Жақсылыққа жақсылық!
Жақсылыққа жақсылық!
30.01.2018 10:29
2466
0

Жақсылық жасағанға мал-мүлікпен, қызметпен қайтарымын беру керек. Мұны істей алмаған адам рахмет айтып дұға қылу керек.  Өйткені жақсылыққа жақсылық жасау адамдық борыш болып табылады.

Адамның жасаған жақсылығының ақысы осылай болса, барлық жақсылықты жасатқан, жоқ күйден бар еткен, ең әдемі пішін берген, керекті мүшелерді, күштерді берген, денсаулық берген, ақыл мен зеректік берген, азық, сусын және киімдерімізді жаратқан ұлы иемізге, бұл ниғметтерді себепсіз, ақысыз берген және жоқ болудан, дұшпаннан, аурудан сақтаған, шексіз құдірет иесі болған Алла Тағалаға шүкір етпеу, құлдық ақысын өтемеу не деген төмендік десеңші?

Ал Оған және ниғметтердің Одан келетініне сенбеу немесе бұларды басқадан деп білу ең үлкен зұлымдық, ең оңбағандық болады.

Бір адамға барлық қажеттілігі берілсе, ай сайын жеткілікті мөлшерде ақша, азық сыйланса, ол адам бұл жақсылықтарды берушіні барлық жерде адамдарға мақтап, күні түні оның махаббатын, ризасын алып, оның көңілінен шығуға тырысады емес пе?

Бұлай жасамаса ол жақсылық жасаушысына еш мән бермесе адамдар оны айыптамайды ма?

Жақсылық жасаған бір адамның ақысына осылай қаралғанда, барлық жақсылықтың негізгі иесі болған, барлығын жаратқан, бізге берген Алла Тағалаға шүкір ету Оның ұнатқан қалаған нәрселерін жасау неге керек болмасын? Әлбетте ең көп Оған шүкір етуіміз, ең көп Оған бағынуымыз, ғибадат етуіміз керек. Өйткені Оның жақсылықтарының жанында басқалардың жақсылығы теңіз жанындағы тамшыдай да болмайды.

Кез-келген жақсылықты Алла да, Оның құлы адам да, тіпті жан-жануарлар да жақсы көреді. Жақсы деген сөздің өзі құлаққа жағымды, жүрекке қонымды, көңілге ұнамды, тілге тиекті. Ал жамандықты жақтыратын ешбір жан жоқ. Сол себепті Жақсылық жәннаттың кепілі, жәһаннам жамандықтың кесірі дейміз.

Ал садақа өмірдегі ең маңызды, Ислам дінімізден, өмірден ойып тұрып орын алатын, материалдық жақсылық пен рухани ізгілікті ұштастыратын құлшылық. Құлдың өзін жаратқан Жаратушысын мойындаудың нақ көрсеткіші.

Садақаны екі жақты түсінген адам өмірдегі жақсылық ұғымын толық меңгереді де, оның нәтижесін ақіреттен күтеді. Екі жақты деп отырғанымыз материалдық һәм рухани ізгілік. Демек садақа тар түсінікте тек материалдық заттар мен шектеледі, кең мағынада материалдық  әрі руханиятпен ұштасады. Бұл деген сөз  садақа жалғыз айт күндерінде, рамазан айларында берілетін немесе тек кедейлерге жасалатын жақсылық емес. Себебі, садақаны заттай беріп сауапқа кенеле аласыз, әрі іспен яки қарсы алдыңыздағы кез-келген адамға жылы сөз сөйлеумен де садақа жасай аласыз. Ол арқылы өзіңізге де, басқаға да барлық ізгі амалды жасай аласыз. Садақа барлық жақсылықтың нышаны деуіміздің мәнісі осында жатыр.

