ОРТА АЗИЯҒА ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ ТАРАЛУЫ
ОРТА АЗИЯҒА ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ ТАРАЛУЫ
17.03.2017 11:20
3370
0
Бердібек Оянғанұлы

1.САМАРҚАНД ҚАЛАСЫНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ:

 

Самарқанд сөзі ескі парсы тілінде самар: тас, жартас, ескі Соғды тілінде қанд: кент, қамал сөздерінің қосындысынан шыққан. Ескі түрік тілінде «Семізкент» атауы қолданылған. Тарихы өте ежелге барып тірелетін Самарқанд ескі Грек әдебиеттерінде «Макаранда» есімімен аталған. Б.з.б 14 ғ.ғ Парсылар тарапынан құрылған және Аханамиш Империясының маңызды қалаларының бірі болған. Біздің заманымыздан 330 ж. Ескендір Зұлқарнайын жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына енгізді. Б.з 1ғ - б.з 4 ғасырға дейінгі аралықта Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болды. 4 - 6 ғасырға дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Самарқанд қаласын 8 ғасырдың басында әмәуилер, 9 ғасырда Самани әулеті, 11 ғасырда Қарахан әулеті, одан соң түрік салжұқтары, 12 ғасырдың орта шенінде Қидандар басып алды. 13 ғасырдың бас кезінде Хорезм шахтары билік етті. 1220 ж. Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. 14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың басында Әмір Темір мемлекетінің астанасы болды.Самарқанд қаласының  гүлдену кезеңі Әмір Темірдің кезеңінде болған еді.16 ғасырдың аяғында Бұхар хандығының құрамына кірді. 1868 ж. патшалық Ресей әскерлері басып алды да, Ресей империясының қарауына енді. Қазіргі күнде Өзбекстан Республикасының көрнекті қалаларының бірі.

 

2.ОРТА АЗИЯҒА ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ ТАРАЛУЫ

 

 Әмәуи Халифатының Хорасан уәлиі Саид ибн Осман Х 56(м 676) жылы Самарқандыға жорық жасаған еді. Нәтижеде қала басшысы Тархун мұсылмандарға салық өтеуге келіседі. Қалаға жорық барысында Пайғамбар(с.ғ.с) немере ағасы Аббас(р.а) ұлы Қусам шәһид болған еді. Осылайша Орта Азияға Ислам дінің таралуы басталады.711-жылы Мауараннаһрды Құтайба ибн Муслим басып алады. Басқару жүйесі Әмауи халифаты Мәмуннің Саман ұлдарына яғни Әсад ибн Саманға берілген дейін (819ж) орталықтандырылған халифалық арқылы басқарылды. Мұғтасым дҽуірінде (833-842жж.) Мауреннаһр тұрғындары толықтай мұсылман болды. Сол кезде олар ханафи мәзһабын ұстанатын. Саманидтер әулеті дәл осы кезеңде жаңа мемлекет құрып, Мәуреннаһр аймағына иелік етті. Мәселен: 819-жылы Нұх ибн Әсад − Самарқандқа, Ахмед ибн Әсад − Ферғанаға, Йахия ибн Әсад − Шашқа, Илиас ибн Әсад – Хератқа әкім болды. Орталық Бұхара қаласы болғанымен, Самарқанд халқының саны көп болатын. Ірі қалаларға жағдай жасалып, олар ғылым орталықтарына айналдырылды. Мәзһабаралық пікірталастар кеңінен етек алып, қызу тартыстар жүргізілгендіктен, ел билеушілері оқымыстылар мен діндар ғұламаларына және дінмен ғылымды жандандыруға жағдай жасады. Сөйтіп, Саманидтер әулеті Ислам дініне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, кемелденуіне елеулі үлес қосты.

Тарих бойынша ілім мен мәдениеттің отанына айналған Самарқанд қаласынан әйгілі ғұламалар шыққан еді. Әһлі Сүннет уәл Жамағаттың сенімдегі имамы Әбу Мансур Әл Матуриди, Хаким әс-Самарқанди, Әбу Ләйс әс-Самарқанди сынды ғұламалар осы қаладан шыққан еді. Ханафи мәзһабының орта азияға таралуына сол дәуірдегі ілім ордасы саналған Куфа қаласының әсері ерекше еді. Әбу ханифаның шәкірттері, Әбу Ханифадан кейін Имам Мухаммедтың шәкірттері  Хорасан және Мәуренаһр тарапынана ханафи мәзһабын таратқан еді.  Ханафи мәзһабы ең әуелі Бұхараға одан кейін Самарқандыға таралған еді.

 

3.МӘУРЕННАҺРҒА АЛҒАШ ХАНАФИ МӘЗҺАБЫН ТАРАТУШЫ ҒАЛЫМДАР

 

1. Мухаммад ибн Фадл        

Фиқһ ілімінің Бұхараға таралуына себепкер болған Әбу Абдулла Мухаммед ибн Фадл ибн Атия ибн Омар ибн Халид Әл-Мәруази. Куфалық болған Мухаммед Бухараның Шәрәфдән ауылына орналасады. Өзінің айтуынша әкесі бес жасынан бастап ілім алқаларына апарған. Әбу Ханифадан дәріс алғандығын, кейбір мәселелерді қате түсінігендігін, Әбу Ханифаның оның қатесін түзелткендігі жайында риуаяттар бар. Отыздан астам қажылық жасағандығы жайында да хабарлар келген. Мухаммед ибн Фадл 180/796 дүние салған.

