3-сыр: Жақсы жар таңдау
3-сыр: Жақсы жар таңдау
27.04.2015 19:06
20153
0

 Шаңырақ көтеріп, тұрмыс құратын жасқа жетіп, үйленуді ойға алған жастардың алдынан шығатын бірінші сұрақ – жақсы жар таңдау. Бүгінгі таңда жар таңдаудың ұстанымдары біршама өзгеріп бара жатқандай көрінеді. Мысалы, жас қыздар тұрмысқа шықпастан бұрын таңдап отырған болашақ жарынан: «Көлігің бар ма?», «Баспанаң бар ма?», «Үйленген соң бөлек тұрамыз ба?, «Демалысқа қай жеге барамыз?» деген сынды сұрақтарды сұрауы мүмкін.

Жастардың бұл кезеңде бір-бірінен сұрайтын сұрақтары материалдық дүние аясынан шыға алмауы, негізінен, үлкен қоғамдық түйткілдердің қатарына жатады. Бүл – елімізде отбасылар осындай солқылдақ іргетастың үстіне  құрылып жатқанын көрсететін ащы шындық. Кезінде Абай атамыз үйленерде негізге алынатын бірқатар ұстанымдарды былай деп тізіп берген:

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», –  дейді.

Көрдіңіз бе, отбасын құрудағы негізгі мәселе өмірлік серіктердің байлығы немесе арзандығы емес. Олардың ар-намысы, ақылы, ұяты басты назарға қойылып түр. Ұят бар жерде иман бар екенін ескерсек, ең алдымен имандылыққа мән берген дұрыс. Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде әйел заты төрт түрлі белгісіне қарай алынатынын білдіреді. Олар: әйелдің байлығы, шыққан тегі, сұлулығы мен көркі және төртіншісі – діндарлығы.  «Діндарын таңдаған кісі бақыт табады» деп, олардың ең маңыздысын та атап кеткен.

Бұрынғылардан қалған аталы сөздерге қарап, ата-әжелеріміздің де бұл тұрғыдағы ұстанымдарын байқаймыз. Мысалы, «Жақсы әйел басыңа қарайды, жаман әйел жасыңа қарайды»,- дейді. «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас», деп тағы да рухани құндылыққа алдымен көңіл бөлген. Ақтамберді жыраудың мына бір сөзіне қараңызшы, «Мінезді болса алғаның - күнде сонар қызбен тең, Жаман болса алғаның - астыңнан өткен сызбен тең». Мұнда мінездің көркемдігіне, яғни рухани құндылыққа баса назар аударылған.

Қысқасын айтқанда, өмірлік серік таңдағанда, материалдық емес, рухани байлық алдыңғы шепте тұратын таңдау болуға тиіс.

 

 

Ұқсас материалдар 

Үй болудың сабақтары. 1 - сабақ 

Үй болудың сабақтары.  2-сабақ 

Бақытты шаңырақ сырлары. 1- сыр: Ықылас-ниет пен талап 

 Бақытты шаңырақ сырлары. 1- сыр: Анық мақсат 

Сіз қандай күйеусіз ? (Еркектерге он кеңес) 

Үйлену - Алланың ұлы заңы

 

 

0 пікір