Ер жігіттің 3 намысы бар
Ер жігіттің 3 намысы бар
28.03.2019 10:50
2992
0

Кез-келген мемлекеттің негізгі құраушы ұлты болады. Қазақстан елінің негізгі иесі –  қазақ. Демек, отанның болашағы да сол ұлтқа тікелей байланысты. Ұрпақ ауысқан заманда, отанның мығымдылығын кім сақтап қалады деген ой мазалайды. Міне, бұл ой, бұл заманның келер заманның жастарының болашағына, оның тәрбиесіне мән беруден басталуы қажет деп ойлаймын.

Данышпан Абай айтқан «толық адамды», жасампаз қазақ жасын қалай рухани құндылығын сақтай отырып, отанның иесі етіп қалай тәрбиелейміз деген ой бүгінгі заманның негізгі мәселесіне айналып отыр. ХХ ғасырдың ұлы ойшылы Алберт Энштейн былай депті: «Егер бақытты өмір сүргіңіз келсе, мақсатқа тәуелді болыңыз». Ойшылдың ешқашан үмітіңнен айырылма, үмітсіз шайтан ғана болады деген ойы шығар. Біз қазақ бұны осылай түсінеміз. Біздің түсінігімізде қараңғылық деген болмайды, «қараңғылық жарықтың түспеуінен» деп Алаш қайраткерлері айтып өтті. Жаңа кәсіп иелері, ғылымға бет бұрған қазақ жастары деген ұғымдар бүгінгі жаңалықтардың жаршысы болғанымен, мұны толыққанды жасай алмай жатқанымызды да мойындауымыз қажет. Қазақ «мың қайғының қамалын бір тәуекел бұзады», демей ме? Мүмкін көп іс тындыруға тәуекел жетіспей жатқан болар. Бұл да маңызды мәселе болып қалмақ.

Бүгінгі қазақ жастары рухани-адамгершілік құндылықтарды қайдан алады деген мәселе бар. Жаһанданудың жолында құрбан боламыз ба, әлде өзіміздің төл ұлттық жолымызбен жүреміз бе деген мәселе тұр. «Тәрбие – ұлттық, білім –

ғаламдық болуы қажет» деген түсінік осы жерден шығады. Ұлттық деген мәселеде ұлт мәселесіне келсек, ақылға салсақ, ұлтты біз жасаған жоқпыз. Ол туралы қасиетті Құран кәрімде Алла Тағала «сендерді ұлт пен ұлыстан жараттым» дейді. Біз кейде олақтық ісімізді басшылықтан, биліктен көруге асығып тұрамыз да, әркім жауапкершілікті өзімізге алудан қашады екенбіз. Мұхаммед Пайғамбар хадисінде былай деген екен:

«Сендер қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар».

Дін мен мәдениетті бүгінгі күні неге қатар қойып отырмыз? Қазақ руханиятында ислам мен ұлттық рухани дүниені бөліп қарастыру мүмкін бе? Әсте  мүмкін емес. Өйткені қазақ тарихында мәдениеттің кез-келген тізбегіне діннің рөлі болды.

Бүгінгі жас ұрпақтың саналық рухының харекетке ұмтылуына не кедергі деген сұрақ туады. Ол, бүгінгі ел ағаларының айтуы бойынша еріншектік, тәуекелі жоқтық, білімсіздік екен. Бұл туралы данышпан Шәкәрім былай дейді:

Еріншектен – салақтық.

Салақтықтан – надандық.

Бірінен-бірі туады.

Жоғалар сөйтіп адамдық,-дейді.

Өз бейнесінде келсе ақылдың қамалынан өте алмайтынын білген еріншектік, кейде адамға сабырдың тонын жамылып келеді екен. Арпалысқан бүгінгі жаһандық заманда сабырдың да өз шегі болатынын бүгінгі ұрпақ білуі қажет.

Еріншектің көп қырының бірі, адамды қоғамдағы «басқа адамдар» арқылы, «өзгелер» арқылы алдайды екен. Өзгелерді мысалға ала отырып, харекетке талпынған рухтың, ақылдың көзін байламақ.

Сонымен қатар, жастардың санасындағы қайырымды болу, жанашыр болу деген адамгершілік құндылықтарының болуы да маңызды. Адам адам деген атқа лайық болуының алғышарты «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап беруімен басталады екен. Осы жерде Мәуләнә Румидың мына бір сөзі еске түседі: «Ішіңді сыртыңа қарағанда көп көркейт. Себебі сыртың халықтың, ал ішің Хақтың назарында тұр». Шәкәрім атамыз «Сырт тазасы не керек, тазарт әуелі ішіңді», дейді. «О дүниеге аттанған адам Алла Тағаладан «Я, Аллам мені бұл дүниеге бір күнге жіберші, «қайырымдылық пен қамқорлық» жасап келейінші деп,-жалынады екен ("Мунафикун" сүресі, 10 аят.). Неге «намаз оқып келейінші…» демейді. Бұл жерде ғибадатқа қарсы шығу мәселесі тұрған жоқ. Бұдан, исламның сыртқы формаға емес, ішкі мәнге түскенін айғақтаймыз. Яғни, исламның қазақ жастарының жан дүниесіне қайырымдылық, жанашырлық, тәуекелшілдік, білімділік құндылықтарын сіңіруде орны бар. Бұл жерде діннің адам рухының жақсы істер жасауына, барлық харекетті шынайы, ішкі жан дүниесімен атқаруына ықпалы барын көреміз.