2. Хазм ибн Абдулла

Әбу Хузайма Хазм ибн Абдулла ибн Хузайма әс-Судуси. Тақуалықпен атағы шыққан Басралық Ғалым. Бұхара қаласына орналасқан. Хадис риуаятымен де атағы шыққан. Ибн Хиббан ол кісі жайында сенімді «сиқо» дәрежесін берген. Әбу Ханифадан тікелей сабақ алған деген де риуаяттар кезігеді. 206/821 жылы дүние салған.

3. Даххақ ибн Махләд

Әбу Асм ән- Нәбил Даххақ ибн Мәхләд әш- Шайбани. Басрадан шыққан бұл ғалым Бағдатта, Рейде, Нисабурда және Бұхарада ұстаздық қылған. Ғалымдардың айтулрына қарағанда Даххақ ибн Махләд Әбу Ханифаның шәкірті. Халид ибн Абдулла әл- Қазуини және Ибн Саад әл- Бағдадидың пайымы бойынша Даххақ ибн Махләд өте сенімді ғалымдар қатарынан. Даххақ ибн Махләд 212/828 жылы дүние салған.   

 

4.Ысхақ Ибн Бишр

Әбу Әбу Убайд Ысхақ Ибн Бишр Әбу Ханифа және Муқатил ибн Сүлейменнің шәкірті болған. Өте зерек, алғырлығымен танылған. Халифа Мәмуннің сұрақтарына тұшымды жауаптар бергені үшін Халифаның арнайы сый-сияпатына бөленген. Өмірінің соңында Бұхараға орналасқан.

5. Ахмет ибн Хафс әл- Кәбир (550/1155)

Бұхарадан шыққан Әбу Хафс әл- Кәбир Ахмет ибн Хафс Имам Мухаммедтің шәкірттерінен. Хусам ибн Бишр, Уәкиғ ибн әл-Жәррах және Әбу Усама сынды ғұламалардан хадис тыңдаған. 150/767 Бұхараның Хайзахаза ауылында дүниеге келген. Әбу Хафс әл- Кәбирдің атағы Бұхараға ғана емес бүкіл мәуреннаһр өлкесіне танымал болған. Кейбір тармақ мәселелерде Бұхара фақиһтарының Ирактық ғалымдардан өзгеше пәтуалар беруі осы ғалымның бастамасымен болады.  Мәуренахр Шейхы, Шығыстың факихі, Әбу Хафс әл- Кәбир деген лақап атаумен танылған Ахмет ибн Хафс Ханафи мәзһабының орта азияға таралуына өте үлкен үлес қосқан. 550/1155 жылы дүние салған. Әбу Хафс әл- Кәбирдің ұлы Мухаммед әкесінен ілім алған, ханафи мәзһәбының үлкен ғалымдарынан. Әбу Хафс әс-Сағир, Әбу Абдулла Бухари деген атпен танымал болған. Әбу Уәлид Тайалиси, Хамиди, Яхия ибн Мәғин сынды ғұламалардан ілім алып хадис риуаят қылған. «Китәбу-л ләһу уәл хәуә», «родду әлә-л лафзия» сынды еңбектері болған.

6. Мухаммед ибн Сәләм

Ибн Әбул Уәфә Мухаммед ибн Сәләм Әбу Ханифаның шәкірттерінен. Имам Мәлік ибн Әнәстың да шікірті. Мухаммед ибн Сәләм факиһ әрі хадисшы болған.

7. Жунейд ибн Хасан

Жунейд ибн Хасан Әбу Ханифаның Бұхаралық шәкірттерінен. Атақты табиғин Хасан әл- Басри және Мухаммед ибн Сирин сынды ғалымдардан дәріс алғандығы жайында деректер бар.

8. Яхия ибн Жағфар

Әбу Зәкәрия Яхия ибн Жағфар әл-Әзди әл- Бариқи әл-Бұхари әл-Бәйкәнди әл-Нәкәбуни. Бұхараның Нәкәбуни елді мекенінде орналасып Ханафи мәзһабының өкілі болған. Яхия ибн Жағфар фикһ ілімі бойынша көптеген еңбектер қалдырған. Еңбектері: «Китабу әс-саум», «китабу әс-салат», «китабу әл- мәнәсик», «китабу әл-буюғ». Яхия ибн Жағфар 243/858 шәууәл айында дүниеден өткен.

 

4.САМАРҚАНДЫҒА ХАНАФИ МӘЗҺАБЫН ТАРАТҚАН ИМАМ МҰХАММЕДТІҢ ШӘКІРТТЕРІ (3-4 ғ.ғ)

 

1.Әбу Сулеймен Мұса ибн Сулейман әл-Жүзжани әл-Бағдади(200/816?)

