Имам Ағзам Әбу Ханифаның мектебі
Имам Ағзам Әбу Ханифаның мектебі
02.09.2019 10:59
1612
0

Ислам тарихында Құран мен сүннеттің құқықтық мәселесі мен үкімдерін түсіну, саралау, қортындылау барысында түрлі пікірлер мен пәтуалар туындады. Құран мен сүннеттегі үкімдер сенім (ақида) және амал деген атаумен екіге бөлінгендіктен, аталмыш тақырыптарды түсіндіру барысында ақида (сенім) мәзһабы, фиқһи мәзһабы болып бөлінді.

Фиқһ саласының дамуына мужтаһид имамдардың елеулі, қажырлы еңбектері нәтижесінде фиқһи мектептер құрылып, көптеген қолдаушылар таба білді. Мұндай мектептер Ислам мәзһабтары немесе фиқһи мәзһабтар деп аталып, ондай мәзһабтар сол мектептің негізін қалаушы имамның атымен аталды.

Сондай мәзһабтын бірі Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы. Имам Әбу Ханифаның (Алла ол кісіге рахмет етсін) іліміне тоқталмас бұрын, ол кісінің қысқаша өміріне көз салаиық. Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит Зута ибн Мах әл-Куфи ханафи мәзһабының негізін қалаушы, фиқһ ғалымы. Ирактың Куфа қаласында 699 жылы дүниеге келіп, 767 жылы Бағдатта қайтыс болған. Тегі парсы. Бізге мәлім болғандай, Әбу Ханифа- оған берілген лақаб есім. Ол дін, ғылым жолына түспестен бұрын саудамен айналысты. Он алты жасында қажылыққа барды. Ол кішкентай кезінен бастап  құранды жаттап алады, бұдан кейін кезегімен араб тіліне қатысты бүкіл ғылымдарға және Ислам сенімі негіздері (ақида) мәселелеріне тереңнен бойлайды. Әбу Ханифаның әкесі Куфада жібек саудасымен айналысқандықтан ол да осы салаға бейім болып өседі. Ол Куфада танымал сахабалардан дәріс тыңдайды. Сахабалардың көзін көргендіктен «табиғин» болып саналады. Өйткені ол Әнәс ибн Мәлик, Жәбир ибн Абдуллаһ, Абдуллаһ ибн Жәз әз-Зубәйди, т.б сахабалармен кездесіп, олардан хадис риуаят еткен. Әбу Ханифа көптеген кісілерден  ілім ала отырып, соңында Хаммад ибн Әбу Сулейманға шәкірт болады. Әбу Сулейман Куфа қаласының танымал фақиһі (құқықшы) әрі мухаддисі (хадисші) еді.  Әбу Ханифа ұстазынан он сегіз жыл бойы дәріс алады. Осы мерзім ішінде өзге де ғалымдардан ілім үйреніп, кейде Мекке мен Мәдинада айлап қалып қоятын. Әбу Ханифа дін іліміне ден қойып, алдымен Құранды жаттаудан бастады. Сөйтіп, жеті қырағат ұстазының бірі Асым ибн Бәһдәләдан қырағат ілімін үйренді. Қырағат ілімінен кейін ақида саласын үйреніп, кейінірек фиқһ іліміне бет бұрды. Әбу Ханифа Куфа мен Басра қалаларына хадис пен фиқһ дәрістерін тыңдап, жүзге жуық табиғин ғалымдармен дидарласу мүмкіншілігіне ие болды. Мекке мен Мәдина қаласына бірнеше рет сапарға  шығып, Ата ибн Әби Рабах, Икрима және Нафиғ сынды ғалымдардан хадис үйренген.

Енді ханафи мәзһабының ерекшеліктеріне тоқтала кетейік. Үкім беру мәселесіне байланысты Әбу Ханифа: « Егер Аллаһтың кітабынан (Құран) бір үкім тапсам оны аламын. Аллаһтың кітабынан таба алмасам, Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннетіндегі үкімдермен амал етемін.  Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетінде де бір үкім таба алмасам, онда сахабалардын сөзін аламын.  Егер сахабалар өз араларында қайшылықта болса, олардың ішінен қалаған сөзді аламын, қаламағанымды алмаймын. Алайда олардың сөзінен артық кетпеймін. Мәселе Ибраһим ән-Нахаи, Шаби, Хасан, Ибн Сирин және Саид ибн Мусайяб сияқты табиғин ғалымдарына қатысты болса, онда олар сияқты ижтиһад жасауға менің де қақым бар»-дейді. Ол харижит, жәһмия, қадария, муғтәзилә, мушәббиһә және муржия секілді доктриналық бағыттардың пайда бола бастаған кезінде өмір сүрген. Әбу Ханифа фиқһ мектебінің негізін қалаушы. Имам Шафиғи ол жайында: « Фиқһ (құқық) саласында барлық адамдар Әбу Ханифаның шәкірті болып саналады!,- деген.

Ұлағатты ұстаз Әбу Ханифаның ұстазы Хаммад ибн Сулейман 738 жылы қайтыс болған соң жолдастары мен шәкірттерінің сұранысы бойынша қырық жасқа толған кезде ұстазының орнын басып, дәріс беруге көшеді. Отыз жылдай дәріс пен пәтуа берген Әбу Ханифаның ұстаздық ғұмыры өте жемісті өтті. Төрт мыңдай шәкірт оқытып, солардың ішінен қырық шақты шәкірті ғалым болып, ижтиһад жасайтын деңгейге жетті. Әбу Ханифаның ең мәшһүр шәкірттері: Имам Әбу Юсуф, Яқуб ибн Ибраһим әл- Куфи Халифа һарун Рашидтің тұсында бас қазы болды. Ханафи мәзһабы әдіснамасының жинақталуы мен таралуында орасан зор еңбегі сіңген. Мутлақ мужтаһид ғалым.

Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани Әбу Юсуфтан кейін Ирактың фақиһі қызметін атқарды, ол да мутлақ мужтаһид ғалым.

Әбу Һузәйл, Зуфар ибн Һузәйл ибн Қайс әл- Куфи Хадис ғалымы. Әбу Ханифаның шәкірттері арасында қияс әдісін өте шебер қолдана білген, Мутлақ мужтаһид ғалым. Әбу Ханифаға негізделген Ирак фиқһ мектебінің қалыптасып, халық, мемлекет билеушілері тарапынан мәзһаб ретінде қабылдануының өзіндік себептері бар. Жалпы  мәзһабтардың қалыптасуына әсер еткен ішкі және сыртқы факторлардың барлығын талдай келе ханафи мәзһабының қалыптасуы мен дамуына маңызды себептер ретінде мыналарды айтуға болады:

Әбу Ханифаның шәкіртерінің қызметі, мәзһабтың құқықтық негіздерінің жүйеленуі, қазылық қызметтің ресми мәзһаб ретінде қабылдауға үлес қосуы. Аббасилер ханафилікті мемлекеттің ресми мәзһабы ретінде қабылдап, мәзһаб имамдарын жоғарғы сот, бас қазылық қызметтерге тағайындаған. Ханафи мәзһабының таралуына Аббасилерден кейін Селжук және Осман патшалығының рөлі зор еді. Осындай қадамдардың нәтижесінде ханафи мәзһабы әуелі Иран аймағында танылып, содан Хорасан, Батыс Түркістан,  Хорезм сияқты шығыс елдеріне қанатын кеңінен жайды.

Алла Тағала барлығымызды ілімділерден болуға нәсіп етсін.

 

                 Жолбек ЕСЕПБАЙ

Қалалық «Бижан» мешітінің ұстазы

0 пікір