НЕКЕ – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ
НЕКЕ – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ
14.07.2020 12:19
970
0

Қасиетті Құранда:«Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық»(Зарият сүресі, 49-аят), — деген аят бар. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқандығын ескерсек, жасы жеткен әр адамның өз сыңарын тауып, некелескені абзал іс саналады.

Құран Кәрім некелесуді әмір етеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» және «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді.

Отбасылы болу – Алланың адам баласына берген нығметі әрі сынағы. Әке атану, ана болу, бала сүю – өмірдің бұлжымас заңдылығы. Өмірдің қызығы да осы ер мен әйел болып, бір-бірілерін толықтырып «жанұя» атанып өмір сүруде жатыр. Бірақ, сол отбасын құрып, үйлене салу оп-оңай болғанымен, үй болып тату-тәтті ғұмыр кешу қиынның қиыны. Күн өткен сайын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың келелі сөзінің мәні енді аңғарылып жатқандай.

Алайда қоғамымызда некеге тұрғаннан кейін, ажырасып кетіп жатқан жастар аз емес. Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Некенің бұзылуы - отбасы өміріне ғана емес, қоғам өміріне де кері ықпалын тигізетін жағымсыз әрекет. Әрбір отбасы мүшесі яғни отағасы мен отанасы өзіне жүктелген міндеттерін дұрыс атқарса, қоғамда ажырасу болмайтын еді. Енді сол міндеттеріңізге қысқаша тоқталып өтейік...

Отағасы! Сіздің міндеттеріңіз төмендегідей...  Сіз – отбасын басқаратын адамсыз. Алла сізге осындай дәреже берді. Әйел, бала-шағаны басқарып, қорған болу сізге – парыз. Қасиетті Құранда: «Ер адамдар әйелдерге жауапты, әрі билеуші», – деген аят бар («Ниса» сүресі, 34-аят). Ал Алла елшісі (с.ғ.с.) болса: « Ер адам жанұясына жауапты. Жанұясы үшін сұралады»,-деген. (Бухари). Әйел, бала-шағаңызға нәпақа тауып беріңіз. Оны өзіңізге міндет етіңіз, бірақ міндетсініп кетпеңіз. Хадисте: «Бала-шағаң, жұбайың және қызметшің үшін  жұмсағандарың –садақа»,- делінген.  Төркініне барып тұруға рұқсат беріңіз. Себебі, туыстық қарым-қатынасты үзген адамның жәннатқа кірмейтіні айтылған хадистерде. Жұбайыңыздың білімін жетілдіруге жағдай жасаңыз. Себебі, білім алу тек ер адамға ғана емес, әйел адамға да парыз екенін есіңізден шығармаңыз. Дінді үйрену – өмірді үйрену. Оған уағыз айтыңыз. Алланы есіне салыңыз. Сонда ғана сіз әйеліңізден  керемет «тақуалықтар» күте аласыз... Жұбайыңыздың табысына қол сұқпаңыз, егер әрине ол жұмыс істейтін болса. Жұбайыңыздың жұмыс істеуіне егер ол рұқсат сұраса қарсылық танытпаңыз. Оны баласынан айырмаңыз және төсек қатынасынсыз қалдырмаңыз.  Жұбайыңызбен жылы сөйлесіңіз. Хадистерде: «Мұсылманның ең жақсысы – әйеліне жақсы қарағандары»,-деп айтылады. Ашуыңыз келсе оны тізгіндей біліңіз. Себебі орынсыз ашу ессіздікке апарып, аяғында «өкінішпен» жаныңызды өртеп жіберуі мүмкін. Жұбайыңыздың кемшіліктерін тіміскілеп, айыптарын бетіне баспаңыз. Орнымен қызғану керек.  Орынсыз қызғаныш Аллаға ұнамайтынын біліңіз. Ал Аллаға ұнамайтын амал Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті болуы мүмкін емес.  Үйіңізге сәлем беріп кіріңіз.  Бұл амалға ұсақ-түйек деп мән бермей қап жүрмеңіз. Үлкен өрт кішкентай шырпыдан пайда болатынын білмейтін бе едіңіз? Үйге қарай асығып тұру керек. Бұл – кемшілік емес. Үйге қарай асыққан жігіттің әрекетінен әйелінің жақсы адам екенін білуге болады. Түн жарымда ескертусіз үйге келуші болмаңыз. Әйеліңіздің көңілін қалдырасыз. «Бұл мені аңдып, бақылап жүр ме? Маған сенбей ме?» деген ойға жетелейсіз.  Үй ішіндегі тірліктерде  әйеліңізге жәрдемдесіңіз. Одан кіші болып кетпейсіз. Араларыңызда сый мен құрмет артады.  Әйеліңіздің көңілін аулаңыз. Үсті басыңызды реттеп, қадағалап жүріңіз. Осы кеңестерімді бұлжытпай орындаңыз. Бұл сіздің әйеліңіздің  алдындағы міндеттеріңіз.

