Ахмад ибн Ханбал
Ахмад ибн Ханбал
06.04.2015 16:11
3795
0

         Имам Ахмад һиджраның 164 жылының (781 ж.м.) рабиғул әууәл айында Бағдатта дүниеге келдi. Ол үш жасқа келгенде әкесi қайтыс болды.Ол он алты жасынан бастап хадистер мен басқа да Ислам ғылымдарын табандылықпен игеруге күш салды. Ол оқыған ғалымдардың iшiнде имам Әбу Ханифаның атақты шәкiртi, қазы Әбу Юсуф та болған едi.
         һижраның 187 жылында ол алғаш рет қажылық парызын өтедi. Имамның өзi былай деп әңгiмелейдi: “Мен бар-жоғы бес рет қажылық парызын өтедiм. Олардың үшеуiнде жаяу жүрiп бардым, соның бiрiнде отыз дирхем жұмсадым… Қажылық өтеуге жаяу шыққан сапарларымның бiрқатарында жолдан жаңылып, адасып та қалдым. Сондай кездерде мен қашан қажеттi жолымды тапқанша: “О, Алланың құлдары! Маған жол көрсетiп жiберiңдершi!” – деп сұрау салудан танбайтынмын”.
         Имам Ахмад жиi-жиi саяхаттайтын. Ғалым-шейхтармен кездесу үшiн және олардан бiлiм алу үшiн ұзақ сапарларға шығып тұратын. Шейхтар да имам Ахмадты барынша қадiрлеп, құрмет тұтатын.
         Ол имам аш-Шафииден дәрiс алды және оны құрметтеп, аса бағалайтын едi. Сондай-ақ ол Суфиан Ибн Уейннен, Уақша Ибн әд-Джаррахтан, Яхия әл-Қаттаннан, Иазид Ибн Харуннан, Хашим Ибн Баширден және Абдур-Раззақ Ибн Хамаша әс-Сәнаниден iлiм үйренiп, қажымай-талмай өзiнiң бiлiм көкжиегi кеңейттi.
         Имам Ахмад сол уақыттағы ислами ғылымдардың басты-басты орталықтарында болып, өз заманының озық ойлы ғұлама – ғалымдарымен кездесiп тұрды. Ол Хиджаз, Сирия, Ирак т.б. елдердiң ислами оқу-ағарту орындарының көрнектi өкiлдерiмен тығыз қарым-қатынас орнатты.
         Имам Ахмад басқалардан өзiнiң тақуалығымен және қарапайым өмiр сүрумен ерекшеленетiн. Оның шәкiрттерiнiң бiрi, атақты мухаддис бу Даудтың былай дегенi бар: “Имам Ахмадтың ортасы келесi өмiрдiң (Ақыреттiң) қоғамы яғни, мынау жалған дүниеден ешнәрсенi еске алмайтын қоғам болатын. Сол сияқты имам Ахмадтың өзi де (осы ортада) бұ дүниеге қатысты ештеңенi аузына алмайтын”.
         Мухаммад Ибн Жақып ас-Саффар әңгiмелейдi: “Бiр күнi бiз имам Ахмадтан бiз үшiн дұға қылуын сұрадық. Сонда ол аса жоғары Алла Талаға былай деп жалбарынды: “О, Алла! Расында, Сен бiз үшiн не нәрсенiң сүйiктi екенiн бiлесiң, ендеше Өзiңе не сүйiктi көрiнсе, әрқашан да соның бiзде болуын нәсiп ет! “Сосын ол аз-кем үзiлiс жасады да, дұғасын одан әрi жалғастырды: “О, Алла! Өзiңдi не разы қылатын болса, бiздi соған бекем ет! О, Алла, әлдекiмге мұқтаж болудан Саған сиынамыз, бiз Сенен ғана жәрдем сұраймыз! Және бiз Сенен басқа әлдекiмдерге мойынсұнудан Саған сиынамыз!”.
         Сондай-ақ Әбу әл-Фадл ат-Тамими Ахмад Ибн Ханбалдың аса жоғары Аллаға былайша жалбарынып, дұға қылғанын айтады: “О, Алла! Бұл үмметтiң тура жолдан тайған, бiрақ өздерiн сол жолдамыз деп есептейтiн адамдарын ақиқат жолға сала гөр!”
         Имам Ахмад бiр сөзiнде былай деген: “Егер сен өзiң сүйген нәрсеңдi Алла Тағала ұзағынан қылсын десең, Оның сүйген нәрсесiн сен де ұзағынан қыл”.
         Әл-Байхақидың айтуынша, бiр адам имам Ахмадқа келiп былай дедi: “Менiң анамның төсекке таңылғанына жиырма жыл болды. Ол менi саған өзiне дұға қылуын өтiнiп, жiбердi”. Сонда оған имам мынаны айтты: “Бiз оған дұға қылғаннан гөрi, оның бiзге қылатын дұғасына көбiрек мұқтажбыз”. Сосын ол шексiз ұлық Аллаға жалбарынып, оған шипа жiберуiн өтiнiп дұға қылды. Қашан әлгi адам үйiне қайтып оралып, есiк қаққанда, оған есiктi өз аяғымен тұрып келiп шешесi ашты. Анасы оған: “Алла Тағала маған шипа жiбердi, денсаулық сыйлады”, – дедi.
         Имам Ахмад һиджраның 241 жылында (855 ж.м.) рабиғул-әууәл айының 12-сiнде жұма күнi 77 жасында қайтыс болды.
         Имам Ахмад Ибн Ханбалды жерлеуге бiр дерек көзi бойынша бiр миллион үш жүз мыңға жуық адам қатысқан дейдi.
         Абдул-Уаххаб әл-Уррақ айтты деп әл-Байхақи хабарлайды: “Жаһилиет дәуiрiнде немесе Ислам орнаған уақыттан берi бiр адамның жаназасына Ахмад Ибн Ханбалдың жаназасына жиналғандай адамдар қатысты дегендi естiген де, көрген де, бiлген де емеспiн”.
         Имам Ахмадтың көршiсi әл-Уарқани айтты деп Абдур-Рахман Ибн бу Хатим хабарлайды: “Имам Ахмадтың жаназасы кезiнде 20 мың христиан, иудей және отқа табынушылар Исламды қабылдады”.
         Имам Ахмад өзiнiң артында баға жетпес бiлiм қазынасын қалдырды. Оның ең белгiлi, кең тараған кiтаптары:

1. Муснад – 30 мыңнан астам хадистен тұратын жинақ;
2. Китаб әс-Саләт – намаз ережелерiне және Ислам ғалымдарының қоғамдағы ролiн түсiндiруге арналған кiтап;
3. Китаб әр-Рад аләл-джахмиа уәз-занадика – бұл шығармасы арқылы имам Ахмад муғтазилашылардың т.б. қағидаларын жоққа шығарады.

 

 

0 пікір