МАЗҺАБ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
МАЗҺАБ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
25.02.2019 11:54
256
0

Мазһаб араб тілінен аударғанда «жол» немесе «ғұламалар көрсеткен бағыт» деген мағынаны береді.  Ол ерігіп отырған біреудің «дінде бір жол салайын» деп ойынан шығара салған ісі емес. Мәзһаб – ол Алла Тағаланы құлдарына деген рақым-мейірімінің көрінісі. Мәзһаб ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мақтаған Исламдағы алғашқы үш ғасырдың бірінде қалыптаса бастаған.

Мәзһабтың міндеті – Құранды дұрыс түсіндіру. Мәзһабтардың негізі сахабалар заманында қаланды. Тек, мәзһаб деген атау кейін пайда болды. Бүгінгі таңда, біз әлем мұсылмандары ұстанатын төрт: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали фиқһ-мектептерін білеміз. Ал, мәзһабтар тарихында бұл сан төрттен көп. Көптеген табиғиндердің жеке дара мәзһабы болды. Бірақ, кең тарап үмбет ғұламаларының қолдауын тапқаны – төрт мәзһаб. Біз, әһли сунна уал жамағат деген кезде осы Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарын түсінеміз.

Бір сөзбен айтқанда, шариғатта «мәзһаб» деп арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын айтады. Әр мәзһабтың басында мүжтаһид имамдар тұрады. Мүжтаһид «ижтиһад» деген сөзден туындайды.

Ижтиһад дегеніміз – ғалымдардың белгілі бір мәселеде Құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнаркөздерден діни үкім шығаруын айтады. Мысалы, Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит Құран мен Сүннетті әбден зерттеп-зерделеп шығып «Намаздың мынадай парыздары бар. Оларды орындамасаң намаз дұрыс болмайды» деген үкім шығарады. Содан соң негізгі қайнар көздерді тағы да қарастыра келе «Намазды бұзатын жағдайлар мыналар» деген қорытынды шығарады.

Міне, осы секілді намаз бен оразаға, зекет пен қажылыққа, құрбан шалуға, өзге де барлық құлшылықтарға қатысты үкімдер, ереже-қағидалар шығарылады. Бұлардың бәрі де, әрине, мүжтахид имамның өз ойынан шығарылмайды. Құран мен Сүннетке сүйеніп барып алынады.

Бұл жерде басын ашып кететін нәрсе мәзһаб имамдары жай бір қатардағы мұсылмандар емес еді. Олар қарапайым мұсылмандар былай тұрсын, өз дәуірлеріндегі барлық ғалымдардан оқ бойы озық тұрған заңғар тұлғалар болған. Бүгінгі таңда ғылыми институттар мен академиялардың жұмыстарына арқау болып жүрген барлық ислами ілім-білімдерді олар өз бойына жинай алған. Олар Құран, тәпсір, хадис, шариғат, ақида, араб тілі мен әдебиеті, қисын, Ислам тарихы секілді сан-салалы пәндерді толық меңгерген энциклопедист ғалымдар болатын.

Әлбетте, шариғат біреу және ол өзгермейді. Бірақ кейбір тармақ мәселелер бойынша түрлі мәзһабтардың пайда болуы заманның да, адам табиғатының да қажеттілігі еді. Мысалы, Аллаға сену, дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау секілді негізгі шариғатта ешбір мәзһабта айырмашылық жоқ. Барлық мұсылман дәрет алады. Бастарына мәсіх тартады. Алайда басқа мәсіх тартудың көлемі жағынан мәзһабтар арасында өзгешіліктер байқалуы ықтимал. Ханафида шаштың төрттен біріне мәсіх тартылса, Шафиғида шаштың кішкене бір бөлігіне су тисе жеткілікті. Ал имам Ханбали мен имам Мәлики мәзһабтарында басты түгелдей мәсіх ету парыз. Мысалы, мұсылмандардың бәріне Мәлики мәзһабындағыдай дәрет алғанда бастарына түгелдей су тигізіп мәсіх тарту парыз болғанда, солтүстік полюске жақын аймақтардағы намаз оқушыларға қыстың аязында күніне бес уақыт дәрет алу қиынның қиыны болар еді. Шафиғи мәзһабы - олар үшін үлкен жеңілдік. Сондықтан болар, ардақты Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Ғұламалардың пікір қайшылығы – Алланың рақымы» деген.

Мәзһаб ғұламалары Құран мен сүннетті әртүрлі бұрмалаушылықтан сақтаған. Алла Тағала Өзінің иләһи әмірі Құранды сол ғұламалар қаламымен қорғауда.

