Жай ғана жақсы адам болып өмір сүру...
Жай ғана жақсы адам болып өмір сүру...
06.09.2017 10:23
468
0

Біз тұратын пәтердің иесі сексен екідегі орыс әжей. Өзі Мәскеудің басқа ауданындағы пәтерінде тұрады. Үйге құрбым екеуміз ұйықтап жатқанда келсе, бізді оятпайын деп аяғының ұшымен жүреді. 
Бір ғылыми жобамен жұмыс істеп жатқаныма біраз уақыт болды. Ертерек бітіріп, тапсыруға тиіспін. Сол себепті, дүйсенбі күні таңғы сегізде аяқтап, электронды поштамен жіберіп, ұйқыға жатқам. Бір көзімді ашсам, үй иесі орыс әжей бас жағымда газет оқып отыр екен. «Бүгін пәтер ақысын төлейтін күн ғой» деп ұйқылы-ояу есіме алдым. Пәтерде қазақ құрбыммен тұрам. Бір күн бұрын пәтердің ақшасын «үйде біріміз болмасақ, біріміз берерміз» деп шкафқа салып қойғанбыз. «Ақшаны құрбым берген шығар» деп ойладым. Сол күйі қайта ұйықтап кетіппін. 

Құрбым оятты. «Тоня әжей келді ме? Пәтер ақысын бердің бе?» деп сұрады. «Жоқ, ол кісі келгенде мен ұйықтап жатқанмын» дедім. «Қызықсың. Мен дүкен аралап кеткенде келген ғой. Жақсы, мәдениетті кісі. Тіпті сені ұйқыңнан оятып, пәтер ақысын сұрауға да құқы бар еді» деді құрбым. 
Сол Тоня әжей айтады: «Ата-анадан он жетіміз. Әке-шешеміз бала кезімізде бәрімізді санап шығатын. Егер біреуіміз көршінің үйінде ойнап жүріп, орнымызға көршінің баласын жіберсек те, байқамай қалатын. Анам кешкі асқа үш "кастрөл" борщ пісіретін. Анамның да, әкемнің де бізді еркелетуге уақыты болған жоқ. Әкем ертелі-кеш жұмыста болатын. Анам ертелі-кеш үйдің шаруасымен тыным таппайтын. Кішкентай сіңлім қайтыс болғанда анам да, әкем де қатты қиналған жоқ. Бәлкім, баламын ғой, маған солай көрінген шығар. Бір баласы аяққа оратылып, жылап, бір баласының үстін жара басып, ол келесі баласына жұғып, миы ашып жатқанда, шетінеген қыздарын жоқтап отыруға уақыттары да болмаған шығар. Кейін де өлген сіңлім туралы әкемнің де, анамның да айтып отырғанын ешқашан естіген емеспін. Бірақ үйдегі балалардың бәрі бір-біріне мейірімді, бауырмал болып өсті. Бір-бірімізге отбасы болып кеткеннен кейін де көмектесіп тұрдық» дейді. 
Сексен екідегі Тоня әжей бассейнге барады, аэробикамен айналысады. «Біздерге би курсына жазылу арзан, жеңілдік бар» дейді өзі. Тәттіні өте аз жейді, өзін-өзі күтеді. «Тәтті жемеймін, толып кетемін» деп қалжыңдайды. Әрине, денсаулығын күтеді ғой. 

«Көрші подъезде тоқсан төрттегі шал жалғыз өзі үш бөлмелі пәтерде тұрады. Екі ұлы бар, екеуі де бөлек тұрады. Сол шал маған «бірге тұрайық» дейді. «Сен секілді кәрі шал маған керек емес» дедім» дейді Тоня әжей. Қалжыңы емес, шынын айтады. Тоня әжей елуден асқанда Шешенстандағы үйі өртеніп кетіп, далада қалып, Мәскеуге келеді. Мәскеуде аула сыпырушы болып жүріп, үкіметтен үй алады. Алпыс екі жасында екінші рет тұрысқа шығып, біз тұрып жатқан пәтерді қайтыс болған күйеуінен мұраға алған. Алпысқа жақындағанда Мәскеуге екі чемоданмен келіп, екі үйлі болды. 
«Жер бетіндегі әрбір адамның миссиясы бар. Бір адамның миссиясы өзгелерді дұрыс жолға бағыттап, адамзат үшін үлкен игілікті іс жасау болса, енді бір адамның миссиясы жаңалық ашу. Барлық адамның миссиясы: әлемді өзгерту емес қой. Қарапайым адамдардың миссиясы: жақсы ниеттегі адам болып, жай ғана жақсы адам болып өмір сүру. «Библияны» да, «Құранды» да оқып шықтым. «Исаны «Құдай» дейтіндерді де, «Құдайдың баласы» дейтіндерді түсінбеймін. Иса – пайғамбар. Мұхаммед секілді Иса да – пайғамбар. Құдай жалғыз» дейді Тоня әжей. 
«Қарапайым адамдардың миссиясы: жақсы ниеттегі адам болып, жай ғана жақсы адам болып өмір сүру» дегенді жиі айтатын Тоня әжей өзі осы ұстаныммен өмір сүреді. Оның көзіндегі мейірім әлемді жылытады. 
...Құрбан айт қабыл болсын! Мейіріммен жақын-жуықтарыңызды, әлемді жылытыңыздар! Алла барлық тілектеріңізді қабыл етсін!

 

Аяш Мантай

0 пікір