Сәлем - сөздің анасы
Сәлем - сөздің анасы
22.04.2015 12:30
36522
0

     «Сәлем - сөздің анасы» - дейді дана қазақ халқы. Алланың әрбір күнін алғаш кездескен адамдар бір-бірлеріне сәлем берісумен бастап ары қарай қатынастарын жалғастырады. Сол алғашқы салемдесуден-ақ адамдар арасындағы болашақ ізгіліктің немесе жамандықтың ұрығы себіле бастайтынын аңғара бермейміз. Кездескен таныс және бейтаныс адамдардың жүзінен шуақ шашып, жайдары көңілмен күлімсірей сәлем беруі, қол алысып төс қағыстыруы немесе немқұрайлы, жүрдім-бардым бас изеп өте шығуы, тіптен кекірейе кегжиіп сәлеміңді менсінбей қабылдауы, сәлем алмауы бәрі-бәрі адамдар арасындағы сапырылысқан қызу қатынасқа өз әсерін тигізеді. Бірі тараптардың жүрегіне жылу, жүзіне нұр сыйласа, келесісі араларына сызат түсіріп бәлкім ат құйрығын кесістіріп, өшпенділікке дейін жеткізуі мүмкін.

         Сәлем алу, сәлем беру туралы қасиетті Құран Кәрімде «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шексіз Алла әр нәрседен есеп алушы», - дейді ("Ниса" сүресі, 86-аят).

         Қазақ - ежелден сәлемшіл халық. Алыстан келген ағайын-туыс түгілі алаштың қаймана қазағының да асты-үстіне түсіп амандық-саулық сұрасқанда әлемнің бар халқынан да асып түседі десе болғандай. Ауыл-аймақ, бота-тайлақ, абысын-ажын, алыс-жақын, жегжат-жұрағаттың аман-есендігінен бастап, атын атап, түсін түстейтіндерінің бірін қалдырмай сұрап ең соңы мал-төлдің жай-күйі, қора қопсының бүтіндігіне дейін қазбалап-термелей танысатын біздің халық сол сәтінде-ақ келген мейманының қайтар еліндегі таныстарына да дұғай-дұғай сәлемін жолдап барып амандық-саулық жоралғысын бітіретіні бар. Аз дамылдаған соң асықпай-саспай шыт жаңа жоғарыдағы туыс-туғанының амандығын қайта–қайталап тәптіштеп сұрайтынын қайтерсің. Демек, халқымыздың бұл ақкөңіл, ақжаймалылығы ғасырдан-ғасырға салт дәстүрмен ғана емес қанмен жалғасып күні бүгін де ауыл-аудан өңірлерінде өз сорабымен көрініс беруде. Бұл біздің қазақ халқының менталитеті, «аузын ашса жүрегі көрінетін» аңғал да ақпейілдігі, дархан жүрегі, даладай кең көңілінің ортақ бір сипаты деуге болады.

         Ұлы даланың төл баласы болған қазақ ұлтының тума табиғи осынау мінезі қасиетті дініміздің әдептілік ілімімен біте қайнасып кеткен. Өйткені мұсылман адамның «Ассаләмуалейкум!» яғни «сізге есен-саулық, тыныштық тілеймін» деп сәлем беруі оның қайтарымына «Уағалейкумассаләм» яғни, «маған тілеген есен-саулық жақсылықты сізге де тілеймін» -деген жауап алып сансыз сауаптарға ие болуы.

       Осылайша мұсылмандықты болмысына сіңіре білген қазақ халқы сәлемдесуге үлкен мән беріп, үлкен әдептілікке жатқызған. Сырттан келіп сөзді тура бастаған жасы кішілерді «Әй көргенсіз, алдымен сәлемің қайда?» деп тұқыртатын болса, «келді де аман-сәлемі жоқ адыраңдап сөйлей бастады», «тіпті амандасқан да жоқ», «амандасуды білмейтін бір әдепсіз пенде екен» деген сияқты т.б сөздермен жақтырмағанын білдіріп жатуы сәлем беру, амандасуыдың орны адамдар қатынасында қаншалықты жоғары тұратындығын көрсетеді. Шынында да күнделікті қарапайым тіршілікте әсіресе, бүгінгі таңда үлкен қалаларда қым-қуыт қайнап, қайшыласып, мидай сапырылысып жатқан өмір қазанында әрбір кездескен жанға сәлемдесіп, қол беріп амандаса берудің реті келе бермейді. Ондайды қазақ «базарға мың кісі барады, сүйгеніне сәлем береді» деп жалғыз сөзбен қайыруы да сәлем берем деген желеуден шығатын орынсыз дарақылыққа орын жоқ екенін меңзесе керек. Әрине берген сәлеміне қарап-ақ адамының қандай адам екенін тани білген.

  Мәселен, халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер» кітабында мынадай бір дерек кезігеді: «Бейтаныс жігіт атамның бөлмесінің есігінен кіре бере:

- Ассалумағалейкүм, - деп екі қолын бірдей ұсынды.

- Уағалейкүмассалам, - деп атам да ықыласты дауыспен сәлем алып, мына креслоға жайғасып отырғын, - деді. – Қарағым, не шаруамен келіп едің?

Мына жігіттің сәлем беру мәнері атама ұнады. Өйткені жақсы қабылдады. Әйел адам болса бір сәрі, ал енді ер кісілердің, әсіресе өзінен кішілердің, «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегеніне атам: - Іздірәсти, - дей салады, немесе здрам-жлам, - деп ұсынған қолды көрмегендей төбесіне қарайды. Бұның мәнін талайлар біле бермейді, атамның қырсығы ұстап қалғанын абайламайды.»

 Міне осыдан-ақ сөз қадірін биік қойып қастерлеген дана халқымыз «сәлем – сөздің анасы» - деп дұрыс сәлемдесе білуді бәрінен жоғары қойғанын көреміз.

«Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз ұлы біреудің жанына артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, істеген қылығы үшін тысқа шығып жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің  алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таң қалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен».

Тәмсіл әңгімеден біз ізетті сәлем беру, иіліп құрмет көрсету, адамдарға қанша әсер ететінін ұғумен қатар, адам қаны төгілердей ауыр күнә жасаудан да арашашы болған инабатты келіннің ақылына тәнті боламыз. Мұндай әңгімелердің жастарға берері аса мол, тәрбиелік мәні де зор деп білемін.

Ұқсас материалдар:

Сәлем берудегі сүннет пен салттың үйлесімі

Қонақ неше түрлі болады?

Алланың рақым таңы

Үлкен күнәлар дегеніміз не?

БІЛІМГЕ ҚҰШТАР ЖҮРЕКТЕР...

Қолсыз және ауызсыз әке

Болашақтың кепілі –рухани тәрбие

Балалы болудың ақыреттегі пайдасы

 

0 пікір