Әз-Зәһәби кітабының басқа бір жерінде «Имам Әбу Ханифа (р.а.) хадис ілімін жақсы білген әрі һижри жыл санауы бойынша 100-ші жылдан бастап хадиске баса назар аударған» (Әз-Зәһаби, а.а.е., ҮІ, 392) – дегенді айтады. Әбу Ханифаның Һижри 80 жылы туылғанын ескерсек, демек ол 20 жасынан хадиспен айналыса бастаған болып тұр. Бір ілімді толыққанды меңгеру үшін 20 жастың кеш емес екені баршаға белгілі.
Осы айтылған ғылыми дәйектерден кейін қалай ғана Әбу Ханифа хадис ілімінде әлсіз, 12-ақ хадис білетін еді деп айтуға болады?
Бұл айтылғандарға ханафи мәзһабын ұстанған хадисші ғалымдардың да бар болғандығын қоса кеткен жөн. Мәзһабымыздың табақат (ғалымдардың өмірбаяны) кітаптарында олардың аты-жөндері мен хадис майданында қалдырған еңбектері қөрсетілген. Марқұм Заһит әл-Кәусари ханафи мәзһабы хадис хафиздерінің бірі Жәмалуддин Зәйлағидің «Насбуррая» атты еңбегіне жазған алғы сөзінде ханафи мәзһабындағы хадисші ғалымдардың тізімін берген. Ол атап көрсеткен 110 хадисшіге Мұхаммет Юсуф Бәннуни тағы 40 адамды қосқан.
Өзіне қаратыла айтылған сыңдарға қарсы Имам Әбу Ханифаның хадис іліміндегі беделі ханифи ғалымдары ғана емес, басқа да мәзһаптардың ғұламалары жағынан да қабылданған ақиқат. Имамның аты-жөнінің хадис хафиздеріне арналған еңбектерде аталып өтуі мұның айқын дәлелі болып табылады. Бұл тақырыптарда еңбек жазғандардың көшбасшысы ретінде шафиғи ғалым хафиз Зәһабиді атауға болады. (әз-Зәһаби, «Тәзкиратул хуффаз», І, 168 бет).6
Әбу Ханифа ақида ілімінен кейін фиқһты меңгерді
Әбу Ханифаның (р.а.) фиқһ пәні ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлеймен оны дәріс алқасының төріне, өзінің қатарына отырғызатын еді. Хафиз Әбу Бәкір Хатиб әл-Бағдади «Тариху Бәғдад» атты еңбегінде былай дейді: «Зуфар ибн Һузәйл (Әбу Ханифаның шәкірті) былай дейді: «Әбу Ханифа (р.алейһ) бізге былай деді: Кәлам (Алла тағаланың заты, сипаттары, іс-әрекеттері және бірлігі хақындағы ақида ілімі) ілімін оқи бастадым. Ақырында бұл ілім саласында саусақпен санарлық кісілердің қатарына шықтым.
Бір күні Хаммад ибн Әби Сүлейменнің дәріс алқасына жақын маңайда отырған едім. Кенет бір әйел шыға келді. Менен «Бір еркек бір күң әйелмен тұрмыс құрған еді. Ал енді онымен сүннетке сай түрде ажырасқысы келеді. Оған қанша рет талақ айтуы тиіс?» – деген сұрақ сұрағанда не деп жауап берерімді білмедім. Одан бұл сұрақты Хаммадқа қойып, алған жауабын маған айтуын сұрандым. Хаммад ол әйелге «Әлгі еркек әйелі етеккірден тазарғанда, онымен қатынасқа түспей, бір талақ айтып ажырасады. Содан соң тағы бір етеккір көргенге дейін күйеуінің үйінде күтеді. Екінші етеккір көріп, одан арылып ғұсыл құйынғанда ғана, ол әйелге басқа еркекке тию халалға айналады» – деп жауап беріпті.
Сауалының жауабын тапқан әйел маған келіп айтты. Осы оқиғадан кейін, өз-өзіме «Бұдан былай кәлам іліміне мұқтаждығым жоқ» – дедім де, аяқ киімімді кие сала Хаммадтың дәріс алқасына ендім. Содан, ол үйреткен мәселелерге құлақ асып, аузынан не шықса соны іліп, миыма тоқи бердім. Келесі күні мәселелерді тағы бір қайтара айтқан мезетте жадыма өшпестей етіп бекіттім. Өкінішке орай, оның басқа шәкірттері мұндай жетістікке қол жеткізе алмады. Хаммад «Бұл дәріс алқасының төріне, менің қатарыма Әбу Ханифадан өзге ешкім отырмасын» – дегенді айтты. (Әл-Хатиб әл-Бағдади, Тариху Бәғдад, ХІІІ, 332, 333).7
Ханафи мәзһабы ғұламалар кеңесіне негізделген
Абдулкарим Зәйдан Әбу Ханифаның үкім шығаруда ұстанған өзіндік әдістемесінің болғандығын және оның мәзһабының кеңесу, ақылдасу (шуураа) негізінде құрылғанын міне былай дәлелдейді:
Әбу Ханифа шәкірттерінің алдына фиқһ мәселелері мен өзіне шешімін табуы үшін қойылған проблемаларды ортаға салатын. Әркім мәселеге қатысты ойын айтып, туындаған ойлар төңірегенде қызу талас-тартыс болатын. Бір тоқтамға келгенде шәкірттердің бірі бүткіл айтылған ойды қағаз бетіне түсіріп жинақтайды. Егер ұзтаз шәкірттермен өзара бір келісімге келе алмаса, әр ой қарсы пікірмен бірге жазылатын. Демек ханафи мәзһабы о бастан мәзһаб ретінде қалыптасуына дейін ғұламалардың кеңесіне, өзара пікір алмасу және талқылауға негізделген.
