ХАСЕКИ АКАДЕМИЯЛАРЫНДА ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ БІЛІМ БЕРІЛУДЕ
ХАСЕКИ АКАДЕМИЯЛАРЫНДА ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ  БІЛІМ БЕРІЛУДЕ
17.01.2020 15:32
569
0

Әрі болмысты шынайы түрде тану, әрі басты мақсатымыз болған құлшылығымызды толықтай орындау үшін керек болған ілімдерді «оқы» деп бұйырған илаһи уахиға және «ілім үйрену әрбір мұылманға парыз» деген пайғамбарлық дәстүрге жауапкершілікпен қарай білген мұсылмандар тарихта ілім беру орталықтарының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы кемелденуін толықтырып отырған. Исламның алтын ғасырында Асхабы Суффа медресесі, Аббасилер дәуіріндегі Бәйтүл- Һикма, Низамул мүлк салдырған Низамия медреселері мен Бұхара медреселері  алтын көпірді жалғауда үлкен рөл атқарған тарихи медреселер.

Түркия Республикасы құрылғаннан бастап 1970 жылдың ортасына дейін ислами ілімдер Илахият  және Имам-Хатип факультеттерінде оқытылған. 70-жылдардың орталарында Түркия дін істері басқармасының аясындаЫстамбұл қаласында Хасеки атындағы жаңа бір Ислам ілімдерін оқыту орталығы ашылды.

Түркия дін істері басқармасы, ең алдымен, Құран Кәрім, тәпсір, хадис, фиқһ секілді салаларда негізгі қайнар көздерден тікелей пайдалана алатын өз саласының хас шеберіне айналған мамандарды жетілдіру мақсатымен Хасеки академияларын ашуға бел буған.Алғашқы рет Хасеки Академиясының бөлімі«Хасеки Егитим Меркези» атауымен Фатиһ ауданының Хасеки ауданындағы Хасеки Сұлтан Куллиясында 1976 жылғы қаңтарда жұмысын бастады.Ал 1976  жылғы  наурыздың аяғында орталықтың негізгі екінші бөлімі болған «Ашара Тақрип» курсыбасталды.

Бұл ілім орталығында араб тілі, фиқһ, хадис, кәләм және басқа да ислами ілімдер жоғары деңгейде оқытылуда.Орталықты бітіргендераудан бас имамы , вайыз секілді жоғары қызметтерге тағайындалады. Аудан бас имамы болудың екі жолы бар: біріншісі, Хасеки академиясын тәмәмдәу; екіншісі, ислами ілімдердің біреуінен докторлық қорғау. Әрине, бұл жағдай қызметтің басталу кезеңіне қатысты, ал академияны тәмәмдағандар кейін уақыт өте келе өкіл имам, іс басқарушы, академияда ұстаздық секілді қызметтерге тағайындалуына болады. Сондай-ақ, Ғұламалар Кеңесіне таңдалу үшінде Хасеки Академиясын бітіру шарт.

Ашара Тақрип бөліміне келетін болсақ, Құран Кәрімнің мутауатир және мәшхур он қырағаты оқытылады. Құрра Хафиздерін Ашара Тақрип курсы дайындайды. Ашара Тақрип курсын бітіргендерге бітіргеніне қатысты ресми құжат берумен қоса тізбегі Пайғамбарымызға дейін жеткен Қырағаты Ашара Ижазасы да табысталады. Қырағаты Ашара Ижазасын алу мұсхафтарды зерттеу орталығында қызмет ету, он қырағатты үйрету ұстаздығы және облыстық орталық мешіттерде имам-хатиптікке тағайындалуға үлкен септігін тигізеді.

1989 жылға дейін Ыстамбұл Хасеки академиясы ғана болды. Ал 1989 жылы Кония Селчук Хасеки академиясы ашылды. Кония Хасеки академиясы Ыстанбұл Хасеки академиясының жүгін азайтқанмен, оқуға сұраныстың жоғары болуы және Дін істері басқармасының қызметкерлерінің осы деңгейдегі діни білімге мұқтаждығы секілді себептермен 1994 жылы Трабзон Акчабат Дарсыжа, 1996 жылы Ерзурум Өмер Насуһи Білмен, 2002 жылы Кайсері, 2009 жылы Ризе Мүфти Юсуф Карали Хасеки академиялары ашылды.

Аталмыш оқу орны Хасеки деген атауын Ыстамбұл Фатиһ ауданы Хасеки ауданындағы Хасеки Сұлтан Куллиясынан алған, осы атауымен танымал болғандығы соншалық, басқа облыстарда ашылған орталықтарда өз атауларын өздерінің қалаларынан немесе аты берілген тұлғалардың атауларынан гөрі, көбіне, «Хасеки» деген атпен танымал болып кеткен. Сондай-ақ, Ыстанбұл қаласында орналасқан академиядан басқа академияда оқысаңызда сырттағы кісілерге «Хасекиде оқимын» демегенше, қай жерде оқып жатқаныңызды, Ислами ілімдер оқып жатқаныңызды   дұрыстап жеткізе алмайсыз.

