Отбасың – алтын діңгегің!
Отбасың – алтын діңгегің!
15.05.2018 11:39
335
0

Кім – кімнің де  жан жылуын жанұясынан тауып, елдің де көсегесі сол – кішкентай мемлекеттердің іргетасы мықты болғанда ғана көгеріп, көктей алатыны ақиқат нәрсе. Осыны ерте бастан ұғынған дана қазақ «отбасы институтын» тиімді пайдалана алды. Нәтижесінде  намысты өмірлік ту еткен нардай  ұл мен ар – ұятын жанынан жоғары қоя алатын қылықты қыз тәрбиелей алды. Ал, бүгін ше....?

«Үлкеннің алдын кеспе, сөзін бөлме, өзіңнен жасы үлкенге сәлем бер, кішісіне қамқор бол, қыз балаға дауыс көтерме» тағысын тағылар. Әке – шеше, ата – әжеміз баларына айта беретін осы тақылеттес  ақыл сөздер түсінгенге тәрбиенің нағыз қайнар көзі екен ғой. Онымен бірге «Әке тұрып ұлы сөйлегеннен без», «Атыңа ауыр жүк артпа, анаңа ауыр сөз айтпа», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»,- деген сынды мақал – мәтелдер де отбасы құндылығын сақтауда ерекше рөл атқарады. Осындай сөздерді үлкендерден естіп, қазақы тәрбиені бойына әбден сіңіріп өскен ұрпақ ешқашан ардан аттап өтпесі анық. Көпке топырақ шашпайық, әйтсе де, бүгінгі қоғамда  тәрбиені ұмыт қалдырып, отбасыны тек жанұя мүшелері бас қосып, ас ішіп, дем алатын жер ретінде ғана қалыптастырып алғандар баршылық. Ұлын намысты, айбынды етіп өсіруі тиіс әке – арақ ішіп, отбасында аузына келгенін айтса, қызына ар – ұяттың не екенін түсіндіруі тиіс ана - өсектен басқаға қолы тимей, бар міндетім ас пісіріп беру ғана деп ұқса ол жанұядан жылудың кеткені деп біліңіз. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген халық даналығына ой жүгіртіп, ата – ана әуелі өз ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Себебі, сіз балаңызға тәрбие туралы күніне он сағат лекция оқысаңыз да, ұрпағыңыз бәрібір сіздің істегеніңізді дұрыс санап, сізден көргенін істейді. Отбасыларынан береке кеткен қоғамның, мерекелі күндері де аз болмақ. Шеше тәрбиесін емес, көше тәрбиесін көріп өскен қыз бен әке ұлағатын ұғына алмаған ұлдың бүгінгі күні жасап жатқан қылықтары «жаға ұстатарлық» жағдайда екеніне баршамыз куәміз.

Жанұя жылуын қайта оралту үшін – имандылыққа, асыл дініміз Исламға бетбұрыс жасаудың маңызы зор. Себебі, хақ дініміз үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелейтіні анық. Осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ - бақытты отбасының тірегі болмақ. Олай болса, Отбасы тәрбиесенің де өзегі осы – дінімізде екені даусыз. Ислам діні отбасы институтының маңыздылығына баса мән береді. Қасиетті Құранда Адам ата мен Хауа ананың ең алғашқы отбасы екендігі айтылса,  Нұһ пен Ибраһим пайғамбарлардың тағылымы мол таңдаулы отбасы құра білгені де жазылған. Құлдарының ұрпақ өрбіту үшін ер мен әйел болып жаратылғаны да қасиетті кітапта айтылған. Құранда бұл туралы: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла» («Ағраф» сүресі, 189 аят), – дейді.

Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасы құндылықтарына жете мән беріп, ер мен әйелдің міндеті, ұрпақ тәрбиесі хақында ғибратты істерімен танылған. Муғауия ибн Хайдадан жеткен хадистерде: Ол айтады (р.а.): «Мен: «Уа, Алла Елшісі! Әйелдерiмiзге қатысты бiзге не нәрсе мiндеттелiндi?» – деп сұрағанымда, ардақты пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Және оның бетiнен ұрма, сондай-ақ балағаттап жаман сөз айтпа! Үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!» деп жауап қатты дейді. Міне бұл да, ерлердің әйелдің алдындағы ер адамның міндеттері болып табылады.

Алла Елшісі өз хадистерінде (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «жұмаққа қалаған есіктен кір» деп айтылады», – деп өсиет еткен.

Қасиетті Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 34-аятында «Жақсы әйелдер, Аллаға мойынсұнады және күйеулерінің ақыларын орындайды. Күйеулері жоқ кезде олардың намысын және мал-мүлкін Алланың көмегімен қорғайды» деп бұйырған. Хадистерде «Ері мен әйелі бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейіріммен қараса, Алла Тағала да оларға сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарайды»,- делінген.

Бүгінгідей әлемдік өркениеттің дамып, ұрпақтың миын улар түрлі теріс әрекеттер белең алған уақытта, оларға қарсы тұрар қорғанымыз- ұлттық тәрбиеге, имандылыққа негізділген «отбасы институты» екені анық. Осы орайда ҚМДБ 2018 жылды  – «Ислам және отбасы жылы» деп бекітті. Соның  аясында «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша республикалық деңгейде түрлі шаралар жүзеге аспақ. Біздің   «Әбу Бәкір Сыддық»  атындағы Павлодар қалалық мешіті ұжымы аталған тақырыпқа сай тиісті жұмыстар атқарып, алдағы уақытта да отбасы құндылығын дәріптеу арқылы, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне белсене ат салысатын боламыз.

 

Біржан БАҚЫТҰЛЫ,

Павлодар қалалық «Әбу Бәкір Сыддық»

мешіттің бас имамы

0 пікір