Ханафи мәзһабы мұнысымен имам Маликтің ұстанымынан ерекшеленеді. Имам Малик өз кезегінде мәселелер мен оның үкімдерін шәкірттеріне жаздыратын және олармен имам Әбу Ханифа құсап мәселе төңірегінде пікірталас жүргізбейтін. Имам Маликтің шәкірттері оның сөзіне қарсы пікір айтпайтын. Міне, осылайша Имам Әбу Ханифаның көзінің тірісінде оның бағыт, бағдар беруімен шәкірттерінің тұлғалығы қалыптасып, ол тіпті шәкірттерін жастайынан зерттеуге тәрбиелеп, олардың бойларынан ижтиһат қабілеттерін оята білді.8
Мұхаммет Заһит әл-Кәусари өзінің «Хуснут-тақады фи сийратил-имами Әби Юсуф әл-Қады» атты еңбегінде былай дейді: «Әл-Муаффақ әл-Мәкки Әбу Ханифаның шәкірттерін атағаннан кейін былай дейді: «Әбу Ханифа өзінің мәзһабын шәкірттерімен кеңесу нәтижесінде жолға қойды. Ол ешқашан шәкірттерімен кеңеспей, өз бетінше дінде ижтиһат жасамады… Ол мәселелерді жеке-жеке ортаға салып, олардың ойларын тыңдап, өзінің пікірін айтатын.
Содан, мәселе төңірегінде бір пікірге келгенше бір ай немесе одан көп уақыт олармен пікір таластыратын. Бір тоқтамға келсе, Әбу Юсуф оның барлығын негіздерге жазып бекітеді. Міне осы (ғұламалардың кеңесіне негізделген мәзһаб) жеке өзі әрекет етіп, пікірлерін қалыптастырған адамның мәзһабынан әлдеқайда артық, дұрысырақ, ақиқатқа анағұрлым жақын, жүрекке қонымдырақ». (Мұхаммет Заһит әл-Кәусари, «Хуснут-тақады фи сийратил-имами Әби Юсуф әл-Қады», 13-15 бб., Дарул-ануар баспасы, 1948 жыл.)
Ханафи мәзһабында қолданылатын әдіс-тәсілдер бар
Абдулкәрим Зайдан былай дейді: «Әбу Ханифа өзінің үкім шығару әдіс-тәсілдері мен зерттеу және ижтиһат жасаудағы қағидаларын жинақтамаған. Бұл қағидалар мен әдіс тәсілдерді Әбу Ханифадан және одан тікелей білім алған шәкірттерінен кейін өмір сүрген ханафи ғалымдары имамдардан (Әбу Ханифа және шәкірттері) риуаят арқылы келген тармақ мәселелерді зерттеу нәтижесінде шығарып, жинақтады.
Алайда бұл Әбу Ханифаның қолданған ешқандай әдіс-тәсілдері, қағидасы болмады деген сөз емес. Себебі бір нәрсенің жинақталмауы оның мүлдем жоқтығын білдірмейді. Фиқһ ілімі үкім шығару үшін міндетті түрде әдіс-тәсілдер мен қағидалардың болуын қажет етеді. Әдіс-тәсілдері мен қағидаларсыз фиқһ болмайды. Ал Әбу Ханифаның фиқһшы (шариғат заңгері) екені белгелі. Ол фиқһшы болғанда да Имам Шафии «Адамдар фиқһта Әбу Ханифаға мұқтаж» (Имам Зәһаби, «Тәзкиратул хуффаз», І том, 159-бет.) деген сөзіне шын мәнінде лайықты фиқһшы. Мұнымен бірге Әбу Ханифадан үкім шығарудағы оның әдіс-тәсілдері мен қолданған дәлелдерін айқын көрсетіп беретін сөздері де риуаят етілген. Әбу Ханифа бір сөзінде былай дейді: «Егер мен ішінен үкім таба алсам, Алланың кітабымен амал етемін.