Жақсылықтың шеті жаратылуымыздан басталса, шегі Құдіреті күшті Аллаға барып тіреледі. Садақаның өлшемі Алланың разылығымен, Оның жәннатымен өлшенеді. Осы қағиданы жүрекке түйіп алған жөн. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 83 аятында асыл садақаның неден, қалай басталып, қалай аяқталатындығын бұйырып қойған.

 

لاَ تَعْبُدُونَ إِلاَّ اللّهَ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَقُولُواْ لِلنَّاسِ حُسْناً وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ

 

«Алладан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге қамқорлық жасаңдар, адамдарға көркем сөз сөйлеңдер, намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер».

Жоғарыдағы аяттың мағынасына терең бойлап қарасаңыз өмірдегі ең басты мәселелер қозғалған.  Алладан басқаға құлшылық қылмау, ата-анаға жақсылық жасау, жақындарға, жетімдерге қамқорлық (материялдық, рухани) жасау, адамдармен көркем қарым-қатынаста болу, намаз оқу, зекет беру. 

Ал «Зілзәлә» сүресінде жамандықтың қарсылығын, сондай-ақ жақсылықтың да сыйы немен өлшенетіндігін ескертіп, сүйіншілеп қойған:

 

فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْراً يَرَهُ  وَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرّاً يَرَهُ

 

«Кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оның қарсылығын алады. Ал кімде-кім тозаңның түйрінің салмағындай жамандық істеген болса, ол оның қарсылығын көреді». (Зілзәлә сүресі 7-8 аяттар) Яғни жұмыр басты пенденің жасаған шаңның тозаңының салмағындай жақсылығы Жаратқанның таразысында өлшенетін болса, осы жерде ойлану үшін бір тоқтау кереу шығар ағайын.

 

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ

 

«Жындар мен адамдарды тек өзіме ғана құлшылық ету үшін жараттым» (Зарият сүресі 56-аят) дейді Алла Тағала. Жаратылуымыздағы мақсат осы. Жаратушыны танып, Оған құлшылық еткен пендеге жәннат дайын тұр. Біз осы жәннатқа кірудің амалын жасауымыз керек. Оның жолы – шынайы құлшылық. Бірақ періштелерден айырмашылығымыз бізде нәпсі бар, азғырушы шайтан бар. Демек Аллаға құлшылық етумен қатар садақа беруіміз, адамдарға жақсылық жасауымыз қажет. Өйткені иман мен амал қатар жүреді. Оның үстіне періштелер құсап құлшылық етумен шектеліп өмір сүре алмаймыз. Біз нәпсімен күресіп, адамдармен араласып, аманат етіп берілген мына ғажайып он сегіз мың ғаламға қиянат жасамай қорғауымыз қажет. Ендеше бізге ертеңіміз қымбат болса жәннат арзан тұрмайды.

Ардақты да сүйікті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз садақа ұғымын түсіндіріп әрі берілген немесе жасалған садақа амалының сауабын ақіретке дейін жазылып, сөнбейтіндігін мынадай бір өсиетінде айтқан еді:

«Кісі жан тапсырған кезде оның үш амалынан басқа барлық амалдары тоқтайды».

1. Садақа жария: (Мешіт, мектеп, медресе салу т.б (яғни халыққа пайдасы тиетін амалдар жасау)

2. Өзгелерге үйреткен пайдалы ілімі.

3. Өзі тәрбиелеген немесе тәрбиесіне себепші болған ізгі салиқалы ұл-қыздарының дұғасы.

Бұл хадистің мағынасын ашықтағандай бабаларымыз:

Қайтадан қайрылып қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,

Шын бақыт осыны ұқ мәңгілік өлмейсің.   (Шәкәрім Қ.)

Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім ағаш отырғызып, ол ағаштан адам немесе Алланың жаратқан мақұлықтарының бірі жеміс жесе, әлгі ағаш отырғызған адамға ақіретке дейін садақа болады». (Имам Муслим) Бұл хадиске дана бабаларымыз мынадай мағына беріп кеткен: «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деп.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демекші өмірдің қадірін де садақаға, жақсылыққа мұқтаж болғанда барып түсінесің. Себебі адам қатты қиналғанда өмірден түңіліп, жерігіп кетеді, көбінесе күнәға белшесінен батып жатады. Ал өзіне сөзбен болсын, іспен болсын жәрдем берілгенде, жақсылық жасалғанда жадырап, жайнап шыға келеді. Өмірге деген құштарлығы артып, ізгілік жасаған адамды жақсы көреді. Достықтың, туыстықтың, жақынның қадірін түсініп, басқаларға қол ұшын беруді қуана-қуана орындайды.

Мұндайларға Алланың мынадай сүйіншісі бар.

 

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ أُوْلَئِكَ هُمْ خَيْرُ الْبَرِيَّةِ  جَزَاؤُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ جَنَّاتُ عَدْنٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَداً رَّضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ ذَلِكَ لِمَنْ خَشِيَ رَبَّهُ

 

«Шындығында ең жақсы, хайырлы адамдар олар иман келтіріп, салиқалы амал жасағандар. Олардың Алланың құзырындағы сыйы астынан өзен ағып жатқан «Адн» жәннаты, олар онда мәңгі қалады. Алла олардан, олар да Алладан разы болады. Бұл бақыт Алладан қорыққандар үшін» (Бәийнә сүресі 7-8 аяттар). Аяттың соңындағы қорыққандар үшін деген сөзді байқаған боларсыз. Алладан шын қорқып, Оған иман келтірген пенде еш уақытта жамандық жасауды білмейді. Ол құлдың жымиып күлген күлкісі, жолдағы жатқан зиянды заттарды алып тастауы, көркем сөз сөйлеуі, жетімнің басын сипауы, науқастың көңілін сұрауы, балаларды қуантуы, оларға берген ілімі, бір адам болса да Алланың тура жолына түсуіне себепкер болуы, артында қалдырған барлық ізгі амалы т.б. садақа болады.

Әл Умама әл-Бахили есімді бір сахаба былай деді:

 «Бір күні сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.у.) қайыр-садақа, зекеттерін беріп жатқан еді. Дәл осы сәтте мен Алла елшісінің жанында іштей дұға оқып отыр едім.

Алла Расулі:

«Аузыңды жыбырлатып не айтып отырсың» деп сұрады. Мен жауап ретінде: «Жұрттар қайыр-садақа беріп жақсылық жасап жатыр. Ал менің садақаға берер ештеңем жоқ. Сондықтан «Алла бүкіл кемшілік атаулыдан пәк, барлық мақтау оған лайық және Ұлы Алладан басқа Тәңір жоқ» деп айтып отырмын дегенімде, Алла елшісі:

 «Сенің айтып отырған сөздерің сен үшін кедейлерге беретін қайыр-садақаңнан жақсырақ» - деді.

Орыстың кемеңгер жазушысы, ойшыл Л. Н. Толстой: «Егер менің бір алақаныма әлемдегі дүниенің барлығын беріп қойса да жүрегім жай таппас еді, (тоймас едім) ал егер осы дүниенің барлығын ысырып тастап, жалғыз иманды берсе, ол маған жетер еді» деп айтқан екен. Айналып келгенде садақа мен жақсылық бір жерге келіп түйісетін, имандылықтан туындайтын қасиет. Ол туралы жаза берсең теңіздер тартылып, ағаштар қалмайды. Ең бастысы садақаның шын мәніндегі мағынасын ұқсақ және қайтарымы  бұл дүниеде де ақіретте де Алла тарапынан екі есеге артылып, қайтарылатындығына иман келтірсек, мәселенің шешілгені.

Ылайым Жаратқан Алла бізді сондай бір күйге жеткізгей. (Әмин)

 

 

 

Нұрлыбек Шакизадаұлы  

0 пікір