ИМАМ ҒАЗЗАЛИ: БІЛІМ АЛУДЫҢ 10 ӘДЕБІ
ИМАМ ҒАЗЗАЛИ:  БІЛІМ АЛУДЫҢ 10 ӘДЕБІ
21.02.2020 13:08
292
0

Біз  сіздермен бұл мақаламызда ұлы ғалым, сопылық ілімнің теориялық негізін салушы Имам Ғаззалидің білім жолында жүрген шәкірттерге арнаған үгіт- насихаттарымен бөліспекпіз.

Имам Ғаззали «Ихия улумиддин» атты еңбегінде:    «Білім алудың басты он әдебі бар. Білімді талап етушілер осы әдепке мойынсұнуы керек», -  дейді. Ұлы ғалымның білім алушылардың міндетті түрде ұстануы қажет деген әдептің тізімін төменде ұсынып отырмыз.

1. Нәпсісін жаман қылықтардан тазарту. Өйткені білімді талап ету - жүректің ғибадаты және Алла Тағалаға жақындаудың жолы. Сол себептен намаз үшін денеге қатысты нәжістерден тазару қандай керек болса, денедегі нәжістер тазармай намаздың дұрыс болмайтыны секілді, жүректің ғибадаты болған  білім үшін де жүрекке қатысты кірлерден тазару керек. Сонда ғана білім жүрекке қонады.

2. Білім алу кезінде дүниелік істерден мүкіндігінше алыс тұру қажет. Өйткені дүниелік істер шәкірттің жан-дүниесін жаулап алып, білімге деген махаббатын азайтады. Кұран Кәрімде: «Алла Тағала ешбір адамның кеудесіне екі жүрек жасаған емес»[1], - деп бұйырылған. Шәкірттің ойы шашыраңқы болғанда білімге қатысты мәселелерді түсінуде қиналады. Сондықтанбілім иелері: - «Сен білімге бар ынтаңмен берілмейінше, білім саған бір бөлігін де бермейді» -  деген.

3. Шәкірт өзін оқытқан ұстаздарына сыпайы, кішіпейіл және әдепті болуы керек. Бұл үшінбілім алушы науқастың дәрігерді тыңдағаны секілді ұстазын да тыңдауы керек. Ұстазына кішіпейіл болып, ұстазына қызмет етуді үлкен шарапат деп ұғынуы керек. Осының сауапты іс екеніне сенуі керек. «Білім талап етуден басқа жағдайларда қандайда бір мақсатпен жағымпаздану мұсылманның ахлақына жатпайды», -  делінген. Бұдан байқағанымыз, білім алушыға ұстаздарына жағымпаздануға рұхсат етілген. 

4. Білімде белгілі бір дәрежеге жетпейінше, ғалымдар арасындағы пікірталасқа қатысты мәселелерді үйренуге әуестенбеуі қажет. Өйткені білімді пікірталастардан бастау ойды шашыраңқы етіп, мағыналарды түсінуді қиындатып, білімге деген құштарлыққа сызат түсіреді. Осы себептен білімдіоңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге қарай сатылы түрде үйрену керек. Түрлі ұстаздардан білім алу мүмкіндігі болса, әрқайсысынан ең жақсы білген ілім саласын үйренуде үлкен пайда бар.

5. Алдымен,білімге қатысты қысқа мәтіндерді оқуы керек және бұл мәтіндердің мақсат-мазмұынын жетік білуге тырысуы керек. Қысқа мәтіндерден кейін ең маңызды білімдерді тереңінен оқуы керек. Тереңінен үйренуге мүмкіндігі болмаған жағдайда білімге деген кері әсер қалыптаспауы үшін, үйренген қысқа мәтіндерді үнемі қайталауы керек.Өйткені бұлай істеуі білімге дұшпандық танытпауына себепкер болады. Бір нәрсені білмеген адам оны дұшпан санайды. Ислами білімдер бізді Алла Тағалаға жақындатады немесе Алла Тағалаға жақындаудың жолдарын нұсқайды. Білімнің өзара үстемдігі  және маңыңыздылығы осы өлшем бойынша жүзеге асады. Ғалымдар шекараны қорғайтын күзетші әскерлер секілді. Ғалымдар білімдерімен Алла Тағаланың дінінің шекарасын қорғайтын күзетші әскерлер. Білімдеріне және ниеттеріне сай сауапқа қол жеткізеді.