Біз қазір зайырлы ұстанымдағы елміз дейміз де, ішкі қалыпқа (рухқа, жан дүниеге) мән бере бермейді екенбіз. Қазір бәрі жасалып жатқан сияқты болады, бірақ бәрімізге бірдеңе жетіспей жүргені анық байқалады. Ол не деп әркім өзінен сұраса, ішкі рухың – ол жанның сұранысы деп, бізге ұқтырғандай болады. Тағы да дін. Біз, қазақ, жан Алладан келген, тән жерден жаратылғанын  мойындаймыз. Бүгінгі жастарды мал таппайды, тәрбиесі қиын деп кінәлаймыз. Оны шешетін бір ғана мәселе бар екен. Ол – жастардың рухын тәрбиелеу. Ислам философтарының айтуынша, «Рух – адам жаратылысы болмысының асылы, барлық дене соның қызметшісі»-дейді.

Осындай Рухани тақырыптар не үшін айтылуы қажет, деген сұрақ туады. Адамзат алдында «Рухани құлдырау» деген қорқыныш бар. Ең жаманы, жаман әдет адамның рухани дүниесіне білінбей кіріп, физикалық дүниесіне ауру, не кесел, не қырсық болып келеді екен. Егер адам рухын тазарта алмаса, ертең баласына, сосын немере-шөбересіне ДНК арқылы өтетіні мәлім. Келешек ұрпақтың тағдыры ата-анасының рухының тазалығына тәуелді деген – осы.

Енді қош делік, бүгінгі жастың рухын тәрбиелегенде нені біз байқамай жүрміз? Қай жерден мүлт кетіп жатырмыз деген мәселе ортаға шығады. Әлем философтарының, өткен және қазіргі кезеңнің алдыңғы қатарлы тұлғаларының сөзіне иек артсақ, ол – адамның өз-өзіне деген сенімін қайтару екен. Сана тәуелсіз, өз-өзіне сенімді болса, ондай адам кез-келген биікті бағындыруда, көздеген мақсатына жетуде кедергілерді бұзып өтеді екен. Ал, біз ол сенімді жастардың бойына қалай құймақпыз деген мәселе шығады. Ойлансақ, жастардың руханиятына әсер ететін дүниелерді жасағанда пайдалы ертегіні де дұрыстап айта алмайды екенбіз. Мысалға, Қазақтың әз-Жәнібек ханы қан майданда арпалысып жүргенде Мәскеу князі III Иван идеологиямен айналысыпты. Бірақ мұны княздің өзі емес, Филофей деген шіркеу қызметшісі тындырды. Енді қызыққа қараңыз, әлгі діндар мынадай ертегі ойлап тауыпты. Ақырзаманға дейін әлемде үшінші Рим болады екен. Ол – Мәскеу. Шашыраған халықты «діндар» Филофей осыған сендірді (Р.Рамазанұлы). Бұл – адамға биік белеске ұмтылдыратын «сенім» мәселесі. Мүмкін, біз жастарға рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттағанда пайдалы ертегіні қолдануымыз қажет шығар.

Әлемдегі материалдық дүниеде алға шығып, ғылымның белортасында жүрген еврей жастары неге жетістікке жеткіш? Себебі өз-өздеріне сенімді. Біз сенбесек те, олардың қасиетті кітабы Тауратта еврейлер таңдаулы халық деп болып есептеледі. Тағы да сенім. Яғни, елдің болашағы жастардың өз-өздеріне сенімділігі, рухтың тәуелсіздігінен басталатынын көрсетеді.

Біз айтып отырған сенімді ислам арқылы да атқаруға болады екен. Өйткені руханият сөзінің түп негізі рухтың өзін дінсіз тәрбиелеу мүмкін бе? Халықтың ұлттық болмысына деген махаббаты мен ғылымға деген ынтасын, рухты дін арқылы да  тәрбиелеуге болады. Сонда оның ұлттық ойлауы – имани деңгейге, ғылымға құштарлығы – екідүниелік ойлау болмысына айналады екен. Санамыздың нағыз тәуелсіздігі осы жерден басталатын шығар. Ата-бабаларымыздың Құдайға құл болудың мәнісін біл дегені – осы.

