Үш таған, үш негіз, үш тірек
Үш таған, үш негіз, үш тірек
11.05.2015 14:10
5948
2

 Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – Ұлты, Діні және Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – Қазақ, дінім – Ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені, сіздің көңіліңізде мен адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.

Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза Исламда.

Ал енді ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтар  болсақ, олар Исламға дейінгі заманнан бастау алып, Ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады.

  Халқымыздың салт-дәстүрінің кез келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің Исламнан нәр алғанын байқайсыз. Сондықтан да Ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз, айырып ажырату оңай емес.

Мәселен, кешегі кеңестік кезеңде бізге шариғатқа қайшы келетін арақ ішуді, доңыз етін жеуді насихаттады. Ал қазақтардың бұрыннан қоректеніп келе жатқан қымызы мен шұбаты ешқандай шариғатқа қайшы емес. Сонымен қатар біздің қыз қуу, көкпар, алтыбақан, бәйге т.б. ұлттық ойындарымыздың барлығы ешқандай құмар ойынға жатпайды.

 Келіннің ата-енесіне, т.б. үлкендерге сәлем салуын ширкке жатқызатындар да шықты, яғни Құдайға серік қосу.  Келін сәлем салу арқылы Алла тағалаға  серік қосып тұрған жоқ ата-енеге сый-құрмет, ізет көрсетіп тұр деген қарапайым түсінікті ұққысы келмесе не айтуға болады.

 Жалпы серік қосу мен ізетті шатастырмау керек. Серік қосу деген не? Егер « Құдай көп» десең, ол серік қосу болады. Бұл жерде келін ата-енеге ізет көрсетіп тұр ғой. Бұл – ата-бабадан келе жатқан қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі. Сондықтан ата-баба дәстүріне шабуыл жасауға жол бермеуіміз керек.

Тәрбие ана құрсағынан басталып-ақ кетеді дейді ғылыми тұжырым. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Бүгінде жарты әлемнің ғалымдары мойындаған көшпенді мәдениетінің әлемдік өркениетте ықпалы, үлесі жайлы ойласақ, қазақ халқының ұлттық ұстанымы, түсінік-танымы, салт-дәстүрі, өмір сүру қағидалары еріккеннің ермегі емес екеніне толық көзіміз жетер еді.

Біраз жылдан бері «хиджаб»-деген сөз шығарып алып  талқыға салып, әуреленудеміз.  Хиджаб – жамылғы деген мағынаны білдіретін араб сөзі. Арабтар Ислам дінінен бұрын осы киімді киген. Ал «ниқаб», «пәренжені»- Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран халықтары қолданады.  Ал біздің қазақтың киімі де Ислам мәдениетімен тығыз байланысты болған. Себебі,  шариғатта қолдың білезігінен  аяқтың тобығына дейін әйелдердің денесі жабық болуы керек делінген. Қазақтың бұрынғы киімінде кеудесі ашық, немесе етегі тізеден келетін киімдер болды ма? Жоқ. Демек, қазақтың киімінің шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ деген сөз. Қазақтың қыздары қызыл көйлек, қызыл бешпет, үкілі қызыл кепеш киген. Кейін заманға лайық етіп, үкілі қызыл кепешті қызыл орамалмен ауыстырған. Келін болмай тұрып, басына ақ тартпаған. Міне, қазақ осылайша, келін мен қызды ажырататын болған. Қара – қайғының белгісі, сондықтан одан қазақ қыздары қашық болған. Қазір де көп жерде осы дәстүр сақталған. Сондықтан  өз ата-салтымызды дамытқанымыз дұрыс.

Құран Кәрімнің Хұжрат сүресінде: «Бір-біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік»,-деп жазылған.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да,  тәбәрік тарату,  ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар әрине,  мұсылман дінінде  нақтылап айтсақ  араб халқында жоқ.  Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе?  Әлде, жеті атадан бері қыз алысып-беріспейтін дәстүрімізді тәрк етіп, арабтарға ұқсап ағасының ұлы інісінің қызын ала берсін деп қарап отыра беруіміз керек пе?! Ендеше біздің дәстүр-салтымыздың  бәрі мұсылман дінінен ауытқулық  немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын, яғни Құран оқу арқылы жүзеге асып жатқанын көріп-біліп жүрміз емес пе!

 Құран КәрімдеАлла Тағала ешқашанда ешбір ұлттың өз салтына тиым салмаған, тек адам болуды және Алланы ұмытпауды, өзіне құлшылық жасауды ғана талап еткен.

Өйткені Алла Тағала тек рухани тазалықты ғана бағалайды және іс әрекеттің өзін емес, оған арқау болған ниетті негіз етеді.

         Халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келген салт-дәстүріне  соқтығуы, діннің өзінен емес, қайдағы бір секталардың сойылын соғушылардан  болады. Исламның атын жамылған секталар көп!

Олар ізгілік туралы айта тұрып, ізгі салттар мен сезімдерді қаралайды, мейірбандық туралы айта тұрып, бәріне тасбауыр қаталдық танытады. Ғайбатты жамандай тұрып, адамдардың күнәсі жөнінде ғайбат айтады. Құдайдың ұлылығы мен құдіреттілігі туралы айта отырып, сол Құдайдың не істейтінін өздерінше кесіп-пішіп, сәуегейлік айтпақ болады. Тек мен сенетін секталық таным ғана дұп-дұрыс, ал басқалар, яғни аруаққа арнап дұға оқушылар мен мал шалып, туыс-туғандарды жинап жетісін, нәзірін, қырқын, жылдығын беру салттарын орындап жүргендер кәпір деп  қасарысады.

Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауат болуы жеткіліксіз. Ұлттық (қазақтық) ар болуы керек. мұсылмандықты қазақы салттармен орындаймыз және  ұлттық дәстүр ерекшеліктерімізді де қастерлейміз.  Ал бұл дүниеде өзіңнің асылдарыңды түгелдей қаралап,  өзгелердің қаңсығына өмешегін үзу қазақ ұлтын  азғындатып, тозғындатып, тамырынан айрылған қарағайдай қуратуы да мүмкін екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек.

 

 

 

 

2 пікір
  • banu
    16.05.2015 22:34
    "Мұсылман болу үшін мұсылмандық сауат болу"жеткілікті.Соңғы кезде дастүрімізді асқақтатамыз деп,мұсылмандығымыздан алшақтап алған жоқпыз ба?Мұсылмандығымыздын бәрін дәстүрімізден шығара алмаймыз -ау...ғұлама Абай айтқандай"шектеулімен шектеусізді"қалай түсіндіре аламыз.Ұлтымыз дінімізді дәстүрге айналдырған,"арабтық","қазақтық"мұсылмандыққа да,ұлттыққа да қатысы жоқ нағыз "мұсылмандықсауат"маселесі....
  • banu
    16.05.2015 22:37
    Ар мен ақшаның ұлты жоқ,олар интернационалистер.