақтың салмағымен әйел адам бар сырын, өтініш-тілегін өзгеге ерекше егіле айтып жатады. Еркек ертелі-кеш Әлемдердің Раббы болған әл-Уәһһәәб (Сыйлай беруші) Аллаһтан ғана сұрауды жіті бақылап, жарын сол бағытқа бұрып отыруы міндет. Міне осы арқылы отбасы ерекше есепсіз сауапқа кенелері ақиқат. Күнәға батпау үшін, дұғаның қабыл болатын сәттерді қалт жібермеу қажет. Әрбір жұма, екі айт, арафа күні әсіресе рамазан айы толығымен соның ішінде соңғы он күндегі тақ түндерде дұға жасау керек. Ұрпақ тілеп еліміздегі қай мешітте болсада иғтикаф жасау басқа бір мүмкіндік қой. Сондай-ақ қасиетті жерлерге бармақ таптырмас іс. Мысалы Қағбаға қажылық жасап, оған шама жетпесе ұмра жасап  дұға ету отбасыға орасан пайда әкеледі. Өйткені ол жақта дұға сөзсіз қабыл болады әрі рухани деңгейде недәуір көтеріліп қалады. Мәсжидул-Харам, Мәсжидун-Нәбәуи және Мәсжидул-Ақсаға барып дұға тілеу әрі сауап һәм тұнық құлшылық сөзсіз тілеген тілектердің мақбұл болатын қасиетті мекендері екенін тағы қайталап қоялық.

 Ұрпақты болу мықтылық, ал балалы бола алмау айып емес. Ол әлемдердің Раббы болған дара Аллаһтың ісі һәм сынағы...

Сәби сүйе алмай қабырғалары қайысқан әз елшілер де бар. Ал ол елшілер адамзаттың ең таңдаулылары еді ғой. Ибраһим және Зәкәрия ғ.с-дарды еске алыңыз.

 Шынтуайтында отбасы құрмастан өткен Яхия һәм Иса ғ.с-дар да бар еді.

Яхия ғ.с болса Зәкәрия ғ.с – ның әбден шау тартқан шағында көзінің жасын көл қылып сұрап алған жападай-жалғыз мұрагері болатын. Ал Иса ғ.с-да анасының нағашы атасы болған Ғимранның көз жасы, көңіл-қошының қимас жалғыз тамшысы болатын. Зәкәрия ғ.с мен Ғимран бажа болатын. Ғимранға ұл емес, ұлға татырлық, әлем әйелдерінің көзайымы Мәриям анамыз берілгені есіңізде болар. Иса ғ.с сол анамыздан әкесіз туылған еді. Бұдан біз көп дүние ұғына аламыз... Адам атамыз ата-анасыз, Иса ғ.с әкесіз дүниеге келгенін қәперіңізде ұстаңыз. Аллаһ құтты «кун» яғни «бол» деген әмірін берсе бәрі болады.

Ұрпақсыз болып Аллаһқа шын жалбарынған Зәкәрия пайғамбардың қос дұғасы:  «... Уа, Раббым! Маған да өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете гөр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің» - деп мінәжат етті (әл-Ғимран сүресі 38 аят).

«... Уа, Раббым! Мені мирасқорсыз қу бас етіп, жалғыз қалдыра гөрме! (Өзіңнен басқаның бәрі пәни, бәрі өліп, өшкеннен кейін мәңгі-бақи қалатын бір Өзіңсің, сондықтан да) мұрагерлердің ең қайырлысы – Өзіңсің!» - деп жалбарынған еді (Әнбия сүресі 89 аят). 

Сонымен қатар басқа да дұға тілектер баршылық. Құранның қасиетті қысқа аяттарынан да үзінді келтіре кетелік. Бұл біздің емес ізгі жандардың сүзіп көрсеткен дұға үзінділері... Сүзіп деп отырғаным бізше айтқанда сол саланың майталман мамандары. Құранда 6236 аят бары мәлім. Ал халқымыз қарапайым тұрғыда тілге жеңіл төрт алтыны атап үйренген. Сол алты мыңнан астам әрбір аят сөзсіз дауа һәм шипа. Жер бетінде сан мыңдаған өсімдіктер бар, оның бәрі бірдей бір дертке шипа бола бермейді. Тура сол сықылды Құранның құрметті аяттарын тақуа құлдардың нұсқауы бойынша қолданған абзал. Әрине әркімнің ықыласы һәм көз жасы қосылып иленсе ол аят дәрілер ерекше күшпен құн һәм құтқа ие болары да даусыз.

Кейбір ізгі жандар оқылатын дұғаларды пәлен мәрте оқу керек деп келтіреді. Біз оны атап көрсетпедік. Тілек бізден, қабылдық Аллаһтан!

Қысқаша дұғалар:

  1. «Иннә Раббәкә һуәл-Халләәқул-Ғалиим»

«Шүбәсіз, сенің Раббың – ұлы һәм теңдессіз Жаратушы, бәрін толық білуші» (Хижр сүресі 86 аят).

  1. «Фаллаһу һуәл-Уәлиюү уә һуә юх’ий»

«... Әйтсе де, нағыз ие – Аллаһ. Өлілерді қайтадан тірілтетін де бір Өзі.» (Шура сүресі 9 аят).

  1. «Һуаллаһул-Халиқұл-Бәәри»

«Аллаһ – Халиқ (бәрін жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушы), Бәри (жаратуда ешкіммен ортақтас та, серіктес те болмайтын мінсіз Жаратушы» (Хашр сүресі 24 аят).

  1. «Рабби һәблий минәс-саалихийн»

«Уа, Раббым! Маған ізгі жандардың бірі һәм бірегейі болатын ізгі перзент бергейсің!» (Саффат сүресі 100 аят).

Ізгі тілегіміз қабыл, саналы әрі сапалы ұрпағымыз көп болғай!

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

0 пікір