ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ ӨЗАРА МІНДЕТІ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ ӨЗАРА  МІНДЕТІ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
16.09.2018 04:38
1463
0

 

         قال تعالى: { الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاءِ بِمَا فَضَّلَ اللَّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنْفَقُوا مِنْ أَمْوَالِهِمْ فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ وَاللَّاتِي تَخَافُونَ نُشُوزَهُنَّ فَعِظُوهُنَّ وَاهْجُرُوهُنَّ فِي الْمَضَاجِعِ وَاضْرِبُوهُنَّ فَإِنْ أَطَعْنَكُمْ فَلَا تَبْغُوا عَلَيْهِنَّ سَبِيلًا إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلِيًّا كَبِيرًا}

Алла Тағала: «Нағыз ерлер (тәрбие беруде) әйелдерге басшы һәм (нәпақамен қамтамасыз етіп) қорғанболғандары. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қамқор болу сынды мәселелерде) артық (қабілетті етіп) жаратқандығы әрі ер адамдардың қаражат жауапкершілігін арқалағандығы. Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ, Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқын аяқасты етпей (отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар. Әйелдеріңнің қыңырлыққа басып, бағынбай кетуінен қорықсаңдар, оларға алдымен насихат айтыңдар. (насихат нәтиже бермесе,) олардан бөлек жатыңдар.  (Сонда да қыңырлығын қоймаса, бір жеріне зақым келтіріп алмай ақырын) ұрыңдар. Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер. Біліп қойыңдар, Алла – Али (бәрінен үстем), Кәбир (ұлы)» («Ниса» сүресі, 34-аят) деген.

Аяттың тәпсірі: Бұл аятта Алла Тағала ерлі-зайыптылардың көтерген шаңырақтарын шәйқалтпай, жарасымды өмір сүрулері үшін бір-бірінің алдындағы кейбір міндеттері көрсетілген. Отбасы мүшелерінің өзара көптеген міндерттері бар. Солардың ең бастысы өзара сыйластық, жанашырлық. Сыйластық болған жерде иманмен өмір сүру, баланың дұрыс тәрбие алуы, өмір қиындықтарын оңай еңсеру сынды істер өз кезегімен нәтиже бермек. Ал ерлі-зайыптылар, бір-бірінен айып іздеп, берекесіздік белең ала бастаған жағдайда отбасындағы қиындықтар шешілудің орнына еселене түспек.

Аятта үш маңызды іс сөз етіліп тұр деуге болады. Әуелі, отағасы қармағындағы жас балалары мен әйелін асырауы басты міндеті ретінде айтылады. Ел қатарлы жақсы өмір сүрмеген жағдайда, бала-шаға арасында ұрыс-керістің туындауына, тіпті, қоғамда әртүрлі қылмыстардың жасалуына әкеліп соғары анық. Сол себепті, ер адамның міндеті тек отбасымен шектелмей, бір ұшы қоғаммен байланысып жатқанын көруге болады. Екіншісі, отбасындағы ішер асы, киер киімі болған әйелдің басты міндеттерінің бірі ерінің ар-намысын сақтап, отбасындағы құпиялықты сыртқа шашпау және ері тауып әкелген дүние-мүлікті ұқыппен жұмсау, ысырап етпеуі көрсетілген. Яғни, бірді екі ете отырып, отбасы мен қоғам бүтіндігін сақтау екінші кезекте әйел кісінің еншісіне қалдырылған. Үшіншісі, аталмыш міндеттерін дұрыс атқармаған әйелге насихат ету, бөлек төсек салып жату және уақытша бөлек қалу арқылы тәрбие беру жолдары көрсетілген. Енді, осылардың әрбіріне жеке-жеке бір тоқталып көрелік.            

