КҮНДЕЛІК
КҮНДЕЛІК
25.07.2018 11:18
3156
0

Күн арқан бойы көтеріліп, ауылдағы тіршілік нағыз қайнаған шақ. Кешегі тау жақтан соғып тұрған самалдың, бүгін жұрнағы да жоқ. Айнала тым-тырыс, мүлгіген тыныштық орын алған. Ауылдың келіндері таңмен таласа тұрып, сиырын сауып, мал­ын бақташының алдына салып үлгерген. Жұмыс уақыты таяған соң мемлекеттік мекемеде қызмет ететіндер аялдамаға жиналып, диқандар түйіншегін түйіп, егістік алқабына қарай бағыт түзеп, мінгесетін көлік күтуде. Ұйқысынан жаңа тұрған жас бүлдіршіндер көзін тырнап ашып, балабақшаға жақындаған сайын әрнені бір айтып шешесінің мазасын алып барады.

Ал, бұл уақытта Абзал тәтті ұйқысын қимай жатқан еді. Ұйқысұраған екі көздің кірпігі бір-бірінен ажырар емес. Сипалақтап ұялы телефонын іздеген ол оятқышын ажырата алмай әлек. Бір жағынан телефонның, екінші жағынан әйелінің: «Тұр, жұмысыңа кешігесің», – деген  дауысы жақпай жатыр. Бұның барлығы уақытылы жастыққа басы тимегеннен болатын. Түнімен әнебір отызға келіп, отау тігуді енді ойлаған жолдасының қуанышына ортақтасамын деп жүріп, таңның қалай таяп қалғанын да сезбепті. Жолдасы Бақытжан көрші ауданнан қыз алып қашып келіп, түнімен хабаршы-қуғыншысын күткен болатын. Енді міне, жұмыс уақыты таяғанда не ұйықтарын, не жұмысқа барарын білмей жатыр. Тәтті ұйқысын жалғастырайын десе, арғы жағында жауапкершілігі мол жұмыс тұр. Аптаның алғашқы жұмыс күні болғандықтан, тапсырмалар беріліп, өткен аптаны қорытындылайтын шақ. Амалсыздан басын көтерген ол жарықтан көзін аша алмай, ұйқысын қимай біраз отырды. 

Түні бойы кірпік ілмеген соң жұмысы да оңсын ба? Күн де ыстық. Ұйқысы келген Абзалды ыстық тіптен қинады. Жұмыс уақыты аяқталғанша әрең шыдады. Енді кеше түнде келін алып келген жолдасының үйіне баруы керек. Бармаса, құрдастары телефонға тыныштық беретін түрі жоқ. Әрине, той өткізу оңай шаруа емес. Той иелеріне қол көмек беру, қаражат жағынан да қарасу қажет. Құрдастар арасынан ақша жинау, бұл да бір жұмыс. Бұдан өзге де ақылдасып, шешетін шаруалар жетерлік. 

Су жаңа күйеудің шаңырағына жиналған жігіттер қайтсек ертеңгі тойды қызықты өткіземіз деген оймен түннің жарымға дейін отырып алды.
Айнала қараңғыланып түн қоюланған сайын Абзалдың қалта телефоны қалтасына сыймай безілдеуін күшейтіп жатыр. Әйелінің осыншама тоқтаусыз қоңырау шалатынын ұнатпайтын. Ол бүгінде жолдастарының алдында ыңғайсызданып күйбелектеп отырды. Оның үстіне, арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, шатақ шығаратындай емес жолдас­тармен отырмын. Олай болса бұл неге уайымдап қоңырау шала береді деген оймен жүйкесі де сыр бере бастады.

Сағаттың қысқа тілі түнгі үшке де жеткен еді. Абзал райынан қайтар емес. Жұртқа жұм­сақ сөйлегенімен, іші алай-дүлей дауыл болып, ашу кернеп барады. Басқа күндері үйіне асықпаса да, бүгін тез жетуге тырысуда. Бар ойы әйелінің сазайын беру. Абзал үйіне келем дегенше жолдастарының қысыр сөздерін ойынан шығара алмады. Үйіне келе сала бөлмеге баса көктеп кірді. Әйелі ұйықтап қалған екен. Бар ашуын бас жағында жатқан телефоннан алмақ болып қолына алғаны сол еді бетінде тұрған өзінің суретіне көзі түсті. Еріксіз қоңырау шалғандардың тізімін ашып, телефонда жазылып тұрған атын оқып, қағылған қазықтай бір орында тапжылмай тұрып қалды. Келіншегі бұны «Жәннатым» деп сақтаған екен. Содан ашуы басылып, өзіне келе бастаған сәтте әйелінің қасында тұрған кітап пен қойын дәптері көзіне түсті. Әйелі күнделік жазады екен. Өзі мұндайды құптамағанмен әйелінің бұл қылығына күліп те алды. Көп ұзамай дәптердің қақ ортасын ашты. Онда: «Ана-әке. Мен өмірлік жарымды таптым. Құдай қаласа бір аптадан соң мені алып кеткелі жатыр. Ол мені қатты жақсы көреді. Мен де оны жанымнан артық жақсы көремін. Мені бақытты ететініне сенімдімін. Ол – менің жәннатымның кілті», – делінген екен. Ал, соңында: «Абзал көз алдымнан кетсе болды сағына беремін. Мен оны өзімнің көлеңкемнен де қызғанамын. Оны біреу тартып ала ма деп қатты қорқамын. Кешіксе болды сары уайымға салынып, іздей беремін», – дегенді оқығанда Абзалдың ойы жүз сексен градусқа өзгерді. Шаңырақ құрғалы бергі өмірі бейне таспаша кері айналды. Оның арасында әйелінің өзіне қарсы сөйлеген жерін таба алмады. Иә, әйелі күйеуін, оның отбасын қатты сыйлайтын. Қарт анасына қамқорлық та көрсететін. Сол сәтте, неке қиғандағы имамның «Әйел – Алланың аманаты» деген сөзі құлағына келді. Қойын дәптердің қасындағы кітап болса «Көкжиек» баспасынан шыққан «Исламдағы жанұя» атты басылым екен. Кейбір Ислам мемлекеттерінде отбасын құруға ниет еткен жастарға осы кітапты оқытып, сертификат береді екен. Ал, сертификат болмаса шаңырақ көтеруге рұқсат берілмейтін көрінеді. Осының нәтижесінде ол елдерде ажырасу деген мүлдем болмайды деседі. Түн ортасы ауса да, Абзал өзінің кемшіліктерін есіне түсіріп, кітаптағы ер адамның парызын бір қайталамаққа бел байлады. 

