Ауру ма, азғындау ма?..
Ауру ма, азғындау ма?..
30.06.2018 13:26
654
0

Бүгінгі қоғамның сорақы көріністерінің бірі – гомосексуализм. Яғни, біржыныстылық. Еркек пен еркектің, немесе әйел мен әйелдің әуейі болып махаббат құруы. Әуелі мұны дерт деп айтуға толық негіз бар ма? Мүмкін бұл ауру емес, тоқшылыққа масаттанған имансыздардың қылығы шығар?!

Қасиетті Құран Кәрімде: «Еркек пен еркектің қосылуы шариғат бойынша зинамен тең. Үкімі де зина жасаушылар мен бірдей. Яғни, таспен ұрып өлтіру. Еркек пен еркектің көңіл жарастыруы ең үлкен күнә. Бұл табиғат жаратылысына қарсылық,» - деп «Ағрас» сүресінің 80-аятында айтылған. Сондықтан гомосексуализмді ақтап алуға тырысудың өзі күнә. Алла тыйым салды ма, ол талқылауға жатпайды, мойынұсыну керек.

   Гомосексуализмнің дерт немесе жасанды әрекет екендігі жөнінде – әлем бойынша ғалымдардың ортақ шешімі жоқ. Мысалыға: Француз психиаторы Андре Тардье өз жыныстасына жыныстық құштарлық – тумысынан пайда болған моральдық және физикалық кемтарлық деген. Ал,осы тақырыпқа арнап жазылған 12 бірдей кітаптың авторы, неміс заңгері Карл Ульрихс - олардың пайда болуын жатырда ұрық кезінде дұрыс дамымағандығынан деген пікір айтқан.  Бұл ойға қарсылар да бар. Біржыныстылыққа құмарлықты жүре бітті әдет санайтындардың өкілі - орыс дерматовенерологы В.М.Тарновский. Оның айтуынша мұндай сорақылыққа сол адамның өмірде кездескен теріс әрекеттері, психологиялық соққылар, теріс әрекеттегі қоршаған ортасы әсер етеді.

      Қалай дегенде де, гомосексуализм құптайтын қылық емес. Мұны ауру немесе жүребітті әрекет екенін ажыратудағы мақсат жастарды мұндай жолдан аулақ ұстау мүмкіндігі қаншалықты екенін ұғыну. Сонымен бірге, осындай қылықтарымен көрінген айналамыздағыларды сол әрекетінен қайтаруға бола ма, деген сауалдан туған ой.

      Өкініштісі сол «көгілдірлер» мен лесбиянкалардың қазақ қоғамында да кеңінен қанат жая бастады. Кей мәліметтерге сүйенсек мұндайлардың үлесі ел халқының он пайызын құрайды екен. Олардың жыл санап көбейіп бара жатуы тіптен алаңдататын жайт.Қазір көптеген қалаларда гей клубтар ашылып, біржыныстылар жүздеп жиналатын жын – ойнақтың ордасына айналғанын баршамыз білеміз. Меніңше демократияны желеу етіп, оларды қорғаштай берудің қажеті жоқ. Кей мемлекеттердің біржынысты некеге рұқсат беріп қоюы, оларға «біздің әрекетіміз дұрыс екен» деген ой салары анық. Гомосексуалистер қандай да бір қылмыс жасамаса оларға қарсы елімізде ешқандай заң қарастырылмаған. Мұндай сорақылықтың қанат жаюына заңымыздың солқылдақтығы да себеп болып отыр. Алайда, бұл кей ғалымдар айтқандай ауру болып шықса, оларға қарсы заң қабылдап, жазаға кесу де әділдік болмас. Сондықтан, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей мұндай сорақылыққа қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Әуелі хақ дініміз Исламның жолымен жүруге тәрбиелеп, балаларымыздың Алланың тыйған нәрселерінен бойын аулақ салуын кішкентайынан құлағына құйып отыру шарт. Отбасы институтын дұрыс пайдаланып, жанұя жылуын бойына сіңіре білгеніміз абзал. Ер баланы сүндеттеп, азамат болғанын айтып, оған артылар жауапкершілікті сезіндіргенміз абзал. Қыз баламыздың да ардан аттамай, өзіндік имани сұлулығымен, әдепті, көркем мінезді болып өсуіне аса мән беру қажет. Сонда ғана, отбасынан оң тәрбие алып шыққан ұл намысты, қыз ибалы болып, біз айтып отырған теріс қылыққа бармақ түгілі, кейінгілеріне үлгі боларлықтай ұлағатты ұрпақ болмақ. Баршамыз осы мақсатқа жұмылып амал жасайық!

 

  Асқар Қуаныш

Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің ұстазы

 

 

 

0 пікір