КӨП ӘЙЕЛ АЛУ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
КӨП ӘЙЕЛ АЛУ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
28.08.2018 14:34
16395
0

قال تعالى: { وَإِنْ خِفْتُمْ أَلَّا تُقْسِطُوا فِي الْيَتَامَى فَانْكِحُوا مَا طَابَ لَكُمْ مِنَ النِّسَاءِ مَثْنَى وَثُلَاثَ وَرُبَاعَ فَإِنْ خِفْتُمْ أَلَّا تَعْدِلُوا فَوَاحِدَةً أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ذَلِكَ أَدْنَى أَلَّا تَعُولُوا}

Алла Тағала: «Қамқорлықтарыңа алған жетім қыздармен үйленген жағдайда оларға әділ бола алмаудан қорықсаңдар, өздеріңе ұнаған әрі адал болған өзге әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленуге болады. Егер оларға әділ бола алмаудан қорықсаңдар, біреуін ғана немесе қолдарыңдағы күңдерді қанағат тұтыңдар. Әділдіктен ауытқып кетпеулеріңнің ең тиімді жолы, міне, осы» («Ниса» сүресі, 3-аят) деген.

Аяттың түсу себебі

Ғұруа ибн Зүбайр (р.а.) Айшадан (р.а.) Құрандағы: «Әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленуге болады» деген аят туралы сұрағанда, Айша (р.а.): «Уа, әпкем баласы! Бұл жетім қыз уәлиінің (жауапты болған адам) қарауында болған еді. Ол қыздың дүние-мүлкі мен көркіне қызыққан уәлиі қызға құрбыларына берілген мәһірдің ұқсасын бермей, әділетсіздікпен үйленуді қалады. Сөйтіп, жетім қыздарға тек әділетті жолмен некелесуге немесе өздеріне таза болған екі, үш яки төрт әйел алуға рұқсат етілді», - дейді»[1].

Үкімдік орны

Имам Матуриди, Құрандағы: «Әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленуге болады» деген аяттың тәпсірінде: «...Кейбіреулер, «әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленуге болады» деген аят тоғыз әйел алудың дұрыстығын білдіреді», - дейді. Бұл көзқарас дұрыс емес. Ал, біздің көзқарасымызда бұл аят төрт әйелге дейін ғана алуға рұқсат еткен. Оларға аятты екі мағынада түсіндіру арқылы жауап беруге болады. Әуелгісі, аятта алған екі әйеліңе яки үш әйеліңе немесе төрт әйеліңе әділдік жасай алмасаң, бір әйелмен шектел деп тұр. Сегіз, жеті немесе тоғыз[2] әйеліңе әділдік көрсете алмасаң, бір әйел ғана ал деп тұрған жоқ. Екіншісі, бір риуаятта, бір адам мұсылман болып, оның сегіз әйелі де мұсылман болады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) әлгі адамға: «Әйелдеріңнің төртеуін ғана таңда (өзіңмен алып қал). Қалғандарын босатып жібер», (Әбу Дәуіт, 2241) – дейді. Бұл риуаят та төрттен артық әйел алудың дінімізде харам екендігін білдіреді»[3] деген.

Ислам дінінде төрт әйел алудың үкімі – парыз немесе уәжіп дәрежедегі міндетті іс емес. Бәлки, әркімнің өз еркіне қалдырылған ерікті іс. Сондай-ақ, көп әйел алғысы келетін адам әуелі, аятта зікір етілгендей оларға әділ болу шартын сақтау керектігін және өзге аяттарда білдірілгендей дұрыс бағып-қағуы міндеті екендігін білуі керек. Екі немесе үш әйел алып, бұл шарғи талаптарды толық орындамаған жағдайда, қияметте сол ісі үшін сұралатындығын ұмытпау керек.            

Бүгінде «Ислам дінінде әйел адамның құқығы тапталған, бір еркек төрт әйелге дейін алады» деген пікірлер Ислам дініне күйе жағу мақсатында айтылып жатады. Мұны, Ислам дінінің терең рухына ой жүгіртіп, терең ізденіс жасамастан шындық ретінде қабылдап жататындар да бар. Алайда, көп әйел алу ісінің Ислам діні келмей тұрып болғаны айтылып да, жазылып да жүрген ақиқат.