Таба алмасам, Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннетімен амал етемін. Ал егер Алланың кітабынан да, елшісінің сүннетінен де таба алмасам, оның сахабаларының ішінде қалаған адамымның сөзін аламын. Олардың сөзін тастап, басқаның сөзін алмаймын. Ал енді мәселе Ибраһим, Шағби, Ибн Сирин, Ато және Саид ибн Мүсәйябтарға тақалса (бұлар табиун буынының мужтаһиттері), олар ижтиһат (шариғи-ғылыми тұжырымдама) еткендей, мен де ижтиһат етемін». (Хатиб әл-Бағдади, «Тариху Бағдад», ХІІІ том, 368-бет; Ибн Абдил Бәр, «әл-Интиқа», 143-бет)
Бұл хабар бізге мынаны аңғартады: Әбу Ханифа әуелі Құран кәрімге жүгінеді. Оның ішінен үкім таба алмаса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне қарайды. Одан таба алмаса, сахабалардың сөзін алады. Сахабалардың сөзі болмаса, өз бетінше ижтиһат жасайды. Демек Кітап (Құран), Сүннет (хадис), сахаба сөзі және ижтиһат Әбу Ханифа ұстанған үкімдердің негізі болып табылады Ижтиһатқа қияс және истихсан кіреді. Әбу Ханифа бұл екеуінде де ешкімге дес бермейтін.
Сондай-ақ, деректерде оның өз ижтиһатында ижма (фиқһшы ғалымдардың бір ауыздан келісімі) мен ғұрыпқа да сүйенгені кездеседі.10
Ханафи мәзһабы Әбу Ханифаның ғана көзқарасын қамтымайды
Ханафи мектебі жалғыз адамның Құранға немесе сахих хадиске қарап үкім шығаруынан құралмайды. Себебі, біріншіден ханафи мәзһабы Құранға да, хадиске де сүйенеді. Екіншіден, бұл мәзһаб жалғыз Әбу Ханифаның емес, одан бөлек Әбу Юсуф, Мұхаммет ибн әл-Хасан әш-Шәйбани және Зуфар ибн әл-Һузәйіл және т.б. ханафи ғалымдарының ижтиһаттарынан (шариғи-ғылыми тұжырымдама) құралады. Ханафи кітаптарында Әбу Ханифаның пікірі қабылданбай, екі шәкіртінің пікірі бойынша пәтуа берілген жағдайлар көптеп кездеседі. Бұл жайт ханафи мәзһабының тек Әбу Ханифаның пікірлерінен тұрмайтындығының айқын көрінісі болып табылады. Ал мәзһабтың Ханафи деп аталуы, Әбу Ханифаның бұл мектептің ұлық ұзтазы болғандығымен байланысты. Демек, бұл атау шартты болып саналады. Сондықтан да, ханафи мәзһабын ұстану жеке басқа табыну емес!
Қорытынды
Ханафи мәзһабы Алланың қалауымен, шариғи дәлелдерге (Құран, сүннет) сүйенуі, шариғи дәлелдерден үкім шығарарда бірізділіктен айнымас үшін арнайы әдіс-тәсілдер мен қағидаларды қолдануы, сондай-ақ, оның мансапқұмар емес, ынсапқұмар ғұламалардың ақылдасулары, кеңестерінің негізінде құрылғандығы арқылы замана белесінен сүрінбей өтіп, күні бүгінге дейін жетті.
Һарун ар-Рашид заманында имам Әбу Ханифаның шәкірті имам Әбу Юсуф Бағдат қаласында қазы болды. Кейінірек бас қазы (Қадил-қудат) лауазымына дейін көтерілді.11 Міне, осылайша ханафи мәзһабы Ислам халифатының ресми мәзһабына айналды. Ханафи мәзһабы тарихта қашан да бір мемлекеттің ресми мәзһабы болып келді. Қазақ жерінде билік құрған Қарахан мемлекетінің ресми діні Ислам болса, шариғат заңы ханафи бағытында болды. Өз жерімізді айтпағанда, Ислам әлемінің басым бөлігін басқарып, күллі әлемге айбынын асырған кешегі Османлы халифатының және оған қарасты өңірлердің біразы ханафи мәзһабын ұстанғаны ақиқат. Қыпшақтан шыққан Заһир Бейбарыс билік құрған Мысыр елі, бертін келе Османлыға қараған кезден бастап, 1925 жылға дейін ханафи заңына бағынып келді.
Бүгінге дейін бұл мәртебесінен айнымай, қазір күллі мұсылман қауымының үштен бірін (1/3) құрайтын ханафи мәзһабы Түркия және Балқан түбегіндегі түріктер, Македония, Босния-Герцоговина, Грекия, Болгария және Румыниямен қатар, Орта Азияның, соның ішінде Қазақстан халқының да ұстанып отырған жолы болып табылады. Ханафи мектебі осыншалықты өмірлік тәжірибесі мол мәзһаб екеніне ешкім дау айта алмайды. Ауруынан айығуды қалаған науқас адам, білімі жоғары болса да, жас маманды емес, еңбек өтілі (стаж) көп, тәжірибелі емшіге барары сөзсіз. Олай болса, жеке адамның денсаулығынан да қымбат боп есептелетін дін сияқты анағұрлым нәзік мәселеге келгенде, жастардың, қала берді үлкен кісілердің, көрінгеннің соңынан хадисі сахих екен деп, еріп кетуіне таңырқамасқа амалың жоқ.
Қанат ЖҰМАҒҰЛОВ