Қари болам десеңіз…
Қари болам десеңіз…
15.11.2016 12:22
10522
0

Қари болам десеңіз…

Құранды бастан аяқ жаттаған жанды қазақтар қари дейді. Сыйлап төрін береді. Имамдыққа шығарады. Ықыласы ауып, сүйсініп тұрады. Қысқасы, бұл жалғанда сый-құрметтен кенде емессіз. Әрине, сол биікте қала алса. Қарилық тұлғаңыз. Жұрт сүйсінген сұлбаңыз. Жә, жалған деп қалдыққой жаңа. Алланың құлына деген рақымы бұл өмірдің қызығымен ғана шектелмейді әрине. Әсіресе қари құлына. Қияметте оның ата-анасына нұрдан тәж кигізіледі. Өзі өмірде жаттаған аяттарын тоқтағанынша оқып жәннаттағы дәрежесі жоғыралап жатады. Жаттағанына амалы сәйкес келсе деген үлкен шартпен.

Айтпағымыз бұл емес. Құранды жаттау екі дүниеде де тек бақытқа бастайтынын бәрі білер, мұсылманмын деген қауымның. Ал, айтқымыз келген нәрсе осы қасиетті кітапты әне-міне жаттаймын деп, жүргендерге арналады. Анығы, осы ізгі мақсатты ойына алғандар үшін кеңестер жиынтығы.

Сонымен қари болғыңыз келсе, әуелі ниет етіңіз. Ең маңызды нәрсе осы. Амалдар ниетке байланысты дейді хадисте де. Біздің қари ұстазымыз шәкірт қабылған кезде әуелі осы ниетіне қарайтын. Егер расында Құран жаттаймын деп шын бекінгенін сезсе, оның жасына, қанша пара жаттағанына деген сияқты басқа мәселелерге мән бермейтін. Айтпақшы, Құранды жаттау ниетіңіз төрде бас мүжу үшін емес Алланың разылығына жету үшін болуы ләзім екенін өзіңіз де білерсіз.

Ыждахаттылық танытыңыз. 600 бетті жаттау үшін арқаны кеңге салып анда-мұнда асыр салып шапқылауды ұмыту керек. Асқан табандылық танытпасаңыз нәтежиеге жетуіңіз екіталай. Сіз ілімге барыңызды берсеңіз ілім сізге бір бөлігін береді деген тәмсіл тегін емес.

Стиль таңдай біліңіз. Құран жаттаудың көптеген әдістері қалыптасқан. Бірақ барлығы да әуелі шәкіртке 30-параны жаттатудан бастайды. Дәл осы параны түгескесін қалыптасқан әдістермен бір танысып шығып, осы саладан хабары бар жандармен ақылдасып, өзіңізге қолайлысын таңдағаныңыз жөн.

Тауыңыз шағылмасын. Бастапқыда сіз ойлағандай нәтиже болмай жатса уайымдамаңыз. Тез жаттаудың басты ережесі көп жаттау. Алыс шақырымды жүгіру үшін алдымен жақын қашықтықтан бастау керек. Сол сияқты мида жаттаған сайын шыныға түседі. Бір жылда 2,3 параны меңгерген болсаңыз келесі жылы да дәл солай күшіңізді жұмсасаңыз бұл көрсеткішті қайталамайсыз. Себебі жаттыққан ми бұдан көп жаттағысы келеді.

Үздіксіздіктен қол үзбеңіз. Өзіңізге берілген тапсырманы күнде тапсырыңыз. Алты күн жүріп жетінші күні 7 бет жаттағаннан күніне бір бет жаттағаныңыз анағұрлым пайдалы болмақ. Рас, нәтиже бір. Десе де тасты тескен судың күші емес, үздіксіз тамуы екенін есіңізге түсіріңіз.

Арнайы қарилық медреседе оқуға тырысыңыз мүмкіндігінше. Әсілі, біз айтып отырған кеңестер медресе қабырғасында жүзеге асуы жеңіл. Себебі қарилық ортаның аурасы бөлек болады. Ал бұған мүмкіндік болмаса жаттағаныңызды міндетті түрде қари ұстазға тапсырып отыруды ұмытпаңыз.

P/S: Негізі қари деген сөз араптың оқу деген етістігінен туындаған есім. Қысқасы, оқу керек!

Исатай БАТЫР

0 пікір