ОТБАСЫ ТАҒЫЛЫМЫ
ОТБАСЫ ТАҒЫЛЫМЫ
01.02.2019 11:56
663
0

Мен мектепте қырық жыл ұстаздық еткен адаммын. Саналы өмірімде елден, жұрт-тан, халықтан, зиялылардан, ата-анамнан естіген, көрген, байқағандарымды, оқыған-дарымды, қызметтегі әсер-лерімді ой елегінен өткізіп, топшылаған пікірлерімді жас ұрпаққа мұра етін қалдыру-ды жөн көрдім. «Дүниеден армансызбын», «жиған-тергеніме қанағаттандым» деген пенделерді өз басым кездестірмесем де, тірлігінде тағдырға жазылғанына мойын-ұсынып, адал еңбегімен тапқанына ынсап ететін жандар болатыны даусыз. Ондай азамматтар әр жерде-ақ кездеседі. «Дүниеден өтемін-ау» деп өкініш етпей, Тәңірінің көрсеткеніне шүкіршілік етіп, бір Құдайға табынған жандардың қатарында бол-сам деген ізгі тілекті мұрат еткенімді білгендерің жөн. Осы ақыл-кеңес келешекте ұрпақтарымның өмір жолында қажетіне жарайтынына көзім жетеді.

Айналайын жас жеткіншек! Ынтымақты, ұйымшыл, ауыз бірліктерің күшті болсын. Жарты күлшені бөліп жеңдер, «менікі», «сенікі» деп, берекелерің қашпасын. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген даналық сөз бар. Жамандықты жасырып, жақсылықтарыңды асырыңдар.

Әуелі ата-анаңды құрметтеп қас-қабағына қара, шын пейіліңмен сүйе біл, сыйлай біл, тіл қайырма, ренжітпе. Атаң қорғаның, анаң қазынаң екенін діліңнен шығарма. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді халық.
Қайырымды, мейірімді, кең дейілді, қанағатшыл, ынсапты бол. «Кең адамның күніне бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді!», – деген. Кең болуға тырысыңдар. Ұят-иба мен инабаттылық касиеттеріңді сақта. Қара қылды қақ жаратын әділдікті жақта, жұртты алалама.
Адалдык – ең асыл касиет, одан айнымасаң, абыройлы боласың. Айтқан лебізіңді жұтпа, берген уәдеңнен тайма, жасаған мәмілеңді бұзба, сонда адамгершілік бағаң артады. Ағайын-туыстан жігің ажырамасын, жиынынан қалма, болмасқа ренжіп өкпелеме, кешірімді бол.
«Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Ағайын тату болса – ат көп» деген нақыл бар. Бауырмалдық жақсы қасиет. Қара басыңның қамын күйттеме. Біреудің ала жібін аттама. Кісі ақысына қиянат жасама. Ешкімге жәбір-жапа, зорлық-зомбылық көрсетпе. Екіжүзділік, екі сөзділік жаман қасиет, өтірік-өсек, ғайбат айтуға әуестенбе. Бос мақтанға, орынсыз мал шашуға дағдыланба. Ішкіліктің адамды аздыратын дерт екенін түсін. Басқа жанды өзіңнен кем санама.

Кімге болса да жақсы лебізіңді айтып, жақсы ниетіңді білдір. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген дана халқымыз. Қандай жағдайда да сабырлы бол, «Сабыр түбі – сары алтын» деген бабаларымыз. «Болдым», «толдым» деп асқақтама. «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді халық. «Жоқпын», «жарлымын» деп жасыма, біреуден тіленбе, жаныңды салып, аянбай, жалықпай еңбек ет. Жалқаулық жарлы етеді.

Өз еңбегіңмен тапқан мүлкіңе жаның ашысын. Еңбегіңді қадірле. Мал-мүлкіңді көздің қарашығындай сақтай біл, оны тек игілікті іске ғана жұмса.
Біреуге істеген жақсылығың да, жамандығың да өз алдыңнан шығады. Көрген жақсылығыңды ұмытпа, оның қарымын қайтар, көрген жамандығыңды ойдан шығар.

Өзіңнен білімді, ақыл айтатын, кеңес беретін, үлгілі өнеге көрсететін, жаны ашып, әр уақытта қол ұшын беретін, ұят-ибасы бар, қайырымды адамдармен ғана дос-жаран бол. Терең білім алуға, өмірдің кілті өнерді үйренуге құштар бол.Ел басқарған, халық сыйлайтын жақсыларды, қарияны құрметте, жақсыға елікте, ісінен, сөзінен ғибрат ал, сыйласа біл. Оларға құрмет ет. Кішіпейіл мен ақкөңілдің жора-жолдасы көп болады.
Нағашыңмен, қайын жұртпен, төркініңмен, құда-жекжатпен сыйлас, қатынасың үзілмесін. Ата-аналарыңды, әруақтарды үнемі еске алып, дұғаңнан қалдырма. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақылды жадыңда сақта. Қайыр-садақа беруді көңіліңнен шығарма.
Ата-тегіңді, ел тарихын, шежірені білуге талаптан. Елді қадірлеп, елжанды бол, туған жерді қастерлеп, жер жанды бол, ұлтыңды сүйіп, ұлт жанды бол. Халықтың дәстүрін, әдет-ғұрпын, салт-санасын ұмытпа. Ана тіліңді ардақтай біл,
Елдің, ағайын-жұрттың, өз шаңырағыңның, өз басыңның абыройы, ары, намысы үшін күрес. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген атам қазақ. Отбасының тыныштығын бұзып, берекесін алма, үйдің босағасындағы құт, төріңдегі бақ қашады. «Бір күнгі ұрыс, қырық күнгі несібеге кесірі тиеді» деген халықпыз. Ерлі-зайыптыларға ынтымақ, татулық, сыйластық, кешірімділік жарасады. Сонда ғана отаныңа бақ қонып, қыдыр дариды. Ердің атын әйел шығарады. «Әйел үйдің туы» дейді халық. «Абысын тату болса, ас көп» деп бекер айтылмаған.

Перзенттеріңе мейірімді бол, алақаныңа салып аяла. Қыз баланың көңілін жықпай, айрықша қамқорлық жасап, ардақтай біл.
Өз басыңды өзің қадірле, өзіңді-өзің тәрбиеле. Жақсы мен жаманды айыра біл. Адамның бірінші байлығы – өз денсаулығы, оны сақтай біл. Өз бойыңда қалыптасқан осы адамгершілік қасиеттердің барлығы – имандылықтың белгілері. Имандылық – мұсылманшылыққа бастайтын сара жол, «Құдайды бір, Мұхаммед пайғамбарды хақ» деп біліп, осы бағыттан айырылма.

 

Ержігіт Ташұлы

 

0 пікір