Әйелдің міндеттері.Әйел- үйдің тірегі. Күйеуіңіздің басын төрге де, көрге де сүйрейтін - сізсіз. Міндеттеріңізді жақсылап біліп алыңыз. Ең алдымен әйел күйеуінің өзінен бір саты жоғары тұратынын мойындауға міндетті.Алла оны ашық айтқан. Күйеуіңізге бағыныңыз. Ол сіздің жердегі жұмағыңыз, не тозағыңыз. Оның разы болуы – Алланың да разылығы. Бір күні бір әйел ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, менің күйеуімнің алдында қандай міндеттерім бар?» деп сұрады. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған бағынады, қарсы келмейді. Оның рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсені садақа етпейді. Нәпіл ораза ұстағысы келсе, міндетті түрде оның рұқсатын алады. Ол оны түйенің үстінде отырған жерінен шақырса да, өзін ұстап қалмайды (яғни сұрағанын береді). Оның рұқсатынсыз үйінен шықпайды. Егер де рұқсатсыз шығып кетсе, онда ол үйіне қайтып келгенге дейін оны аспан періштелері де, жер періштелері де, ашу періштелері де, рахым періштелері де қарғап, лағынетін жаудырып тұрады»,- деп жауап қайырды. Қасым Аманжолов ағамыз өзінің жарына арнаған өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет. Сен - премьер, мен –президент»,- деген екен. Алла Тағала әйел адамның бақытын « еріне бағынуға» жасырып қойған. Әйелдер қауымы бұған бей-жай қарамаулары керек. Жанұяның көп проблемасы, әйелдің күйеуге бағынбағанынан, өзімбілемдікке салынғандығынан, үйдегі нәрсені рұқсатсыз бергеннен туындайды.  Күйеуіңіздің ар –намысына кір келтірмеңіз. Жыныстық міндетіңізді атқарыңыз. Оның рұқсатынсыз басқа ер адамдармен сөйлеспеңіз. Рұқсатын алмай сыртқа шықпаңыз.  Ол ұнатпайтын адамдарды қонаққа шақырмаңыз.  Оның мал-мүлкіне өзі жоқ кезде ие болыңыз. «Әке» атану арманынан мақұрым етпеңіз.  Күйеуіңізді ашуландырудан аулақ болыңыз.  Оған адал қызмет жасаңыз.  Оның Алланың әмірлерін орындау үшін жағдай жасаңыз. Істеген жақсылықтарын жоққа шығармаңыз. Оны күлімдеп қарсы алып, күлімдеп шығарып салыңыз.  Бұл амалға бей-жай қарамаңыз. Оның нәтижесін көресіз. Онымен сыпайы сөйлесіңіз. Орынсыз ажырасуды талап етпеңіз. Үй ішіндегі қызметтерді атқарыңыз. Үйді таза ұстау керек. Оның ұйықтайтын және тамақтанатын уақыттарына сақ болыңыз. Аштық пен ұйқысыздық – ашуды тудырады.  Қонақ күтуде мұқият болыңыз. Ысырап етпеңіз.  Үнемшіл болыңыз. 

PS. Алланың разылығына талпынған отбасы! Осы айтылған насихаттарды ұстану және оған берік болу – бақыттың кілті. Егер ер адам өз міндетін, әйел өз міндетін мүлтіксіз атқарса отбасында махаббат та, құрмет те өз дәрежесінде кемел болады. Алланың разылығын іздеген өмірлік жарыңа ғашық болмау мүмкін емес. Себебі, махаббат пен мейірім некеден кейін пайда болатын құбылыс. Алла осы ақиқатты: « Араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім орнатқандығы да Оның белгілерінің бірі»,-деп (Рум, 23-аят) ашық айтады. Алла өз уәдесін орындайды. Сіз тек өз міндетіңізді атқарсаңыз болғаны...


Дайындаған: Арман Айдарғазыұлы

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы.

 

0 пікір