Кезінде Сократ: «Мен өмір сүру үшін тамақ ішем, тамақ ішу үшін өмір сүрмеймін», депті. Біз қалай өмір сүреміз, кім үшін өмір сүреміз, отанға қызмет етуіміз үшін не істеуіміз керек, қайткенде отанның болашағын мына сапырылысқан геосаяси жағдайда сақтап қаламыз? Міне, бұл – бүгінгі қазақ жастарының басты ойландыратын мәселесі. Мұхамед пайғамбар хадисінде былай дейді:

«Ер азаматтың үш намысы болады. Иманы, отбасы, отаны. Иманын – шайтаннан, отбасын – бөгделерден, отанын –жаудан қорғайды».

Шәкәрім атамыз: «келдім – қайдан, қайтсем – пайдам, өлгеннен соң не болам», деген сұрақтарға әр мұсылман жауап іздеу керек дейді. Сөйтсе ғана адамның аты шын адам болады екен. Пайғамбар айтқан үш намысыңды қорғауға пайдасы тиер.

Біз жоғарыда жастардың рухани-адамгершілік дүниесін тәрбиелеуде еріншектік, қайырымдылық, сенім мәселелерін талдадық. Ендігі білімсіздік мәселесін талдасақ. Оған қасиетті Құранда дәлел де бар. Пайғамбарға ең бірінші уахи «оқы» деумен басталмай ма? Білім, ғылым – Алланың бір сипаты екен. Ислам философы имам Ғазали: О дүниеде шаһидтер ғылым иелерінің өздерінен мәртебелері бір саты жоғары тұрғанын көріп, неге біз мына дүниеде ғылыммен айналыспадық екен деп, армандайды» дейді. Яғни, Аллаңды тану үшін де ғылыммен айналысу қажет екен. Ғылым мен білімге арқа сүйемеген талай елдердің тағдырлары тарихта традегиямен аяқталғанын біз жақсы білеміз.

Осының бәрін қорыта келе, отанды не үшін сүю керек? Отан жолында осыншама рухымызды тәрбиелеп, мән-мағыналы өмір сүре аламыз деген ой жастарды мазалайды. Неге күнімізді көріп, тіршілігімізді жасап жүре бермейміз? Отан деп жанымызды ауыртып, жүрегімізді сыздатып неге қызмет етуіміз қажет? Сұрағы айқын болғанымен, жауабы қате. Біз жоғарыда Пайғамбар айтқан ер азаматтың  үш намысының бірі отаны екені айтылды. «Отанды сүю – иманнан» деген хадис бар. Демек бұл хадистен түйетініміз отаныңды сүймесең иманың кемел болмайды дегенді меңзейді. Пайғамбарымыз Меккеден қуылғанда, туған қаласына қарап тұрып, «мәжбүр болмасам сенен кетер ме едім, ей туған жерім» деген екен. Бұл пайғамбардың да туған отанына деген махаббатын көрсетеді. Қасиетті Құран Кәрімде де «сендерді ұлт пен ұлыстан жараттым, бір-бірлеріңді тану үшін» деп, ұлтты жаратушы және оған отан беруші Алладан екенін ұқтырады. Біз ата-анамыздың баласы болғанымызбен ұлттың баласы екенбіз. Үлкен өлшеммен алғанда Алланың баласы екенбіз (О.Жәлел). Алла Тағала әрқайсысымызды ананың жатырына салғанда, баланың рухын үрлегенде қазақ етіп жаратады екен. Ол – біздің таңдауымыз емес, Алланың қалауы. Демек, қазақ болып жаратылуымыз – Алланың бұйрығы. Мұсылман адам Аллаға қарсы шыға ала ма екен? Сондықтан «отанды сүю – иманнан» деген хадистің мәні осыда. Отаныңды сүю, оған қызмет ету, намысыңдай қорғау, ол жолда қайтыс болсаң «шахид» боласың деуі де – осыдан. Қазақтың «отан – от басынан басталады», дегені де осы. Әр жас өз отбасын сүйсе, отанын да сүйіп жарытады екен. Имам Ғазали ғалымның пікірімен өрбітсек,  «сүйген адам сүйгенінің айналасын тұтас сүйе бастайды» екен.

Қазіргі таңдағы ұлтқа қарсы, отаныңды қорғауға қарсы итермелейтін жат дүниелердің жастардың рухына орналасуының негізгі мәселесі иманының болмауынан, ұлттық сананың, тарихи сананың жоқтығынан шығып отыр. Әр ұрпақта жаңғыруға дайын генеологиялық жады деген болады. Бұл – анатомия ғылымында бар нәрсе. Яғни, жас ұрпақтың санасында ата-бабаларынан сіңген ұлттық жады бар. Ол жады әркез жаңғыруға дайын болып, бір иығын беріп тұрады екен. Елбасының «Рухани жаңғыру» деп халыққа қозғау салуы да осы. Біз соны қозғай білуіміз қажет. Қозғай алмасақ, бізге – сын…

 

 Жарас АХАН, тарихшы    kazislam.kz

0 пікір