Алимент төлеу – уәжіп
Алимент төлеу – уәжіп
04.03.2019 14:33
2547
0

Исламда алимент төлеу еркек адамның міндеті болып табылады. Яғни, алиментті шариғатымызда نفقة حضانة   деп аталады.

Шариғат заңдарында еркек адам әйеліне талақ берген соң, ұлы немесе қызы 15 жасқа толғанға дейін оларды напақамен (қаржылай, киім-кешек, т.б.) қамтамасыз етіп отыруы уәжіб болып саналады.

Ислам діні отбасыға, бала құқығына өте қатты мән берген. Хидана (алимент) дегеніміз ажырасқаннан кейін де баланың жағдайын жасау, оған қамқор болу. Тек материалдық көмекпен шектелмей, тіпті керек болатын болса, рухани тәрбиесіне де жауапты болуға міндеттейді.

Жүктің бәрін, жауапкершіліктің бәрін ажырасқан әйеліне артып қою, мұсылман еркекке жат қылық. Діни тұрғыда да әке – өз балалары үшін ақыретте Алланың алдында есеп бермек. Сонда қазір алимент төлемей қашып жүрген әкелер бұл дүниеде заң алдында, ал ақыретте Алланың алдында жауапты болмақ. Әрбір ата-анаға балалары аманат болып саналады

Алиментке: баланың тамағы, киімі, оқуына керекті шығындар жатады. Тіпті егер әйелдің баласымен тұратын пәтері жоқ болса, пәтер жалдап, пәтердің ақысын да төлеуге міндетті.

Ұл немесе қыз он бес жасқа толған кезде, оған кіммен бірге тұруға таңдау беріледі. Яғни әке не анасымен тұру құқы баланың еншісіне беріледі. Қаласа шешесінде қалады, қаласа әкесіне барады. Бұл пайғамбарымыздың хадисінде айтылады, Алла елшісі ажырасқан ер мен әйелдің арадағы ұлынан: Кіммен бірге тұрғың келеді?, — деп сұрайды. Бала: анаммен — деп жауап берген кезде, Алла елшісі баланы анасымен қалдырады. Бұл сахих хадисте келген хабар.

Қазақстан республикасының неке және отбасы кодексінің 20 бабында ата-аналар кәмелетке толмаған балалар үшін алименттерді төлеу туралы келісім жасауға құқылы делінген. Ал кодестің 6-шы бабында балаға алимент ретінде тиісті сома, баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне шығындалады делінген.

Алимент төлеу ардың ісі болса да, бәз біреулер баласы 18-ге толғанда, қарыздан құтылам деп ойлайды. Тіпті де олай емес. Бала он сегізге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз әкенің мойнында аманат болып қала береді.

Бақтыбай қажы Бейсенбаев,

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы

бойынша өкіл имамы

Дереккөз:Sharigat.kz

 

0 пікір