Отағасының міндеті

Адамның ғұмыры өзгелермен барыс-келістен тұратындықтан, әркімнің өмірде өз жауапкершілігін білуі маңызды. Жауапкершілік болмаған жерде баяшатты да, баянды ғұмыр кешу болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір хадисінде: ««Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағы іске жауапты. Имам (басшы) халқынан жауапты. Отағасы отбасы мүшелерінен жауапты. Әйелі де күйеуінің үйіне әкелген дүниесінен жауапты. Қызметші қожайынының ісінен жауапты»[1] деген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) ұлағатты бұл сөзі, қара құлдан ханға дейінгі әркім өз ісінен жауапты екенін, сол үшін Алланың құзырында сұралатынын ескертіп отыр. Әсіресе, отбасындағы ер мен әйелді атап айтуының да өзіндік мәні бары ақиқат. Ислам шариғатында, отағасының әйел, бала-шағасын адал жолмен асырауы басты міндеті болып табылады. Алла елшісі (с.а.с): «Сендердің ішкен, жегендерің адалдан болмай тұрып қайдан дұға-тілектерің қабыл болсын» деген. Адамның қорек еткен азығы сүйеккке сіңіп, ет болып бітуімен қатар, адам бойындағы ізгі қасиеттері де сол жеген-ішкені негізінде қалыптасады. Ислам шариғаты, нәзік жанды әйел затын отбасындағы бар дүниені дұрыс пайдалануға ғана жауапты етіп, отағасы болған ер-азаматтың мойнына өмір бойы бала-шағасын адал жолмен асырау сынды ауыр жүкті артып қоюының өзі дініміздегі әділдіктің бір көрінісі деуге болады.

Қасиетті Құранда: «Халал рызықтан жеңдер» («Мүмін» сүресі, 51-аят) деп әмір етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) бір хадисінде: «Тозаққа жануға ең лайықты ет (адам) харам тамақты қорек еткен кісі»[2] десе, тағы бір риуаятта: «Адамға қорек еткен асы билік жүргізеді. Харам тамақ жеген адам күнә істеуді қаласын яки қаламасын мүшелері жамандыққа бұрып тұрады. Ал халал тамақ жеген адам, сауапты істі қаласын яки қаламасын мүшелері ізгілікке бастап тұрады»[3] деп жеп-ішкен азығымыз өмірімізге ықпал ететіндігін айтады.

Демек, адал кәсіп етіп, таза тамақ жеу Алла Тағаланың әмірі және мұсылмандық парыз саналғандықтан, әйел мен бала-шаға отағасыдан адал ризықпен асырауын талап ете алады. Сонымен қатар, нəпақаның өлшемі немесе отбасы мүшелерінің тамағы, киім-кешегі және баспанасы секілді күнделікті қажетті нәрселер ер адамның жағдайына қарай белгіленеді. Бұл жерде әйел ерінің шамасынан тыс нәрселерді талап етуге құқы жоқ. Әрі әйел кісі әлеуметтік ісінде күйеуіне бағынышты болғандықтан, ата-анасына көмектесе алмай жатса күнәкар болмайды. Ал ата-анасымен, туысқандарымен қарым-қатынас жасап тұруына әбден құқылы.

Әйелдің міндеті

Аятта зікір етілген әйел кісінің басты міндеттері ар-намысын сақтау, бөгде еркекпен көңіл қоспау және отбасындағы сырды сыртқа шашпау. Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «Жұмақтың қалаған есігінен кір» деп айтылады »[4] деген.

