Кез келген адам фитрат иманмен дүниеге келеді
Кез келген адам фитрат иманмен дүниеге келеді
05.03.2018 16:59
753
0

Кез келген адам фитрат иманмен дүниеге келеді. Оны сақтау қаншалықты қиын?

Абай «оны сақтап қалу үшін мінез керек» дейді. Фитрат дегеніміз – негізгі иман. «Кез келген адам фитрат иманмен дүниеге келеді. Кейін ата-аналары біреуін христиан, біреуін еврей, біреуін яһудей қылады» – деген хадис бар. Оны сақтап қалудың жалғыз жолы бар.

 Мәшһүр Жүсіп: «Қазақта екі кісінің бірі – жақсы, екі кісінің бірі – әулие болған» – дейді. Неге десек? Өйткені, қазақ дүниеге қызықпаған. Адамның иманын жоғалтатын ол – дүниеге қызығушылық. Сіз қалай дүниеге қызыға бастасаңыз, солай жүрегіңізден иман кете бастайды. Кейбір адамдар бар, білімі жоқ, медреседе оқымаған, иман шарттарын да білмеуі мүмкін, бірақ керемет иманды адам. Себебі оның жүрегі таза, дүниеге қызықпайды. «Адам мың жерден оқып келсе де, жүрегінде дүниеге деген қызығушылығы болса, онда Алла Тағала оның жүрегіндегі ғылымды денесінің бір жерінен айдап шығарады» – дейді Мәшһүр Жүсіп.

Ал қандай бір адам жүрегін таза сақтап қалса, ол адамға Алланың: «Кімде-кім маған 40 күн бойы таза жүрекпен ғибадат етсе, мен оның жүрегіндегі даналықты аузынан бұлақ қып ағызам» – деген уәдесі бар. Бұл нәрсе Шәкәрімде де бар:

«Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар,

Қиянатсыз надандар,

Әулиеден кем емес».

Міне, надан болса да, қазақ жүрегі таза адамның бәрін «әулие» деп атаған. Оның айтқаны, болжағаны дөп келеді, өйткені жүрегі таза.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің доценті 

Омар Жәлел

    Әңгімелескен Ләззат Мақаш

0 пікір