Ислам келгенге дейінгі, әлемдегі әйел затының жағдайы баршаға мәлім. Ол кезде әйел затша саудаланатын, қанша әйелмен үйленем десе де еркектерге шек қойылмайтын. Әйелді қалаған уақытында қалаған адамына сатып немесе айырбастай салатын. Тіпті, көне Грек және Рим мәдениеттерінде әйелді адам деп те есептемеген. Ефлатонның пікірінше, әйел бір қолдан екінші бір қолға өтіп жүре беретін ортақ мүлікке  жатады. Ескі қытай мәдениетінде әйел заты адам саналмағандықтан, оған айдар тағып, ат та қойылмайтын болған.  Тіпті, батыс философтары  «Әйел заты жалпы адам ба, жоқ па? Адам болса, оның жаны бар ма, жоқ па? Бар болса, оның жаны ер адамдардың жанындай ма, жоқ әлде жануарлардың жандарына ұқсас па?» деген тәрізді адам шошитын ой-пікір таластарын да тудырған. Міне, әйел баласының жағдайы осындай жан түршігерлік қорлыққа толы бір заматта Ислам діні әйелдердің абзал жаратылыс екенін түсіндіріп, оған ерекше баға берді. Тіпті, «Жұмақ –  аналардың табанының астында» деген сыры терең, сыны биік ұстанымға бас идірді[4].

Ер мен әйелдің құқықтарын тең қарастырған Ислам діні не үшін бір еркектің төрт әйел алуына рұқсат етті? деген сұрақ кейде қойылып жатады. Бұдан Ислам діні әйел затына әділетсіздік жасады деген ой туындамау керек. Өйткені, адамзат қоғамында бұл мәселеге рұқсат берілуге қандайда бір қажеттілік бар екендігін көруге болады. Яғни, кез-келген нәзік жанды әйел затының үйленіп, ер азаматтардың қамқорлығында болуды қалайтыны сөзсіз. Мүмкін белгілі бір мамандықты бітіріп, жақсы жұмысы бар қыздардың отбасы құруды қатты ойлап кетпейтін де шығар. Алайда, оның өмір бойы ата-анасымен бірге жүре бермейтіні белгілі. Жасы егде тартқан сайын аңыраған үйде жападан-жалғыз өмір сүруі, қиын сәтттерде жанында бір жанашырдың болмауы оңайға соқпайды. Міне, бұл қоғамдағы әртүрлі қажеттіліктердің бір ғана мысалы деуге болады. Яғни, екінші әйел алуға болған қажеттілік ер адам тарапынан болуы да мүмкін немесе біреуге екінші әйелдікке тию қажеттілігі әйел адам тарапынан да болуы мүмкін. Сол себепті, Ислам дінінде көп әйел алуға рұқсат беру – қоғамдағы кейбір қажеттіліктерді адал жолмен әділ шешудің жолы деп білген жөн.

Қазақ дәстүріндегі әмеңгерлік

Қазақ дәстүріндегі әмеңгерлік жоралғысы – жесір қалған әйелді жақын туысқандар арасында ақсақалдар алқасының шешімімен қайын ағасына немесе қайын інісіне қаратумен (екінші әйел етіп некелестірумен) іске асатын неке мүрәсіміне. Ондағы мақсат жесір қалған әйелге және оның балаларына жанашыр туысқандарының бас-көз болып, тәрбиесіне алуы және қайтыс болған туысқан ағасының артында қалған дүние-мүлікі бар болса, оған иелік етіп бала-шағасының қажетіне жарату сынды жауапкершілік істі туысқан бауырының мойнына алуы болып табылады.

