Әйеліңе жақындама
Әйеліңе жақындама
09.12.2015 11:00
27662
0

Негізінде, Алла алдында некелеп, адалдап алғаның жан жарың болып табылады. Қазақтың «Құдай қосқан қосағың» дейтін осындайдан шығады. Ал қалың елден жасырып, «ол да сүйгенім ғой» деп әр қандай қарым-қатынасқа бару – дінімізге жат. Әйтсе де осы жерде өз жарың бола тұрып, онымен мұқым-мүлде жақындаспайтын жағдайлар болады. Бұл енді ер адамға да, әйел адамға да тиісті, һәм біле жүретін дүние. Ол не десеңіз, кәдімгі хайыз (етеккір) мен нифас (босану) кезінде болатын жағдайлар. Осы жайында Құран Кәрімде былай баяндалады:

- ... етеккір кезінде әйелдеріңнен аулақ болыңдар! – делінген (Бақара сүресі, 2/222).

Одан бөлек, Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Фатима бинти Әби Хұбәйшқа былай дейтіні бар:

- Етеккір келгенде намаз оқыма! Тоқтағанда бой дәретін ал, намаз оқы, - дейді.

Етеккір мен нифас жағдайынан кейін ғұсыл алудың қажеттілігі жоғарыдағы аяттың жалғасында білдірілген-ді:

- ... әбден таза болған кездеріңде (ғана) Алла өздеріңе бұйырған жерінен жақындаңдар!

Осынау аяттағы «таза болған» деген сөз «ғұсыл құйынған соң» ғана «әйелдеріңмен жақындаңдар» дегенді меңзеп отыр. Мұнда меңзеп отырған ғана жоқ, дәл солай істеңдер деп бұйырып отырғанын ұмытпайық.

Шындығында, хайыз әр айдың белгілі бір күндерінде ғана келсе, ал нифас әйелбосанғаннан кейін ғана пайда болады. Нифастың негізі нақтылы мерзімі жоқ. Сөйтсе де біздің мазхабымыз бойынша, нифастың ең ұзақ уақыты –небары қырық күнге созылады. Ал әлгі хайыздың ең аз мерзімі - үш күн болса, ең көбі - он күнге барады. Сондықтан да осы хайыз бен нифас кезінде нәпсіңізді аз-кем тұсаулап, өзіңізді шыдамдылыққа шақырыңыз. Былайша айтқанда, қанша жерден құмарыңыз кемерінен асып тұрса да, сабырлы болуға тырысыңыз. Қысқасы, жыныстық қатынаста әйеліңізге мүлде жақындамаңыз!..

Ж. БАТМАНОВ

0 пікір