Мухаммад ибн Идрис аш-Шафии
Мухаммад ибн Идрис аш-Шафии
06.04.2015 16:15
2842
0

         Имам аш-Шафий һижраның 150 жылында (767 ж. м.) ережеп айының iшiнде Палестинадағы Ғазза қаласында кедей отбасында дүниеге келген. Ол туғаннан кейiн көп ұзамай-ақ әкесi көз жұмады. Болашақ имамның анасы ұлы екi жасқа келген кезде Меккеге көшуге мәжбүр болды. Олар онда әл-Харам мешiтiнде таяу “Шағаб әл-Хайр” деп аталатын ауданда орын тептi.
         Бала Шафии ең алғашқы бiлiм дәмiн Меккеде татты. Имамның анасында баласының оқуы үшiн төлейтiн көк тиын ақшасы жоқ едi. Бiрақ ұстазына оқу ақысының орнына шәкiртiнiң сабақ барысында оның орнын ауыстыра алатындығы жеткiлiктi болатын. Ол сабақты жылдам ұғып, тез меңгерiп ала қоятын. Оның үстiне Құранды түгел жатқа айтатын. Бұл кезде оның жасы бар болғаны жетiде болатын.
         Кейiн ол әл-Харам мешiтiндегi ғұламалардан дәрiс ала бастады. Ол онда араб тiлiн, оның граматикасын, синтаксисiн т.б. терең меңгеруге күш салды. Содан да болар, ол тез арада тiлдiң өзiн және араб тайпаларына тән болған оның диалектiлерiн игердi.
         Одан соң ол Құран, фикҺ және хадис ғылымдарын игеруге көштi. Бұл ғылымдардың барлығын ол атақты ғұлама – ғалымдардан үйрендi. Мысалы, Құран ғылымын – Исмаил Ибн Константиннен, хадис ғылымын – Суфиан Ибн Уейнадан, Муслим Ибн Халид әз-Зиджиден, Дауд Ибн Абдуррахман әл-Мухаммад Ибн әл-Хасаннан оқыды.
         Осыдан кейiн аш-Шафии имам Маликтен iлiм үйрену үшiн Мәдинаға қоныс аударды. Сол тұста имам Маликтiң белгiлi ғұлама-ғалым ретiнде, тұңғиық iлiм иесi және қарапайым, тақуа кiсi ретiнде даңқы алысқа кеткен болатын. Имам Маликтен дәрiс алу үшiн алыс-алыс түкпiрлерден көптеген адамдар ағылып келiп жатты. Имам аш-Шафии солардың бiрiнен едi. Тiптi Меккенiң әмiршiсi Мәдинаның әмiршiсiне жас талапкер аш-Шафиидi имам Маликтiң өзiне шәкiрт етiп алуын өтiнген хат та жолдады. Бiрақ ол кезде аш-Шафииге кепiлдеменiң қажетi де жоқ едi, өйткенi оның мықтылығын бiлiмiнiң өзi-ақ паш етiп тұратын. Аш-Шафии имам Маликтiң “Әл-Муатта” кiтабын жатқа бiлдi.
         Имам аш-Шафии өзiнiң имам Маликпен кездесуiн былай әңгiмелейдi: “Мен имамға (яғни, Маликке) шәкiрт боп қабылдану үшiн Мәдинаға келгенiмде “Әл-Муаттаны” жатқа бiлетiнмiн. Мен оны iздеп мешiтке барғанымда имам Малик маған былай дедi: “Бiлетiн нәрселерiңдi еске түсiрiп, жауап беруге дайындал! – дедi. Мен оған: – “Мен оған дайынмын!” – дедiм. Сосын мен оның кiтабын жатқа айтып бердiм. Сонда имам Малик өзiнiң басқа шәкiрттерiне қарап айтты: – “Егер сендердiң араларыңда ең бақытты адам бар болса, онда ол – осы бала!” – дедi.
         Осыдан соң аш-Шафии имам Малик өлгенге шейiн (179 ж.Һ. – 796 ж.м.) онымен бiрге болды.
         Ұстазы қайтыс болғаннан кейiн имам Шафии Иеменге қоныс аударып, сонда жұмыс iстедi. Ол жақта оны көре алмаушы адамдар табылып, олар оған шиалармен сыбайлас болды деген айып таңып, өтiрiк жала жапты. Аббасидтер әкiмшiлiгiнiң бұйрығымен ол тұтқынға алынып, кiсенделген күйiнде Бағдатқа жеткiзiлдi. Ол кез Харун әр-Рашид халифалық құрған дәуiр едi. Халиф сарайында екеуiара болған әңгiмеден кейiн, имамның сұңғыла бiлiмi мен биiк адамгершiлiгiне тәнтi болған халиф оны бастауға, ал оған жала жапқандарды жазаға тартуға бұйрық бердi.
         Тұтқыннан босатылған имам Меккеге зор жеңiспен қайтып оралды. Онда ол әл-Харам мешiтiнде iлiм алуды қалағандарға әртүрлi ислами ғылымдардан: тәпсiр, араб тiлi, фиқҺ, хадистерден дәрiс бере бастайды.
         Кейiн ол Бағдатқа көшiп барып, бiраз уақытын сонда өткердi. Осында жүрiп ол фиқҺ негiздерi жан-жақты қамтылған “л-Худжа” кiтабын жазды.
һиджраның 199 жылында (816 ж.м.) имам Шафии Египетке келедi. Ол осында өмiрiнiң соңына дейiн тiршiлiгiн өткердi.
         Имам аш-Шафии һиджраның 204 жылында (821 ж.м.) ережеп айының ең соңғы күнi – жұма күнiнде қайтыс болып, Каир қаласындағы әл-Муқаттам тауында жақын орналасқан әл-Құрафа әс-Суғра қабiрстанына жерлендi.
Имам Шафии төмендегi мына кiтаптардың авторы боп табылады:
1. “Әз-Зафаран” – бұл кiтаптың жазылуына Бағдад мешiттерiнiң бiрiндегi имамның басынан өткен бiр жағдай себепшi болды. Намазға имамдық еткен жас жiгiт қателесiп, не iстерiн бiлмей, дағдарып тұрып қалды. Оған ұйыған жамағаттың iшiнде имам Шафии де бар едi. Сол намаздан соң имам Шафии мұндай жағдайларда не iстеу қажеттiгiн түсiндiретiн осы кiтапты жазып шықты. Кiтаптың аты оның жазылуына себепшi болған имамның атымен аталады.
2. “Джима әл-Илм” – имам өзiнiң бұл кiтабында Пайғамбардың сүннетiн әсем де нақышты түрде өнеге тұтып, оны басшылыққа алудың мiндеттiлiгiн негiздейдi.
3. “Әл-Умм” – Шафии мазхабының фиқҺ кiтабы.
4. “Әр-Рисамә” – фиқҺ негiздерi мен хадистер ғылымы негiздерiн түсiндiрген және мәнiн ашып берген ең алғашқы кiтап. Бұл кiтап әлi күнге дейiн Шафии мазхабының хадис танушылары мен фиқҺ бiлгiрлерiнiң қолдарынан түспейтiн кiтабы боп табылады.

0 пікір