Отбасындағы әйел адам ерінің маңдай тер, адал еңбегімен тауып әкелген дүние-мүлікін ысырап етпей, жауапкершілікпен қарауы басты міндеті дедік. Бұл отбасылық өмірдегі күнделікті азық-түлік, электр жарығы, суды қолдану, тіпті, әр бөлмеге кіріп-шыққанда электр жарығын өшіріп жүру сынды істердің бәрін экономдап қолдануын білдіреді. Кейде көзге бір бөлменің жарығы бірер сағат жанып қалуы, суды ағызып қоймай, тоқтатып қолдану істері болмашы іс болып көрінуі мүмкін. Алайды, орынсыз жанған шырақ пен артық аққан судың минут, секундтына ақша есептелетіндіктен, бәрі ысырапқа жатады. Бұл шариғат талабына да, адамгершілік қасиетке де сай келмейді. Әсіресе, кейбір табыс көзі шектеулі отағасыларға ауыр тиері анық. Әйелі бір тапқанын екіншісіне жеткізбей отырса, оның жұмысқа деген қызығушылығын салқындатып, жұмыссыз қалуына себеп болуы мүмкін. Бұл ерлі-зайыпты арасында ұрыс-керістің туындауына, ажырасуға және әке-шешенің тәрбиесін көрмеген жетімдердің көбеюіне әкеліп соғады.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда дінге жаңа бет бұрған кейбір қарындастарымыз, шариғаттың «Отағасы әйел, бала-шағасын бағуға міндетті» деген тұсын жалаң түсініп жүрген тәрізді. Әрине, мұсылман әйелдердің барлығын айыптаудан аулақпыз. Әйтседе, хадистегі «Әйелі де күйеуінің үйіне әкелген дүниесінен жауапты» деген жеріне сүйене отырып, кейбір әйелдердің «Мені ерім бағуға міндетті. Мен ешнәрсе істеуге міндетті емеспін» деген сынды түсініктері дұрыс еместігін, отбасындағы әйел адамның да өзіндік міндеттері барын ескерту. Ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанып келген қазақ халқының салт-дәстүрі мұсылмандық тәрбие негізінде қалыптасқаны анық. Әрбір қазақ отбасындағы әйелдің қыбланамасы әуелі Алла елшісінің (с.а.с) жұбайлары болса, қала берді ақ жаулықты аналарымыз еді. Алла елшісінің (с.а.с) жұбайлары мен ақ жаулықты аналарымыз өз міндеттерін қалай өтеді? Соған қысқаша бір тоқталып өтелік. Алла елшісінің (с.а.с) жұбайлары:

- Пайғамбарымыздың (с.а.с) алғашқы жұбайы Хадижа анамыз саудамен айналысатын, Меккедегі алдыңғы қатарлы байлардың бірі еді. Бүкіл дүние-мүлкін Ислам дінін насихаттау жолына жұмсаған.

- Айша анамыз болса, шариғат ілімдерін жетік меңгерген, хадис көп риуаят еткен ғалым әйел болған.

- Умму Сәләма анамыз әрі ғалым, әрі Ухуд шайқасында батырлығымен танылған парасатты әйел еді.

- Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің қас шебері болған.

- Мәймуна және Жуайриә сынды жұбайлары, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасты күшейтуде өз үлестерін қосқан. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) әрбір жұбайы үйде қол қусырып қарап отырмай, отбасы қиыншылығын бірге көтерісіп, Ислам дінінің кең насихатталуы жолында еріне мол үлестерін қосқан асыл аналарымыз еді.

Ал қазақ әйелдері (әжелеріміз бен аналарымыз), үйде ешбір жұмыс істемей отырған ба? Жоқ, олар баққан малдары арқылы үйдегі түрлі қажеттіліктерін шешіп отырды. Мысалы: балаларына малдың терілерін илеп, сырт киімдер мен аяқ киімдерін тігіп кигізген. Жүндерінен киіз басып, арқан-жіп есіп түрлі керекке жаратқан. Малдың сүтінен құрт, ірімшік және май сияқты қоректік күші бар азық жинап, отбасының қысы-жазы жейтін тамағын қамтамасыз етіп отырған. Яғни, отағасы сыртқы жұмыстармен айналысқанда, үйдегі әйелдер де қарап отырмай бірге қимылдап, өмірдің ауыртпалығы мен қызығын бірге көтеріскен. Соның арқасында өберелі-шөберелі болып өсіп, бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізген.   

Өмірде қандай да бір келеңсіз жағдай жүз беріп жатса, оның туындау салдарының бір ұшы ерлі-зайыптылармен байланысты. Олардың өз жауапкершілігін толық сезінбеуі, бала тәрбиесіне кішкентай кезінен көңіл бөлмеуі салдарынан туындайды. Сондай-ақ, өмірлік рухани тәрбие ерлі-зайыптылардың жарасымымен, өзара селбестігі арқылы ғана беріледі. Адам бойындағы жауапты ісіне болған адалдық, еңбек сүйгіштік, сыйластық, үнемшілдік және қарапайымдылық сияқты адами қасиеттер отбасының Ұлы Ордаға айналуына ұйтқы болмақ. Сол себепті, отбасында әрбір ата-ана өз жауапкершілігін сезініп, мойынсал болмайынша береке-бірлікте, бақытты ғұмыр кешуде болмақ емес!

