ИММУНИТЕТТІ ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?
ИММУНИТЕТТІ ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?
09.07.2020 11:01
744
0

Коронавирус пандемиясынан қорғанып, иммунитетті көтеру жолдарын Астана мемлекеттік медицина академиясының қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиев айтып берді. 

Қазір белсенділікті төмендетуді қажет ететін күрделі кезең. Алайда, үй жағдайында әрбір азамат саламатты өмір салтының барлық талаптарын сақтай алады. Гиподинамияға (аз қозғалу) кетіп қалуға да болмайды. Себебі, ол көп аурудың себебіне айналады.

– Қазір адамның барлығы ақылды, көз ашық. Қалыпты өмір сүруді жалғастыра беру керек. Таңертең тұрып, міндетті түрде жаттығу жасау керек. Қазір аулаға да шығуға мүмкіндік бар. Жеке санитарлық талапты сақтап, аулада спортпен айналысуға болады. Дене шынықтырумен айналысу иммунитетті көтеріп, қажетті гормондарды бөлуге сеп болады, – дейді ол.

Курейш Хамчиевитің айтуынша, спорттың көмегімен бөлінетін гормондар адамның эмоционалды және физикалық күйін жақсартады.

– Қажетті гормондардың уақытылы әрі көп бөлінуі қан айналымын жақсартады. Ал ол иммунитетті көтеретіні белгілі. Дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Қазір жағдай күрделі, алайда ол бүкіл әлем бойынша сондай болып отыр. Қазақстанда жағдай мүшкіл деп айтуға болмайды. Барлығы ойдан басталады. Оны да естен шығармау керек. Біз өзімізді қалай бағыттаймыз, соған қарай ағзамыз да бейімделеді. Өзімізге тек негативті әсер жинасақ, ағзамыз да соған жауап ретінде әрекет етуі мүмкін. Сондықтан да кез келген күрделі жағдайда позитивті ойлау қажет, – дейді ол.

Маман күйзелістен де алшақ болуға кеңес береді.

– Ауру пайда болуының 90 пайызы осы күйзелістен басталады. Қазіргі жағдайда барлығына тамақтану кестесін өзгертуге кеңес берер едім. Себебі, осыған дейін бұл мәселеге қатты көңіл бөлмесек, қазір оны қолға алу қажет. Көкөніс пен жеміс-жидекті көп пайдаланған абзал. «С» витамині иммунитетті көтереді. Індеттің алғашқы белгілері көрініп жатса да, оны дүрбелеңсіз қабылдау керек. Себебі, қазір тұмау да көп тіркеліп жатыр. Сұйықтықты көп ішу керек, – деді Хамчиев.

Физиологтың айтуынша, жеке гигиеналық талаптарды сақтау да аса маңызды.

– Мемлекет әрбір адамның жеке гигиеналық талаптарды сақтауын бақылай алмайды. Сондықтан да саналы түрде қарым-қатынасты азайтып, көпшілік баратын жерлерге барудан тыйылу қажет. Туыстармен де кездесуді азайту қажет. Босаңсымау керек. Қолды үнемі жуып, жеке гигиена талаптарын барынша сақтау қажет, – деді ол.

Оның айтуынша, қазір медициналық маска мен өзге қажетті қорғаныш заттарына деген тапшылық жоқ.

– Барлығы қолжетімді. Тіпті үйіне дейін жеткізу қызметі де жұмыс істейді. Қазір адамдар бірдеңе болса, дүрбелеңге салынып кетеді. Қажет не қажет емесіне қарамастан, дәріханаларға жаппай барып, дәрі-дәрмекті сатып алып жатады. Осындай жағдайлардан кейін сол дәрі-дәрмек шынайы қажет болған адамдар зардап шегеді. Өмірге деген қарым-қатынас позитивті болуы тиіс. Қазіргі жағдайды еңсерсек, барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Бізде ғалымдар өте көп, ауруды емдеудің тиімді жолын табады деген үміттемін, – деп түйіндеді Курейш Хамчиев.

 

Аягөз ҚҰРМАШ

0 пікір