Жас келіннің ісіне қатты сүйсіндім
Жас келіннің ісіне қатты сүйсіндім
02.06.2017 09:11
8112
0

Таяуда жол түсіп, көптен бері көрмеген алыс­тау ағайынымыздың үйіне барған едім. Есікті жас келіншек ашты. Мен оны танымадым.

Ол кісілермен араласпағанымызға біраз жыл болып қалған еді. Сондықтан есікті ашқан жас келіншекті таяуда түсірген келіні болар деп шамаладым. Ол мені жыға танымаса да иіліп сәлем салып амандас­ты. «Көп жаса, айналайын!» – деп батамды беріп, туыстарымды сұрадым. Бәрі жұмыс­та екенін айтқан келіншек: «Үйге кіріңіз, шай ішеміз», – деп төріне оздырды.

Есік алдынан қайтып кетуге ыңғайсызданып, мен де ішке кірдім. Осы кезде ішкі бөлмеден тағы бір келіншек шықты. Бірақ ол сәлем салмақ түгілі, басын изеп амандасқан да жоқ. Оны мен бұл үйдің үлкен келіні болар деп топшыладым.  

Жас келіншектің есімі Әйгерім екен. Дастарханын лезде жайып жіберіп, сүт қосылған күрең шайды құйып беріп отыр. Көптен бері көрмегесін аға-жеңгемнің, осы ауылдағы өзге де туыстардың хал-жағдайын сұрап қоямын. Келін көзіме тура қарамас­тан, жүзін сәл бұрып, әдеп сақтап, сұрақтарымның бәріне жауап беріп отыр. Дауысын қатты шығармай, жұмсақ үнмен сөйлейді екен. Не керек, Әйгерім келіннің сол отырысы да, кісіге жауап қатқаны да, тіпті шай ұсынғаны да маған керемет ұнады. Осындай инабатты, ибалы қыз тәрбиелеген аналардан айналып кетсек болмай ма?

Ал әлгі кеңкиіп, амандаспаған келін дастархан­ға келмей, жыламаған баласын велосипедке отырғызып, оны әрі-бері қозғаумен болды. Ара-тұра біз жаққа қарап қояды да, баласын тоқтаусыз тербетеді. Мен де оның бар-жоғына мән берместен Әйгеріммен сөйлесіп отырдым.

Шай ішіп болғасын бұл ауылға келген шаруамды айтып едім, Әйгерім менімен бірге ілесіп шығып, жол көрсетіп жіберді. Оған риза болып аттандым.

Жалпы, келіннің қонақжай, кішіпейіл, көпшіл болғаны жақсы ғой. Бала күнімізде анам: «Жақсы келін әулеттің мерейін өсіреді, жаман келін отын өшіреді. Үйінен қонағы үзілмейтін жақсы отбасыға жаман келін түсті ме, бітті, ол үйдің құты қашып қоя береді», – деп отырушы еді. Осылайша ой толғайтын анам  туыс-тумалары мен көрші-қолаңның келіндерінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын  әңгімелеп отыратын.

Анамның сол сөздерінің растығына осы жолы өзімнің де көзім анық жетті. Содан бері Жаратқаннан шаңырағымызға жақсы, адал қыздың келін болуын тілеп отыратын болдым.

Н. ӘЙІМБЕТ.

Zamana.kz 

0 пікір