Матуриди ақидасы адасушылық па?
Матуриди ақидасы адасушылық па?
30.05.2019 12:12
249
0

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты Елшісі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке, Оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлемдер болсын.

Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед Әл-Матуруди Әс-Самарқанди – бізге жеткен деректерге сүйенетін болсақ, Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өткен соң туылған деседі, ал басқа зерттеушілер 235 һижри / 850 милади, кейбірі 238 һижри / 853 милади және 248 һижри / 862 милади-жылдары Самарқанд маңындағы Матурид қалашығында дүниеге келгендігін айтады. Матуриди деген есім оның туған жеріне байланысты берілген. Егер де оның Мұхаммед ибн Муқатиль ар-Разиге (248 һижри / 862 милади жылы қайтыс болған) шәкірт болған жылдарды ескерсек, Матуриди шамамен 238 һижри / 853 милади жылдары туған болуы мүмкін деген болжам айтуға болады.

         Егерде тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ислам ілімдерінде үлкен дәрежеге жеткен ғалымдардың, солардың ішінде фиқһ, ақида, тәпсір, сондай-ақ аттары әлемге танымал араб тілі және әдебиеті, ислам тарихының ғұламаларының барлығының Матуриди немесе Ашари ақидасын ұстанғанын байқаймыз. Ислам әлемінде тәпсірлері, шығарған еңбектері мен әр-түрлі атақты мәтіндерге жазған шархтары кеңінен жайылып, өздерін мақұлдатқан ғалымдарды мойындамайтын болсақ, ол біздің сауатсыздығымызды білдіреді. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінде былай делінген: «Константинополь алынады. Оны алған қолбасшы қандай керемет қолбасшы. Оны алған әскер қандай керемет әскер!».(Имам Әл-Бухари, Ахмад бин Ханбал және Әл-Хаким)

Алланың Елшісі (с.ғ.с) хадисте мақтап тұрған қолбасшы –  тарихтан білетініміздей фиқһта Әбу Ханифаны, ақидада Матуридиді ұстанатын, Стамбулды азат еткен атақты Мухаммед Фатих. Олай болса Алланың сүйіктісі болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі сахих хадисінде мақтап тұрған адамды қалайша адасушы, теріс ақиадада  болған деп айта аламыз? Егер біз Матуриди ақидасын адасушылық дейтін болсақ, Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) қарсы келіп ғана қоймай, өзіміз де анық адасуға ұшыраймыз. Бұл сенімді хадисті жалғанға шығарғысы келетіндердің іс-әрекеті – өз ойлары мен ұстанымдарының дұрыс екенін дәлелдеуге бағытталып жатқан тырысулары ғана.

         Имам Матуридидің еңбектеріне назар аударатын болсақ, көбінесе кәләм, фиқһ, тәпсір салаларына қаттырақ салмақты салған. Білім алған ұстаздарының тізбектері Әбу Ханифаға барып тірелетінін байқасақ болады. Яғни, имам Матуруди Имам Ағзамның бастап кеткен «кәләм» тақырыбындағы еңбектерін дамытып, бір жүйеге қойып гүлдендірген, фиқһта ханафи мәзһабын ұстанған ізбасары болып саналады. Әбу Ханифа мен Матуриди еңбектерін салыстыра зерттеген Әбу Зәһра Әбу Ханифа көзқарастары Матуриди тұжырымдарының қайнар көзі екенін, мұны Матуридидің өзі де мойындағанын дәлел ретінде келтіреді. Ханафи мәзһабының үлкен ғалымдарының бірі Захид әл-Кәусари де «Ишаратул-мәрам» атты еңбегінде Матуридидің Әбу Ханифаның еңбектерін нақты қолданып, оларды жете зерттегенін айтады. Бұдан имам Матуридидің имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын тереңдете зерттегендігін аңғарамыз. 

         Жалпы әлемдегі мұсылмандардың 90 пайызын сунниттер, қалған 10 пайызын басқалары құрап тұр. Ал 90 пайыз сунниттердің 87 пайызын фиқһта Ханафи, Шафиғи, Малики, Ханбали, ақидада Матуриди мен Ашари мәзһабтарының өкілдері құрайтын әһлу сунна уал-жамағат құрайды. Сондықтан да мұсылмандардың ең үлкен бөлігін құрап тұрған Матуруди ақида сенімін адасушылық деп айту ақылға қонымсыз. Дана ата-бабамыз «бөлінгенді бөрі жейді» деп көпшілік тобырмен, ақиқатпен бірге болуға шақырған. Қасиетті Құран-Кәрімнің Әли-имран сүресінде: «Алланың жібіне (хақ дініне) мықтап жабысыңдар да бөлінбеңдер» делінген. Жоғарыдағы айтылған сөздерімізді қорытындылай келе, Матуруди сенімінің адасушылық емес, бәлки бізді тура жолға бастайтын ең сенімді екі ақида мектебінің бірі екенін айтқымыз келеді. Анығын Алла білуші!

«Бижан» мешітінің наиб имамы Жайыров Ерасыл

 

0 пікір