БАҚ-сөйлесудің әдебі

Бүгінгі күнде БАҚ арқылы түрлі ақпараттар тарап жатады. Соның қатарында, отбасында отырған әйелдер отбасындағы кейбір сақтауға тиісті болған сырларын өзгелермен бөлісіп отырады. Мұның соңы көбінесе, отбасының ыдырауына, қоғамның бұзылуына алып келеді. Дінімізде, нәзік жанды әйелдердің «Internet, Facebook, WhatsApp» сияқты ақпарат желілері арқылы бөгде адамдармен сөйлесуі, хат жазысуылары дұрыс ба? деген сұрақ төңірегінде қысқаша тоқталып көрелік.

Жалпы, «Internet, Facebook, WhatsApp» сияқты әлеуметтік желілер арқылы бөгде (некелесу харам болмаған) ер-әйелдердің бір-бірімен пікір алмасып, сұхбаттасу барысында, шариғат шеңберінен шығып кетпеу шарт. Немесе халық арасына бүлік салатын, зинаға апаратын өрескел қалжың айту, жаман суреттер жариялау, бірін-бірі ғайбаттау сияқты күнәлі істерден сақтану тиіс. Сондай-ақ, бұл шарттарды сақтай отырып, Ислам дінін, адамгершілік қасиеттерді насихаттау немесе дін және ізгіліктен тұратын тарихты, салт-дәстүрді үйрену мақсатында ғана сөйлесуге болады. Фықһта: «Рұхсат қажеттілік көлемінде ғана болады» деген қағида бар.

Демек, маңызды бір қажеттілік болмаған жағдайда әлеуметтік желілер арқылы бөгде ер-әйелдердің бір-бірімен сөйлесуі дұрыс емес. Себебі, бұл көп жағдай адамдардың өзіне тиісті маңызды істеріне селқос қарауына және отбасындағы бір адамның әлеуметтік желіде отырған жарына кіммен сүйлесіп отыр деп күмәнмен қарауына әкеп соғады. Нәтижеде, жұмысын тыңғылықты істемеген адам жұмысынан кетіп, ерлі-зайыптылар ажырасып тынуы мүмкін.

Әйелді тәрбиелеу жолы

«Ниса» сүресінің 34-аятында «Нушуз» яғни, әйел кісі еріне бағынбай шектен тыс іс-әрекеттерге барған жағдайда, әйелін күнәлі істен тыйып, райынан қайтару мақсатында тәрбие берудің үш түрлі жолы көрсетілген. Әуелі, үгіт-насихат айту арқылы істеп жүрген әрекеттерінің шариғатқа қайшы екендігін хикметпен жеткізу. Екіншісі, төсектен бас тарту. Яғни, әйелінің ісіне болған наразылығын бөлек жату немесе теріс қарап жату арқылы білдіру. Мүмкін бұл істен де әйел адам ерін шын сүйетін болса, тәубесіне келіп дұрыс жолға түсері хақ. Үшіншісі, аятта «Дараба» етістігі негізінде келіп, қазақ тілінде «ұру» мағынасы қолданылып жүр. Алайда, оның отызға жуық мағынасы бары айтылған.