Ислам шариғаты бойынша, қайтыс болған адамның әйелі ғиддәт (тазару кезеңі) мерзімін аяқтаған соң, ол әйелге қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі үйлене алады. Бұл жерде шарғи бір шарт бар, ол – үйленетін жесір қалған әйел мен қайтыс болған күйеуінің ағасы немесе інісі үй болып, неке қиюлары үшін өз еріктерімен разылықтарын білдірулері керек. Сонда ғана шариғат бойынша рұқсат етіледі. Яғни, неке үлкендер тарапынан зорлықпен іске аспауы тиіс. Сондай-ақ, халқымыз арасындағы бұл дәстүр шариғат талаптарына да қайшы келмейді. Сонымен қатар, жесір қалған әйел бөгде бір еркекке некеге шыққан жағдайда, онымен еріп келген балалары сол екінші бір бөгде жұртқа сіңісіп кетуі де екіталай. Ержете келе ел арасында балаға «Сен кеше қаңғып келгенсің», «Келімсексің» деген сынды әртүрлі сөздер айтылуы да мүмкін. Мұндай келеңсіз жәйіттардың алдын алу мақсатында, жесір қалған әйелді күйеуінің туысқанына қаратып, балаларын да бөтен жұртқа жіберіп жәутеңдетпейтін әмеңгерлік жолы қалыптасқан деуге болады. Әрі туыстарының арасынан алысқа кетпеу, әуелі балаларға әкесінің жоқтығын азда болса ұмыттырса, екіншіден, бұрыннан бірге ойнап жүрген ағайынды кісілердің балалары ержете келе бір-біріне демеу болып, аяққа тез тұрып кетуіне септігін тигізеді. Міне, осы тұрғыдан екінші әйел алғысы келген адам, егер туысқандары арасында жесір әйел, жетім балалар болып жатса, әуелі солардан бастағаны дұрыс. Бұл ісі дінге де, дәстүрімізге де саятын сауапты іс болмақ.        

 

Алла елшісі (с.а.с.) неге көп әйел алған?

Алла елшісі Мұхаммедтің (с.а.с.) көп әйел алуын екі негізге бөліп айтуға болады. Әуелгісі, жиырма бес жасында бұрын екі рет тұрмысқа шыққан, жасы қырыққа келген Хадижа (р.а.) анамызбен некелесіп, онымен жиырма үш жылдық бақытты ғұмырын өткізген ел қатарлы некелесу деуге болады. Бұл анамыздан бірнеше балалары да болды. Пайғамбарлықтың сегізінші жылы Хадижа (р.а.) анамыз қайтыс болғанда, қиын сәттерде қасынан табылып, «Пайғамбарлық» ісіне қолдау көрсеткен алғашқы жұбайын қимастықпен қатты қайғырды. Тарихта бұл жыл «қайғылы жыл» деп аталды.  Осыдан кейін төрт-бес жылдай салт басты, бойдақ өмір сүрді. Екіншісі, жасы елу үшке толып, егде тартқан шағында өзге аналарымызбен некелесу ісі орын ала бастады. Бұны «Пайғамбарлық» міндетті орындау мақсатында іске асқан некелесу деп айтуға болады. Неге десеңіз, Алла елшісінің (с.а.с.) әрбір әйелдерімен үйленуі нәпсіқұмарлықтан болмағанын, бәлки, дін насихатын кемелдендіру тұрғысынан болғанын қысқаша былай айтуға болады. Олар:

ü Пайғамбарлық (с.а.с.) дінге қатысты үкімдерді, әсіресе, отбасыға қатысты ішкі мәселелердің қалай атқаратындығы жайлы көпшілік халықтың хабардар бола бермейтін мәселелер төңірегінде діннің үкімдерін жеткізуде Айша (р.а.) және Сәуда (р.а.) сынды аналарымыздың қосқан үлестерін ерекше атауға болады.  

ü Алла елшісі соғыста шәһид болып, артына жесір әйелдері мен жетім балаларын қалдырған ардақты сахабаларының жұбайларын кейде өзі некесіне алып қамқорлық көрсетсе, кейде сахабаларына некелестіретін. Мысалы, Үмму Сәләма (р.а.), Мәймуна (р.а.), Хафса (р.а.) және Зәйнәп (р.а.) сынды аналарымыз осындай қорғансыз қалған жандар еді. Бұл әйелдер Алла елшісінің (с.а.с.) некесіне шыққан кездерінде жастары егде тартып қалған болатын. Олардың кейбіреуі көп ұзамай екі, үш айдан кейін қайтыс болса, енді біреулері жеті, сегіз айдан кейін қайтыс болғаны айтылады. Мұндай деректердің өзі сол аналарымыздың қамқорлыққа қаншалықты мұқтаж болғандарын көрсетсе керек.    