6. Шәкірт үйренген білімдерімен ақырет күніне дайындайтын білімге жетуді мақсат етуі керек. Өйткені білім алудағы негізгі мақсат – ақыретке дайындайтын білімді алу. Қалған білімдер - осы білімге дайындық немесе бастау жолы. Сол үшін өмірінің барлығын бұл дүниелік білімдерді үйрнеумен өткізбеуі керек. Бұлай жасайтын болса, еңбегі зая болып, екі дүниеде де бақытсыздыққа ұшырайды. Ақырет біліміне жету  жан дүниемен нәпсіні жаман қылықтардан, күнәлардан тазаруды талап етеді. Өйткені білім ол бір нұр, тек қана таза жүректерге сәулесі төгіледі. Білім таза жүректе иманға айналады.

7. Дінге қатысты бір мәселе үйренгенде, оның амал, ғибадат және ахлаққа қатысты жақтарын орындау керек. Өйткені білім амал ету үшін үйреніледі. Өзімен амал етілмеген білім ертең ақырет күнінде иесіне шағымданады. «Біз сыйлаған кітапты шындап оқитындар бар, әне, солар кітапқа сенетіндер».[2] Кітапты шындап оқушылар- амал етушілер. Білімдерімен амал етпегендер, халықтың алдында өздерінің дәрежелерін түсіргені секілді білімнің де дәрежесін түсірген болады. Бірақ кісілерге қарап,білімді бағалау бұрыс ұстаным. Дұрысы, білімді де,білім иелерін де білімнің өзіндік өлшемдерімен өлшеу қажет. Әзіреті Али, Алланың разылығына бөленсін,:  −«Ақиқатты кісілердің өлшемімен өлшеме, кісілерді ақиқаттың өлшемімен өлше», − деген.

8. Білімдер арасындағы үстемдіктің олардың мақсаттарына және дәлелдерінің қуаттылығына қарай екеніне байланысты екенін білу. Осыған орай, дін білімі медицина білімінен жоғары тұрады. Өйткені дін білімінің мақсаты кісіні ақыретте бақытқа жетелеу, медицина білімінің пайдасы болса, осы дүниемен ғана шектеулі. Осы секілді математика пәні басқа пәндерден жоғары, себебі математика пәнінің дәлелдері басқа білімдерге қарағанда қуаттырақ. Ислами білімдердің арасындағы ең жоғары білім мағрифатуллаһ білімі, яғни Алла Тағаланы тану білімі. Мағрифатуллаһ білімі қалған ислами білімдердің рухы және негізгі мақсаты.

9. Білімді мансап, дүние және атақ үшін алмау. Себебі адамбаласының бұл дүниедегі сапарының негізгі мақсаттарын мансап, дүине және атақ құрамайды. Бұлар Алла Тағаланы тану жолында бірер көмекші құралдар ғана. Кімде кім білімді Алла Тағаланы тану үшін үйренсе,білімінің жемісін бұл дүниеде де, ақыретте де көреді. Тек дүниелік үшін білім алса, білімі оны ахлах және амал тұрғысынан түрлі масқаралықтарға душар болуына себепкер болады.

10. Жоғары дәрежедегі білім иелерінен болуға ыжтыһад ету. Өйткені білім иелері ниет және амалдарына қарай үш топқа бөлінеді. Алла Тағалаға жақын болғандар, оң жақтағылар және сол жақтағылар[3]. Сол жақтағылар ислам дінінің білімдеріне қарсы келушілер.

 

 

Ербол ШЫРЫНХАН



[1] Аһзап /4

[2]Бақара 121

[3]Уақиға 10-49

0 пікір