Бұл орталықтарда тек қана Дін істері басқармасының қызметкерлері оқи алады. Әрине, барлық қызметкерлердің оқуы мәжбүр емес. Хасекиге оқуға түскісі келген ілім талапетушілеріжоғары оқу орнын тәмәмдаған және жазбаша, ауызша түрде болатын емтихандарда мақсат етілген көрсеткішке қолжеткізулері қажет. Хасекидің дайындық жылында ислами ілімдердің кілті іспетті болған араб тілі жоғары деңгейде үйретіледі.

Араб тілінен кейін басталатын негізгі ислами ілімдер бағдарламасы шамамен екі жылға созылады. Бұл кезеңде Құран Кәрімді мәнерлеп оқу, Құран аудармасы, Тәпсір, Хадис, Фиқһ, Ақида-Кәләм және Тасаввуф сабақтары оқытылады. Дайындық жылында араб тілінен әмсилә, бина, мақсұд, ауамил, изһар секілді классикалық мәтіндерге қоса Ибн Һишамның Қатрун Нәдә атты еңбегін; тәпсірден Тәпсір тарихы және Тәпсір усулінен кейін Ибн Кәсир, Нәсефидің Мәдәрикін және Замаһшаридың Кәшшәфын, Қуртуби, Туси, Матуриди, Рази, Әбуссууд Әпенді және Ибн Ашуур секілді муфассирлердің тәпсірлерінен таңдаулы мәтіндер оқытылады; Хадис ілімінен Хадис тарихы және Хадис усулінен кейін Мунзиринің Муслим Мұхтасары, Муватта, Сахих Бұхари, Әбу Давуд және Тирмизидің сүнендерінен түрлі бабтар жинақы түрде оқытылады; Фиқһ ілімінен Абдул Кәрим Зәйданның Мадхал атты еңбегі және Усулүл Фиқһтен бастап, кейін ғибадаттардан фарайызға, Кулли Қағидалардан заманауи мәселелерге дейін барлық тақырыптар Мәрғынанинің Һидаясы, Ибн Рушдтің Бидаясы, Маусулидің Мұхтары, Али Хайдар Әпендінің Дурары және осыларға ұқсас классикалық мәтіндер оқылып шығады.Ақида ілімінен Әбу Ханифаның кейбір шарһтарымен Фиқһул Әкбары атты еңбегі; Тасаууф сабағынан Сәрраждың әл-Лума атты еңбегі және Кушайриннің Рисалесі оқытылады. Оқылып жатқан мәтіндер, қосалқы әдебиеттер, ұстаздар тарапынан ұсынылған заманауи және классикалық еңбектердің саны бұл жерде аталған еңбектерден анағұрлым көп.

Хасеки академияларының Түркияда және Ислам әлемінде танымал болуының басты себебі, біріншіден, жүйелі ислами ілімдер бағдарламасының болуында, екіншіден, Хасеки Академияларының жергілікті ұстаздарының және шетелден шақырылған ұстаздарының өз салаларының хас шеберлері  және жалпыға танымал, әйгілі, атақты ұстаздарының болуында. Әмин Сарач ұстаз, марқұм Ахмет Мұхтар Буйукчынар, Али Якуп Женкчилер, Абдуллаһ Әдип Гувенен ұстаздарға қоса ұстаздарға ұстаздық еткен Меһмет Саваш, «Түркия Муфтисі» атымен әйгілі болған Халил Гөненч, Ғұламалар Кеңесінің төрағасы Хусайын Карапынар секілді көптеген ұлы тұлғалар ұстаздық еткен. Ашара Тақрип бөлімінде Рашит Ашыккутлу, Абдурраһман Гүрсес, Маһмут Сарыжа, Меһмет Севинш және Рамазан Пакдил секілді Хафиз Құрралар дәріс оқыған.

Кония қаласында Нуреддин Бояжылар, Ерзурум қаласында Рази тәпсірі аудармашыларынан Жафер Садық Доғру, Ерзурумның өкіл имамы болған Юнус Кая, Ғұламалар Кеңесінің мүшесі болған Яашар Ишжан және аты аталмаған көптеген ұстаздар бұл ілім ордаларында ұстаздық қызметтерін жалғастыруда.

2011 жылға дейін «егитим меркези» деп аталған бұл ілім ордаларының атауы, сол жылдан бастап Дини Юуксек Ихтисас Меркездері деп өзгертілген. 2014 жылы Диярбакыр және Измир қалаларында екі Хасеки академиясы ашылды. Қазіргі таңда жалпы сандары сегіз болған бұл ілім ордаларында шамамен 1200 шәкірт білім алып жатыр.

Түркия Республикасы Дін істері басқармасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни қызмет саласындағы ынтымақтастығы туралы 2007 жылғы 29 қазандағы келісім негізінде қазақстандық шәкірттер 2014 жылдан бастап Хасеки академиясында білімдерін жетілдіріп келеді. Биылғы 2019-2020 оқу жылында аталмыш академияға қазақстандық 18 шәкірт қабылданды. Қазіргі таңда 43 шәкірт білім алуда. Және бүгінге дейін 60-қажуық қазақстандық тәлімгер академияны бітіріп, еліміздің мешіт-медреселерінде қызмет етіп жатыр.

0 пікір