ü Алла елшісінің (с.а.с.) әйелдері әртүрлі тайпалардың қызы еді. Ал, Жуайра бинт Харис (р.а.) Мұсталақ соғысында күйеуінен айырылып тұтқын болған мүшрік басшысының әйелі болса, тағы бір соғыста тұтқын болған Сафия бинт Хуайа (р.а.) яһуди басшысының қызы болатын. Бұл екеуі де өз еріктерімен Ислам дінін қабыл еткеннен кейін оларды некесіне алған. Яғни, Алла елшісі (с.а.с.) оларды өз некесіне алу арқылы туысқандық қатынасты тереңдетіп, өзара сыйластықты күшейте түсті. Туысқандық қатынас мүшріктердің де, яһуди, христандардың да пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) және өзге мұсылмандарға жылы шырай тынытып, Хақ дінмен жақын танысуларына өз септігін тигізді.

ü Зәйнәп бинт Жахш (р.а.) әуелі Алла елшісінің (с.а.с.) асыранды баласы Зайд ибн Харисаның (р.а.) әйелі болған. Шариғат бойынша, адам өз баласының әйеліне үйлене алмайды. Алайда, аяттың түсуі себепті асыранды баланың өз баласы саналмайтындығын, әрі ажырасқан әйеліне де үйленудің дұрыстығын ұқтырған Алланың әмірі арқылы Зәйнәп анамызды өз некесіне алған.

Бүгінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) көп әйел алуын нәпсіқұмарлыққа жатқызып жүргендер, оның салихалы өмірінен бейхабар, сөздерінде дәйек жоқ жандар деуге болады. Яки бұл тақырыпта Оны (с.а.с.) қасақана қаралауға тырысқандар Исламға жаны қас еврей және христиан дінін ұстанатын кейбір адамдар. Ал, бұл дінге сенетін адамдардың да бұл әрекеттері ақылға да, өздері сенген Тәурәт, Інжіл секілді кітап ұстанымдарына да қайшы. Себебі, олардың өздері қастерлейтін бұл кітаптарда көптеген пайғамбарлардың көп әйелмен некелі екендіктері баяндалған. Мысалы, Тәуратта Ибраһим, Дәуіт, Сүлеймен сияқты пайғамбарлардың көп әйелмен шаңырақ құрғандығы айтылған. Ендеше, өздері сенетін пайғамбарлардың көп әйел алуына ешбір кінә тақпаған еврейлер мен христиандардың сонғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.с.) келгенде жалғаннан жала жауып, күйе жағуға тырысулары дұшпандықтан басқа ештеңе де емес[5].

Қорыта айтар болсақ, аталмыш аяттағы бір еркектің некесіне төрт әйелге дейін алуы шарғи бір міндет емес, бәлки, қажеттілігі болған адамдар үшін ерікті амал болып табылады. Әрі барлық әйелдеріне тең қарау және оларды ел қатарлы асырап-бағудың да еркектің мойнындағы міндеті екендігін ескерттік. Шариғат талаптарына сай бір немесе бірнеше отбасын қамқорлығына ала алатын азаматтар үшін Ислам діні бір шектеу қоймайды.

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы           

     


[1] Бұхари және Мүслим риуаят еткен. Ибн Кәсир, 1-том, 450-бет.

[2] Бұл көзқарас Шииттерге тән. Ал, сүннит ғалымдары бір еркектің төрттен артық әйел алуының харам екендігіне бір ауыздан келіскен.

[3] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005. 3-том, 481 бет. 12-13 бб.

 

[4] Қайрат Жолдыбайұлы, Имани гул, «Ислам діні көп әйел алуға неліктен рұқсат еткен?», 345-бет.

[5] Қайрат Жолдыбайұлы, Имани гул, «Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) неліктен көп әйел алған?», 287-бет. 

0 пікір