Иә, әйелдерге қарағанда ер азаматтың дәрежесі бір саты жоғары тұратыны белгілі. Дегенмен, бұны басқаша түсініп, өзін биік санайтындар аз емес арамызда. Бүгінгі қоғамда жас шаңырақтар арасында ажырасу көбеюі осы болар. Ең бастысы түсінушілік керек арамызға. Кітапты оқып, көзі ашылған Абзал да өз кемшіліктерін сезінгендей күй кешті. 

«Жұбайлар шаттығы» атты кітаптың 94-95 бетінде: «… еркектер – әйелдердi билеушi…» деген сөздердiң арабша түпнұсқасындағы «қаууам» сөзі «бір нәрсені сақтап, оған мән берiп, оны бақылауды бұлжытпай орындаушы» деген мағыналарды білдiредi. Демек, еркек әйелін асырауға, тәрбиелеуге, басшы болуға және әйелін қорғауға мiндеттi. Күйеуi күнәһар болмаса, әйелi оның айтқанына бағынуға міндетті. Ал, күнәһар болса, Пайғамбарымыз (с.а.с) айтқанындай: «Жаратушыға күнәһар болған істе жаратылғанға бағыну жоқ». 

Алайда, «еркектің әйелге қарағанда дәрежесі артық» деген қағиданы кейбір білімсіз адамдардың «еркек – әйелдің билеушісі, сондықтан, қалаған iсiн бұйырады, әйел бұл бұйрыққа құлақ аспауына хақы жоқ» деп түсінуі жаңсақ болады. Мiнез-құлқы мұсылман тәрбиесіне сай емес адам «еркек» деген қадiрлі атқа лайық емес. Бұл – шариғатқа қайшы амал. Аллаһ тағала бірін-бірі қорлау үшін адамдардың бірінің дәрежесін екіншісінен артық еткен жоқ. Бәлкім, еркектiң дәрежесiн әйелге мейірімділiк пен қамқорлық секiлдi игi iстер  жасауы үшiн артық еткен болар... Сондықтан, әйелін құлды ұрғанындай аяусыз ұрып-соғатындарды жақсы отағасы дей алмаймыз. Шынайы мүмін ер, әлбетте, әйелімен жақсы қарым-қатынаста болады. Ол әйелінің алдындағы жауапкершілікті сезініп, аманатын ықыласпен орындайды. Iс-әрекеттерін дұрыстап, жамандықтар емес, керісінше, тек қана жақсылықтар жасауға тырысып бағады. Әйелінің қателіктерін ақылмен түзетіп, сабырлылық сақтайды. Дөрекілiк, тасбауырлық, қаталдық сияқты жағымсыз әдеттер оған жат. Ол әйелінің өзінен жаратылғандығын, өзінің бір бөлігі екенін есiнен шығармағаны игi. Аллаһ тағала: «Сендерге оларға тұрақтауларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда болдырғаны да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларды ойланған елге белгілер бар, – деген.

Абзал кітаптың бұл тарауын оқып боламын дегенше айналадағы қара мен ақты ажырататындай уақыт болды. Қателікке бой алдырмағаны үшін шүкіршілік етті. Әйеліне еркек екенін көрсеткісі келген ашулы Абзал енді күлімдеген күйде әйелінің маңдайынан сипап ұйқыдан оятты. «Еркек көзімен жақсы көрсе, әйел құлағымен жақсы көреді» дегенді еститін. Ендігі жерде әйеліме тек жылы сөйлеймін деген ой түйді ішінен. Таңғы асын ішіп, ұйқысы қанбаған күйде тағы жұмысына бет алды.

 

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
ҚР Журналистер одағының 
мүшесі.

0 пікір