ҚЫЗДЫ ҚАНДАЙ ЕР АДАМҒА ҰЗАТҚАН АБЗАЛ?
ҚЫЗДЫ ҚАНДАЙ ЕР АДАМҒА ҰЗАТҚАН АБЗАЛ?
04.03.2016 09:46
9202
0

Қызды теңіне қосу

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендерге діні мен мінез-құлқына разы болатын біреу құда түсіп келсе, оны үйлендіріңдер. Әйтпесе жер бетінде сынақ болып, үлкен бұзықтық орнайды» (Термези риуаяты). Хатим әл-Асам деген ғалым былай деген: «Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу – келген қонаққа ас беруде, мәйітті аттандыруда, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуда, қарызды қайтаруда, істелінген күнәға тәубе жасауда асығу – Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінен».

 Түп негізі мұсылмандықтан туындайтын ежелгі қазақ дәстүрі бойынша да бой жетіп тұрған қызды дер кезінде теңіне қосатын болған. Бойжеткенді кәмелетке жеткен шағында теңіне қоспаса, кейін оң жақта отырып қалып, екінші әйелдікке беруге мәжбүр болудан қорыққан. Сондықтан да, «Тұзды көп сақтама – су болар, қызды көп сақтама – күң болар» деген сөз қалған.

Алғашқы толқын мұсылмандары қызына лайықты жар таңдауда ең бірінші оның тақуалығына қараған. Оған мынадай мысал бар. Сахабалардан кейін өмірге келген мұсылмандардың алғашқы толқыны  – тәбиғин-ізбасарлар тобының көрнекті өкілі, ғұлама Сағид ибн әл-Мусәйәбтің қызын сол кездегі мұсылман мемлекетінің халифасы Абдулмәлік ибн Маруанның ұлы, тақ мұрагері Уалидке айттырғанда оған бермейді. Арада біраз уақыт өткен соң қызын өзінің Әбу Уада деген кедей шәкіртіне қосады. Үзеңгілес жолдастары Сағидтан әміршінің ұлына бермеген қызын пақыр шәкіртке беруінің сырын таңдана сұрағанда ол: «Қызым – мойнымдағы аманатым. Мен оның мүддесі үшін солай істедім», – деп жауап береді. «Сонда оның мүддесі қандай еді?», – деп сұрағанда, ол: «Сол Умайя әулетінің сарайына кіргенде қызымның жағдайы не болар еді деп ойлайсыңдар? Онда үлде мен бүлдеге оранып, биік тақта отырар еді. Жан-жағында қызметшілер мен малайлар, күңдер мен кәнизактар оған тік тұрып қызмет етіп тұрар еді. Кейін күйеуі әкесінің орнын басқанда халифаның жұбайы болып шыға келер еді. Сонда ол өзінің ұлық әміршінің жұбайы екендігін ұғынар еді. Қалай ойлайсыңдар, сол уақытта оның діні қайда қалады?!».

Жақсы жар туралы қисса

Ибраһим пайғамбардың әйелі Ажарды ұлы Исмаилмен бірге Мекке маңына апарып тастағаннан бері біраз жылдар өтеді. Исмаил көшпелі араб тайпаларының ортасында ер жетеді. Жігіттік шаққа жеткенде үйленеді.
Бірде Исмаил үйде жоқта алыстан әкесі Ибраһим келеді. Келінінен ұлын сұрайды. Ол: «Ризық іздеп кеткен», – дейді. Сосын Ибраһим одан тұрмыс жағдай-лары, тіршіліктері туралы сұрайды. Исмаилдың әйелі: «Несін сұрайсыз? Жағдайымыз қиын, тұрмыстың тауқыметін тартудай-ақ тартып жатырмыз», – деп шағымданады. Сонда Ибраһим келінімен қош айтысып: «Исмаилға сәлем айт! Мына есігінің босағасын ауыстырсын», – деп жүріп кетеді. Кешке қарай Исмаил үйіне келеді. «Үйге біреу келді ме?», – деп сұрайды ол әйелінен. Әйелі: «Иә. Бір шал келді. Ананы-мынаны сұрады. Тұрмысымыз туралы сұрады. Мен жағдайымыздың мәз емес екендігін айттым», – деп баяндайды. «Ал ол маған сәлем айтпады ма?», – деп сұрайды Исмаил. «Иә, айтпақшы, саған мына есігінің босағасын өзгертсін деп сәлем айтты», – дейді әйелі. Сонда Исмаил: «Е, ол менің әкем еді ғой. Ол маған сенен ажырассын деп тапсырыпты. Сен оған ұнамапсың. Бар, еліңе жетіп ал!», – деп әйелімен ажырасады.

Арада біраз уақыт өтеді. Исмаил басқа бір әйелге үйленеді. Бірде тағы да ұлы үйде жоқта әкесі Ибраһим келеді. Келсе үйде келіні ғана отыр екен. Ибраһим одан баласының қайда екендігін сұрайды. Әйелі: «Ол ризық іздеп кеткен», – дейді. Сосын атасы келінінен хал-жағдайларын сұрайды. Сонда келіні: «Әлхамдулилләһ – Құдайға шүкір, жақсымыз», – дейді. Ибраһим: «Жейтін тамақтарың бар ма?», – деп сұрайды. Келіні: «Бар тамағымыз – ет», – дейді. «Ішетін сусындарың не?», – деп сұрайды атасы. Келіні: «Сусынымыз – қара су», – деп жауап береді. Сонда Ибраһим: «Алла сол ет пен судың берекесін берсін!», – деп бата береді. Сосын: «Исмаилға сәлем айт! Мына босағасын берік ұстасын», – дейді де жүріп кетеді. Кешке қарай түзден Исмаил оралады. Ол әйелінен: «Үйге біреу келді ме?», – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, жылы жүзді бір қария келді. Ол сен туралы, тұрмысымыз туралы сұрады. Мен Құдайға шүкір деп жауап бердім», – дейді. «Маған ешқандай сәлем айтпады ма?», – деп сұрайды Исмаил әйелінен. «Иә, мына есігінің босағасын берік ұстасын деп сәлем айтты», – дейді әйелі. Сонда Исмаил: «Ол – менің әкем. Оның айтқан босағасы – сен. Сені жақсы ұста дегені. Яғни, сен оның көңілінен шығыпсың», – деген екен.

www.fatua.kz

0 пікір