Сәлем берудегі сүннет пен салттың үйлесімі
Сәлем берудегі сүннет пен салттың үйлесімі
17.04.2015 12:19
3784
0

      Ислам діні - халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдерінің негізі. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің қайнар көзі – қасиетті Құран мен Пайғамбар сүннеттері. Әлемге Ислам нұры шуақ шашқан дәуірден бүгінгі күнімізге дейін мұсылмандар әз Пайғамбардың (с.ғ.с) әр сөзін қалт жібермей, іздестіріп, сұрастырып, Оның әрекетіне қарай өздерінің іс-қимылдарын белгілеп отырды. Тіпті қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (с.ғ.с) әрекеттерін қайталаған. Мысалы, бір тізерлеп отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, ол түгілі әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен туындап, үмбетінің өмірінде күнделікті тұрмыстың ережесі болып қалыптасып қалған.
      «Сәләм» - Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сондықтан да сәлем беруші артық сауапқа ие болады. Хадисте егер сәлеміңді қарсы жақ алмаса, бәрібір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы айтылады. Сенің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз иен үйге кірсе де «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем берген.
      Сәлемдесудің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті екенін айтыскер ақындар көбінесе өлең шумақтарына қосып, «Сәлем бердім Пайғамбар сүннеті деп» -  жырлағандары да бар. Жарылқасын ақын да бір айтыста Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіне меңзеп, қарсыласына былай дейді:

          Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол,
          Жетеді мұратына өлмеген құл.
          Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық,
          Сүннеті пайғамбардың қазулы жол1.

      Әбу Һурайра(р.а): Алла Елшісі (с.ғ.с): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», - деген сөзін жеткізеді. Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», - делінген2.
      Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше, жәннәтқа кіре алмайсындар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіндер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» деген.
         Әлбетте, сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді және сәлем беру  - адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді. Мәселен «Екі мұсылман кездескенде бір-бірінің қолын алып, хал-жағдай сұрасса, Алла тағала сол мезет оларға жүз рахымнан төгеді. Соның тоқсаны сол екеуінің бірінші болып сәлемдесіп, ақжарқын қуаныш сыйлағанына бұйырады».
      «Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла тағала оларды осы сәтте бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдар ажырамай жатып күнәларын кешіреді», - деген хадистер Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішпейілділікке, жарқын жылы жүзділікке тәрбилеп қана қоймай сәлемдескен кезде әсіресе, арнайы таза ниетпен бірінші сәлем берген адамдар күнәларынан арылып, сауапқа кенелетіндігінен хабардар етеді. Сондықтан да білімді де дана бабаларымыз балаларына жастайынан үлкендерге «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем беріп, қол ұсынуды, кішпейіл болуды үйреткен.
       «Бармасаң, көрмесең жат боласың!» - деп алыстағы ағайын-туысына тек есендесіп-сәлемдесу үшін арнайы ат арытып жолаушылап баратын халықымыз жол-жөнекей қадірлі адамдардың үйлеріне де ат басын бұрып, амандық-саулығын біліп, дәм ауыз тиіп, кейде қона-түстене жатып кететіні де олардың береке-бірлігін арттырып, ағайыншылық, бауырмашылдығын нығайтуға аса үлкен септігін тигізетін. Алыс-жақындағы ағайын-туыс, абысын-ажындар жолының, жасының үлкен-кішілігіне қарай сәлем беру үшін барысып-келісуі, «оның алдымен маған келіп сәлемдесетін жөні бар еді» - деп үлкендердің бір туысқанын күтіп отыруы, келіп сәлем берген ретте балаша мәз болып қуанып, «менің жиенім, нағашым, немере туысым, бәленше-түгеншем алыстан арнайы сәлем беру үшін келіпті» - деп ауылдастарын шақырып бата тілеп, ас беру, келген бұйымтай шаруасын сұрау, қалағанын беру секілді қалыптасқан ізгі дәстүрлеріміздің Аллаға шүкір, әлі де сарқыншағы бар.
         «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені» - дегендейін имандылықты таратудың басы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде айтылғандай «адамдар арасына сәлем тарату» болмақ.

         Ізгі сәлемдер молайған жерде имандылық күшейіп, адамдар арасындағы достық, туыстық қатынастар нығая бермек. Халқымыз «бір көрген – біліс, екі көрген – туыс» - деп айтқанындай бір рет сәлемдесіп, білісіп-танысқан адамдар екіншісінде туысқан ағайындарша жарқырап амандасып жатуға жазсын! Алла баршамызға береке-бірлік, туыстық-ізгілік қатынасты нәсіп етсін! Әмин. 


 1.Әділбаева.Ш. «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз». Алматы; 2009

2.Мұхиддин Әбу Зәкәрия ибн Шәрәф ибн Мурра, «Хадистер жинағы   (риядус-салихан)», Алматы. 2011 

0 пікір