Бұл туралы Ермек Есқожа, өзінің «Ислам әйелді «ұр» дей ме?» деген мақаласында былай келтіреді: «Сөздікте «дар ра ба» масдар ретінде «ұрып-соғу», «жасау», «тастау», «айрылысу», «көрсету», «беру», «қою» сынды бірнеше мағыналарды береді. «Дараба хисса» – квота тағайындау, «дараба хақнун» – укол салу, «дараба һәймә» – шатыр құру, «дараба дарибатун» – салық салу, «дараба мисәл» – мысал беру, «дарабал һәтифа» – телефон шалу сынды отызға жуық мағыналары бар» дей келе, аятқа «уақытша айрылысу» мағынасын беруді жөн көреді. Әрі көзқарасын дәлелдеу мақсактында ғұламалардың тұжырымдарына сүйене отырып, Алла елшісінің (с.а.с.) өміріндегі мына оқиғаны да келтіреді: «Айша анамызға (ол кісіден Алла разы болсын) зина жасады деген жала жабылған кезде (бұл істің анық-қанығы аят болып түспей тұрғанда) пайғамбарымыз алдымен насихат айтты, төсекте бөлек жатты һәм уақытша әкесінің үйіне жіберді. Бұл аятты жорамалдаушылар пайғамбар өмірінен өнеге алуды шетке ысырып қойып, өздеріне керекті «ұру» деген мағынаны таңдап алып, әйелді ер адамнан төмен санайтын түсінікке итермелегісі келеді. Аятты түсіну барсында «дараба» етістігі ұру емес, «бос қоя беру», «жөніне жіберу» екендігін осыдан-ақ ұғынуға болады»[5].

Аяттағы «Дараба» сөзіне «ұру» мағынасын бергендер, күйеуіне бағынбай шектес тыс кеткен әйелді ісінің ұнамсыз екендігін сезіндіріп, тәрбие беру мақсатында денесіне дақ түсірмей жәй ұру мағынасында дей отырып, әйелді батыра ұруды, оның ақысына қол сұққандық санап, ауыр күнәға жатқызады. Демек, Ислам шариғаты әйел шектен шықпаған жағдайда қол көтеруге тыйым салған. Әнас ибн Мәликтің (р.а.) жеткізген хадисінде: «Алланың елшісі (с.а.с.) ешқашан қызметшісін де, әйелдерін де ұрған жоқ» делінген. Алла елшісінің (с.а.с) әрбір ісін өнеге тұтқан күллі мұсылман үшін аяттағы «дараба» сөзінің негізгі тәпсірі де осы десек болады. Тіпті, Ислам діні ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүруі қиындап, жалғасты өмір сүре берген жағдайда күнәлі іске бару ықтималдығы арта түскен соңғы сәттерінің өзін де бір-бірінің ақысын кешіре отырып, өзара сыйластықпен ажырасуды ұсынады. Міне, бұл дініміздегі сара жол деуге болады.

Ал, статистикаға сүйенсек, əйелге қол көтеру саны мұсылман елдерінен гөрі батыста басымырақ көрінеді. Сондықтан батыс елдерінде əйел құқығын қорғау үшін көптеген ұйымдар құрылған. Америкалық атақты феминист проф. Темма Каплан бұл елде əйелдердің 50 пайызы күйеуінің соққысына жығылады деген дерек ұсынады. Оның мəлімдеуінше, əйеліне ең көп жұдырық сілтейтіндер дəрігерлер, адвокаттар, одан кейінгі орында фирмаларда жұмыс істейтін жоғары лауазымды қызметкерлер екен. Көріп отырғанымыздай, əйелін тепкінің астына алатындар қара танымас біреулер емес, бəрі де жоғары білімді, мəдениетті кісілер. Демек, Құран үкімдерін жəне хадистерді дұрыс түсінбеген мұсылмандардың əрекетіне қарап, Ислам діні əйелге қол көтеруге жол ашқан деу ешқандай қисынға сай келмейді[6].

Қорыта айтар болсақ, ерлі-зайыптылар өз міндеттеріне жауапкершілік танытып, сыйластықты сақтаған жағдайда, әйел ұру мәселесі де сөз болмас еді. «Ниса» сүресінің бұл 34-аятынан ақ некені таза сақтап, бақытты отбасы болудың ең керемет үлгісін көре аламыз.

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы  

 


[1] Бұхари, 7138; Мүслим, 1829.

[2] Сахихут тарғиб, 1729-хадис.

[3] Ихия ғұлумуддин лил Ғаззали,Ккитбул халал уә харам, 531-бет.

[4] Ахмад ІІІ т. – 199 б. (№ 1661 хадис). – 508 бет.

0 пікір