Періштелер қандай жаратылыс?
Періштелер қандай жаратылыс?
08.06.2015 11:14
7510
0

 Иман шарттарының екіншісі – періштелерге иман. 

Періште  - нұрдан жаратылған, күнәдан пәк жаратылыс. Олар ішпейді, жемейді, еркек немесе әйел болып бөлінбейді. Олар Алланың сүйікті құлдары.  Құдайдың бұйрық-пәрмендерін ешбір кемшіліксіз, толық орындайды. Күнә жасау періштелерге тән емес.

Ұлы Алла Тағала тіршілік иелерін әр түрлі етіп жаратқан.  Олар кейбірі көзімізге көрінетін болса, тағы біреулері жалаң көзге көрінбейді. Адам баласы кейбір тіршілік иелерін көре алмайды. Өйткені адам көзі барлық нәрсені көретіндей болып жаралмаған.  Пенденің көру қабілеті шектеулі. Мысалы, тым кішкентай бір нәрсені көре алмайтынымыз секілді ауаға, желге, жанымызға, рухымызға, ақыл-санамызға көз жүгіртіп назар сала алмаймыз. Сымның ішінде жүйткіп жатқан электр қуаты да сондай. Міне, мұның бәрі көзімізге көрінбегінімен, оларды жоқ деп айта алмаймыз.  Періштелер де осылар секілді бар болса да, көрінбейтін жаратылыстардың қатарына жатады. Олардың бар екендігіне сенеміз. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранында оларды бар деп хабар берген. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да періштені өз көзімен көрген әрі соны бізге білдірген.  Бір нәрсені Алла Тағала мен Оның сүйікті елшісі (с.ғ.с.) айтса, ол ақиқат деген сөз. Сондықтан біз періштелердің бар екендігіне айқын иманмен сенеміз. Сенуге тиіспіз.

Періштелер жерде, аспанда, айналамызда, барлық жерде болады. Олардың санын Алладан өзге ешкім білмейді.  Періштелердің әрқайсысына Алланың жүктеген арнайы міндеттері мен қызметтері бар. Олардың кейбірі Аллаға үздіксіз құлшылық етсе, енді біреулері ғалам мен болмысы үйлесімі мен жүйесін қадағалауға бұйырылған.  Адамның шамасы келе бермейтін өте үлкен, тым ауыр істерді атқарады. Адамдарға тілекші болатын, оларды бәле-жала, жамандықтан сақтайтын, қиналғанда мүминдердің қасынан табылатын періштелер де бар. Алла Тағала періштелерді жарату арқылы өзінің күш-құдіретін көрсетті.

    Құлшылық энциклопедиясы  

Дін дегеніміз не?
Ислам діні
Иман негіздері
Алла Тағалаға иман
Аллаға қалай сену керек?  

Таухид деген не?
Періштелер қандай жаратылыс?
Үлкен періштелер мен олардың қызметтері

 

 

 

 

0 пікір