Енді мендегі «Апай»-дың «й»-і түсіп қалды, «Апа!»
Енді мендегі «Апай»-дың «й»-і  түсіп қалды, «Апа!»
13.02.2018 15:59
1453
0

Бір айдай боп қалды-ау, жұмысқа бір апай келген. Киім ілетін орында істейді. Кіргенде, сосын шыққанда ғана көресің ғой. Әйтеуір әңгіме айтып қалатын. Жақсы кісі. Адамның келген-кеткенінен-ақ көп нәрсені аңдап тұрады екен. 

Жұмыс уақыты біткен соң, үстелімнің үстін реттедім де, жөнелдім. Менің сырт киімімді жаттап алыпты өзі, нөмірімді айтпай-ақ алып берді. Қолымдағы кітапты аз-кем сөз қып тұрды да:

 «Айналайын, осы сен қай жақтан келгенсің? Әке-шешең қай ауылдыкі?» - деді.

 «Неге сұрадыңыз?» деймін.

 Сөйтсем:

 «Менің ұлым бар еді, соған қыз қарап жүр ем», - дейді.

 «Қыздар көп қой, апай. Міне, дәл осы жерден де нешеуі шығады» деймін мен де.

 «Киім ілетін жердегі кісі демей, cәлемдесе алатыныңан, сөйлесе кететініңнен айтқаным ғой. Маған қарап неғылма… Балалар үшін өмір сүрдік қой. Ұлым жігіт, оқудың жолына түскен…» - деп бір үзді.

Соны пайдаландым да:

 «Апай, адам өз таңдауынан оңайлықпен бас тартпайды, өзі тапқаны дұрыс қой. Ниетіңізге рақмет, сау болыңыз!» - дедім де, бұрылдым. 

Тысқа шығып ап, күрсіндім. Әлгі апайға емес, айналамдағы адамдардың бір ісіне. «Киім ілетін жердегі кісі демей…» дей ме. Адамды адамдығына, көргеніне, түйгеніне, тындырғанына емес, қызметіне, атағына, «креслосына» қарап қабылдауды қашан қояды екенбіз, барымен бағалауға өреміз қашан жетеді екен, қоғамым-ай. 

…Әдеттегідей жұмысқа бардым, сол апай тұр екен, бірақ ол мені әдеттегіден бөлек қабыл алды. «О, менің қызым келе жатыр!» деп қарсы алды. Сол сыңайдағы сөзге он жетімнен бері жауап беріп келеді екенмін, қарсылықтан кейін кәдімгідей қырын қарап қалғандар көп кезікті. Олардың арасында атағын тізіп сөйлегендер де бар. 

Жұмыс үстеліме жайғастым да, сүйсіндім. Жақсылықты бәріміз қабылдай аламыз. Ал, қарсылықты... Өмірдің, тағдырдың қайшылықтарын ше. Қабылдай алып жүрміз бе? Қабылдап қана қоймай, қарсылықты жақсылыққа айналдыра аламыз ба? Ал, ол қарсылықты өз деңгейінде қабылдай алды, тіпті өз деңгейінен жоғары қабылдай алды. Міне, өре. «Қызым!» дей ме. Иә. Енді ол кісіге айтылатын мендегі «Апай»-дың «й»-і мен үшін түсіп қалды. Апа. 
Кеше ғана күрсініп кеткен жерден бүгін сүйсініп өттім. Күрсіну мен сүйсінудің арасы-ай.

 

Айдана Шотбайқызының фб-дағы парақшасынан

0 пікір