Ал, біздің ата-бабаларымыз ханафи мәзһабын таңдады. Бұл тектен-тек емес. Біріншіден, кез келген мұсылман пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жолын қаз-қалпында ұстануды қалайды. Бұл мақсатқа жету үшін, Алла елшісі (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалардан тәлім алу қажет. Немесе сол сахабалардың шәкірті болған табиғиндерден дін тәлімін алу керек. Мәзһаб негізін салған ғұламалардың ішінде табиғин боп табылатын ғалым Әбу Ханифа (р.а.). Тіпті, Әбу Ханифа бірқатар сахабалардың көзін көргендігі жайлы деректер кездеседі. Хадистанушы ғалымдардың басым бөлігі «табиғин – сахабаны көрген адам, тіпті сахабадан риуаят етпесе де» деп анықтама берген. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мені көргенге, мені көрген адамды көргенге жәннат болғай…», – деген.

Әрине, мәзһаб Пайғамбарымыздың(с.ғ.с   дәуірінде болмады. Сахабалар Оның(с.ғ.с   көзі тірісінде басқадан пәтуа сұрамайтын еді. Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с  тұрғанда жәй адамдардың ижтиһадына (белгілі бір негізге сай өз бетінше пәтуа беруіне) жол жоқ еді. Ол кезде ижтиһад жасауға тек Пайғамбарымыз(с.ғ.с   ғана құқылы-тұғын.

Сахабалар діни тақырыптағы сұрақтарына жауап іздегілері келсе, Пайғамбарымыздан(с.ғ.с  сұрайтын, ал пайғамбарымыз мәселенің жауабын білсе айтатын, білмеген жағдайда Алла Тағаладан уахидың келуін күтетін еді. Ал Пайғамбарымыз(с.ғ.с  дүниеден өткенде сахабалардың барлығы емес, тек белгілі бір бөлігі ғана пәтуа бере алатын еді. Бұл ғалым сахабалардың арасында Хз Омар,  Хз.Али, , Абдуллаһ ибн Масғуд, Зәйд ибн Сәбит, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а)  Хз. Айша (р.а)   анамыз секілді тұлғалар бар еді. Хз.Омардың халифалығы тұсында үлкен ғалым сахабаларды мұсылмандар тарапынан алынған өлкелерге қазы қылып әрі дінді үйретуші ұстаздар қылып жіберді. Мысалға: Әбу Дәрдә (р.а) -ны Дамаск қаласына, Муғаз ибн Жәбәлді  Хымс қаласына, Әбу Мұса Әл-Әшғариды Басра қаласына, Амр ибн Асты Мысырға, Абдулла ибн Мәсғудты Ирак жеріне жіберген еді. Осы сахабалардың көбісі сол барған жерлерінде өмірінің соңына дейін болып дінді үйретіп шәкірттер тәрбиелеген еді. Алдарына келген сан алуан мәселерге Құраннан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с   сүннетінен жауап берді, бұл екеуінде тікелей жауабы болмағандарына  Құран, Сүннет аясында жауаптар берген еді. Осылайша Ислам өлкелерінің әр жерінде сахабалардан дінді үйреніп әрі дін ілімдерінде  тереңдеп, сахабалар дүниеден өткеннен соң пәтуә берумен айналысатын ғалым табиғиндер сахабаның шәкірттері болған еді.Осы кезден бастап әр өлкеде Құран мен Сүннетті басшы қылып ұстанатын сахабаның алдына келген  Құран мен Сүннетте жауабы болмаған мәселелерге жауап беру әдісінен, қағидасынан бастау алған тұрақты мәзһабтар пайда болды.

Хазреті Омар(р.а)  бір күні жалғыз отырып терең ойға шомады. Дереу Абдуллаһ ибн Аббасқа (р.а)   хабаршы жеберіп, шақыртып алып, оған былай деп сұрақ қояды:«Бұл үммет қалай ғана түрлі ағымдарға бөлініп кетеді? Олардың Құраны, пайғамбары және қыбыласы бір емес пе?» дейді. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас (р.а)   былай деп жауап береді:

«Ей, мүминдердің әміршісі, Құран біздің заманымызда түскендіктен біз қай аяттың қашан, не үшін және не жайында түскенін жақсы білеміз. Бізден кейін келетін буындар болса, олар Құран оқиды, алайда қай аяттың қашан, не жайында түскенін білмегендіктен олардың ойлары сан саққа жүгіреді». Бірақ хазреті Омар (р.а)  Абдуллаһтың айтқан сөздеріне ашуланып, оған ұрысты. Абдуллаһ орнынан тұрып, шығып кетеді. Алайда, Омар Абдуллаһтың айтқан сөздерін тағы ой елегінен өткізіп, дұрыс екенін түсініп оны құзырына қайта шақыртады дағы алғысын айтады. Бұл оқиғадан сахабалардың кезінде шариғаттың негізі – Құран мен хадистің мақсатын  жете түсушіліктің болғанын байқаймыз. Бұл жағдай сахабаның тәрбиесін көрген табиғиндарға, табиғиндардан соң келуші әтба-табиғиндарға олардан кейін келуші мүжтаһид ғалымдарға да тән. Міне осы тәрбие, әдіс, бірізділік жиынтығы мәзһаб деп айтсақ қателеспейміз.

