«Мен үшін ана біреу, әке жалғыз...»
«Мен үшін ана біреу, әке жалғыз...»
26.02.2018 18:19
2288
0

«Бала – адамның бауыр еті». Дегенмен осыны жете түсінбей құрсағынан жарып шыққан сәбиінен бас тартып, далаға тастап жатқан жас аналар бар. Осындай келеңсіз жайт жақында Павлода өңірінде де орын алғаны естеріңізде болар. Бұл – бір ғана ана мен баланың емес, қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырған ұлттық қасірет. Бүкіл қазақ қоғамын «жылатқан», бұл жағдай біздің де жүрегімізді тыншытпады. Соның әсерінен төмендегі үш өле өмірге келді. Бұл – біреудің қателігін бетке басу немесе айыбын ашу емес, кейінгілерге сабақ болса деген ниет.

1.ҚАСҚА ҚҰЛЫН
Алдыңнан арай төгіп атса күнің,
Түспесе егер тұмарлы, жатқа күнім.
Ертең-ақ болары анық арғамақ ат
Бүгінгі мүлгіп тұрған қасқа құлын.

Сипатып жат жұрттыққа бұрымдарын,
Қара көзден ащы жас сығымдадың.
Қазақтан бақыт таппай, мұхит асып,
Өзіңдей кетті талай құлындарым.

Құлақ асшы, құбылмай қасқа құлын,
Жоқ па еді саған шағар басқа мұңым?
Құрсағынан шыққанын қоқыс тастап,
Неге ана сезінді жат сәбиін?!

Талай тағдыр толқыған жағада тұр,
Талай тамшы мөлтілдеп жанарда тұр.
"Суық үйдің" мұнартқан терезесін
Талай сәби телміріп қарап отыр.

Қымбат ғой кім-кімге де бақытты шақ,
Өмір өзі үкімін оқып тұрад(ы).
Енеңнің бауырында еркелеген,
Сен одан екенсің-ау бақыттырақ.

Алла өзі жарылқар пейілдіні,
Жолы бұлай түспесін кейінгінің,
Басы бүтін болса да кей адамда,
Малдың да жоқ болып тұр мейірімі.

 

2.КҮНӘ
(Көкек ананың монологы)
Кешір балам, сен маған бұйырмадың,
Тағдыр талай татқызды құйын дәмін.
Сен кешерсің, алдымда мен білемін,
Бір күнәнің мыңдаған «сыйы» барын.

Артың жазық болса да алдымыз жар,
Біз білмейтін дүниенің көп сыры
Менің бір сәт ләззәтім екен-ау,
Сенің бүкіл өміріңнің өксігі.

Сәби күтіп жылап жүрсе қанша адам,
Сол бақытты мен де талай аңсағам.
Арсыз еттің, аялаймын дедің де,
О, махаббат, түкіремін мен саған.

Тіршіліктің тоғыстырды түнегі,
Қия салу оңай емес білемін.
Дәл тоғыз ай бір ауамен тыныстап,
Жүрегіммен бірге соқты жүрегің.

Ар азабы жаншымайды дейсің бе?
Мұнымды ар санамайды дейсің бе?
Көкіректі жарып шыққан қызғалдақ,
Иісіңді аңсамайды дейсің бе?

Мен мұңлымын, бұлт торлаған күндеймін,
Қаһарлана қарғыс айтсын, түн мейлі,
Міне, уақыт. Қоштасатын сәт жетті,
Ал әкеңнің қайда екенін білмеймін.

3. АҢСАУ
(Сәбидің монологы)
О анашым,
Жан едің жаның ізгі,
Не болды екен байлаған бағыңызды?
Аналық мейіріңді төкпе, мейлі!
Ақтаймын перзенттік парызымды.

Білем, білем, барасың қимай қарап,
Мен түгілі, ай жылап, түн ойланад(ы)
Құрсағыңа тоғыз ай сыйған бейбақ,
Құшағыңа бір күн де сыймай барад(ы).

Айыбым болса егер кешір мені,
Аймалап сүйе алмаймын төсіңді енді.
Құлағыма азан да айтылмады
Кіндігім басқалардай кесілмеді.

Менде әулет жоқ,
Болмайды жанашыр да,
Кім алар қайысқанда панасына?
Жеті атасыз жер басқан жетімекпін,
Жоқ менде арқа сүйер нағашы да.

Зарымды түн айтады, күн айтады,
Мына қоғам несіне мұңайтады?
Әжем жоқ ақ бесікте әлпештейтін,
Жылағанда ертегі кім айтады?

Далам жатыр шер басқан көкірегі,
Қалам үнсіз, қайғыдан егіледі.
Сен бүгін керек етпе, адамсынба!
Жетімегің ертең-ақ жетіледі.

Естімеппең әжеңнің әлди әнін?
Алмадың ба батасын қарияның?
Бір жыларсың сен сонда есіңе алып,
Шер домбыра төккенде «Күй-ананы»,
Зар жақ бала салғанда «Сәби әнін».

Өкпем жоқ адамға да, ғаламға да
Кінә артпаймын саған да, заманға да
Мен үшін АНА біреу, ӘКЕ жалғыз,
Тірлікте табылғанмен саған бала.

Ақ орамал
Ақ орамал арудың басындағы,
Ар-ұятын бойына жасырғаны.
Қыз ибалы болсыншы десең егер,
Алыспа, орамалмен басындағы.

Ақ орамал арудың басындағы,
Алланың бұйрығына бас ұрғаны.
Санын ашып, кіндігін көрсеткеннен,
Жақсы емес пе әуретін жасырғаны.

Ақ орамал арудың басындағы,
Ол – имани сауаты ашылғаны.
Шарап ішіп, шалқақтап жүргеннен де,
Жақсырақ жамағатқа қосылғаны.

Ақ орамал арудың құндылығы,
Санаған бабамыз да құнды мұны.
Бес парызды ертерек үйретейік
Үйір болмай тұрғанда түнгі клуб.

Ақ орамал арудың басындағы,
Мұсылманның беделін асырғаны.
Абзал ана болсыншы десең егер,
Қыз иманын бойынан қашырмағын!

Мешітке барам десе жасқамайық.
Ұрпақты қолымызбен ластамайық.
Ұятын жапқан қыздар болары анық,
Алланың құлы деген атқа лайық.

Автор: Тілеуберді Сахаба,

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі.

0 пікір