Аталмыш мазһаб имамдарына бағытталған кейбір уәждерге қатысты мына бір мысалды келтірсек болады. Бірде  араб елдерінің бірінде шафиғи мазһабын ұстанатын қарт әжей бір мәселенің шариғаттағы оң шешімін білгісі келіп, жергілікті сотқа, қазыға жолығады. Өз кезегінде мазһаб ұстанбайтын қазы қарт әжейді сынап, «сізге Алланың сөзімен үкім шығарайын ба, әлде имам Шафиғидің сөзімен үкім шығарайын ба?»-деп сұрайды. Сонда әлгі қарт: «маған имам Шафиғидің сөзімен шешім айтыңыз»-дейді, бұған таңырқаған қазы себебін сұрағанда әлгі қарт: «Өйткені мен сенің Құран аяттарына деген түсінгіңе қарағанда имам Шафиғидың түсінігіне көбірек сенем»- дейді. Қарапайым ғана діни білімі орташа қарттың сөзінен аңғарғанымыздай, бір мазһабқа ерушілер тура осы мысалдағыдай өз имамының Құран мен хадисті терең білудегі біліміне, түсінігіне өзінің аз ғана біліміне қарағанда көбірек сенеді.

Мазһаб бір адамның ғана көзқарасына жүгіну емес, бәлки ол негізін салған, қалыптастырған, артында муджтахид деңгейіне жеткен бірнеше шәкірттері бар мектепке еру.

Ислам ғалымдары кім қай мазһабпен намаз оқыса да оны теріске шығарудан аулақ, оны дұрыс, сүннетке сай санайды. Дей тұрғанмен ғалымдарымыз бір қоғамда діни түсінік таяз болуы себепті намаз оқушылар арасында намаз оқудағы әртүрлілікке байланысты келіспеушіліктер туып, бір-бірін осы себепті жек көріп, амандаспай, агрессиялық әрекеттер туып жатса, қалған мазһабтарды дұрыс санаса да, сол қоғамда қалыптасқан мазһабқа бағынуға барша мұсылмандарды шақырады. Өйткені, ауызбіршілік бізге намаз секілді парыз амал.

Діни білімі терең Абай, Мәшһүр Жүсіп т.б. сол секілді зиялы қауым өкілдерінің еңбектерінен білетініміздей ата-бабамыз ислам дінін ханафи мазһабының еңбектерінен танып, сусындап, өмірлерінде практика жүзінде ұстап, басқаларға ауызбіршілік үшін осы бағытты үйретіп өткен.

Енді ғана тәй-тәй басып, мұсылманшылықты жаңадан үйреніп келе жатқан аз ғана халқымыздың арасында бәрінен бұрын бірлік, ынтымақ қажет. Еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы ханафи мазһабын ұстанғандықтан халық арасындағы ауызбіршілікті сақтау, әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мазһабын насихаттауға атсалысайық. Бұл ханафи мазһабынан басқа мазһабтардан аулақ болу керек деген сөз емес, тек келімсек миссионерлердің арбаушы насихаттарына парасаттылықпен қарап, өте қырағы болуымыз керек. Сондықтан ҚМДБ-ның  ұстанып, әрі насихаттап отырған жолы ата бабамыз ежелден ұстанған ханафи мазһабы біздің кез келген сұрағымызға жауап беріп, қандай да болсын қажеттілігімізді өтей алатындай бай әрі өте қолайлы екенін есімізден шығармайық. Ендеше, басқа мазһабты уағыздап, жаңалық ашудың адамдардың басын қатырғаннан басқа пайдасы жоқ. Сондықтан жаңа жол салуға немесе, «біреудің қаңсығы біреуге таңсықтың» кебін келтіріп, жат дінді уағыздағаннан гөрі ықылым заманнан үйренген жолымызды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа, бірлік пен ынтымаққа шақырайық. Ал бұл қазақ халқының қолынан келеді.

 «Түбіміз түрік, ханафи мазһабын ұстанатын сүннет жолындағы мұсылмандармыз»,- деп елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, біздер ата-бабамыздың ұстанған негізгі діни бағытынан басқа жаққа бұрылмайық, бұл- елдің ауызбіршілігінің кепілі, ал ауызбіршілік бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Намаз ішіндегі қимылдар мен ел арасындағы пәтуаларда іс пен жүрек біріксе, ислам дінін ұстанушылар арасында қашан да бір-біріне деген сүйіспеншілік пайда болып, өзара көмектесу мен ынтымақтастықта болып, елді былай қойғанда әлемдік проблемаға айналған экстремизм мен терроризмнің иісі де бізде болмайды.

 Алла тәуелсіздігімізді баянды етіп, тыныштығымыз бен тұрақтығымыздан айырмасын!

 

Нұрлыбек АДАМЖАНОВ

(Қалалық «Ақмешіт» мешітінің азаншысы)

 

 

 

 

 

 

0 пікір