2.Әш-Шайх әл-Фақиһ Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жүзжани   (285/898)

3.Әбу Насыр Ахмед ибн әл Аббас әл-Ийади (260/874)

4. Мухаммед ибн Муқатил Әр-Рази әс-Самарқанди 248/862

1).Әбу Сулеймен Мұса ибн Сулейман әл-Жүзжани әл-Бағдади(200/816?)

Балық қаласының Жүзжан өлкесінен. Бағдат қаласында ілім алды. Әбу Юсуфтің және Имам Мұхаммедтің шәкірттерінен, Муалла ибн Мансурдың досы еді. Ханафи мәзһәбінің негізгі кітаптарын осы ұстаздардан үйренді. Имам Мұхаммедтің әл- Асл кітабының ең сенімді нұсқаларының бірі  Сулейман әл-Жүзжанидың нұсқасы. Абдулла ибн Мүбарактан және Амр ибн Жүмәйдан хадис риуаят қылды. Сулейман әл-Жүзжаниден Әбу Хатим әр-Рази, Қазы Ахмет ибн Мухаммед әл-Бирти, Бишр ибн Мұса әл-Әсәди және Абдулла ибн Хасан әл-Хашими сынды ғалымдар риуаят жасаған. Сулейман әл-Жүзжани тақуа әрі алғыр ғалым болған. Ол кісі жайында Әбу Хатим әр-Рази ол жайында шыншыл деп сипаттайды. Ибн Нәдим Сулейман әл-Жүзжанидің өзіне тән кітаптары болмағандығын, ол кісінің тек ғана Имам Мұхаммедтің кітаптарын риуаят қылғандығын атады. Ол кітаптар «әс-Сиару әс-Сағир», «Китабу әс-Солату», « Китабу әр-Раһн», және «Нәуәдиру әл-Фәтуа». Имам Сарахси «әл-Усул» кітабында әл-Жүзжанидің «Нәуәдиру әл-Фәтуа» кітабы жайлы айтады.

2). Әш-Шайх әл-Фақиһ Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жүзжани(285/898)

Ханафи ғалымы әрі Әһлі Сүннет уәл-Жамағаттың кәләмшыларынан. Өмір тарихы жайында толық мәлімет жоқ. әл- Жүзжани аталғандықтан ғұламлар Жүзжаннан шыққан дейді. Ұстазы Сулейман әл-Жүзжани өмірінің соңында  Бағдатта өткізген. Сол уақытта ол кісіден ілім алған. Өзінің ілім алуда досы, кейін шәкірті болған Әбу Наср әл-Ииади (260/874) Әбу Бәкір әл- Жүзжанидің ілімін кейінгілерге жеткізген. Әбу Наср әл-Ииади  және Имамымыз Әбу Мансур әл-Матуриди екеуі  Әбу Бәкір әл- Жүзжанидің шәкірттерінен болған. Әбу Бәкір әл- Жүзжанидың Ханафи мәзһабын терең білгендігін   және кәләм ілімінде  де өте білгір болғандығы айтылады. Әбу Бәкір әл- Жүзжанидің көптеген еңбектері болғандығы айтылады. Бірақ үшеуі нақты сол кісінің еңбегі екендігі айтылады. 1- «әл-Фарқ уә-тәмииз» (Аллаһ Тағаланың сипаттарына қатысты). 2- «Китәбу әт-Таухид». 3- «Китәбу әт- тәуба».

3). Әбу Насыр Ахмед ибн әл Аббас әл-Ийади (260/874)

Лақабы  Ахмед ибн әл Аббас ибн Хусейн ибн Жәләбә ибн Ғалиб ибн Нәуфал Саид ибн Убайда(сахаба) әл-Фақиһ әс-Самарқанди. Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жүзжанидан ілім алған. Саманилар кезінде өмір сүрген. Әбу Наср әл-Ииадидың «Мәсәләту әс-Сифат» атты еңбегі болғандығы жайында айтылады. Саманилар Әміршісі Наср ибн Ахметтің уақытында (864-892) Түркістанда Әбу Наср әл-Ииади шәһид болады. Дүние салғанда қырыққа жуық Матуриди сияқты шәкірт қалдырғандығы жайында хабарлар бар. Нақты қай жылы қайтыс болғандығы жайында әртүрлі көзқарастар бар. Әрі фақиһ әрі кәләмшы болған деседі. Имам Матуридиға Әбу Ханифаның  сенімдегі жолымен амалдағы  мирасы осы ғұламалар арқылы жеткен еді.

4). Мухаммед ибн Муқатил Әр-Рази әс-Самарқанди (248/862)

Әр-Рази Имам Мухаммедтің және Әл-Балхидың шәкірттерінен. Бастапқыда ілімді әкесінен үйренген. Рей қаласында Ханафи мәзһабының негізін қалаушылардан. Әр-Рази Суфиян ибн Уиәйнә, Әбу Муғауия, Уәкиғ, Ибн Фадл Әл-Мухариби, Хәкәм ибн Силм сынды ғұламалардан хадис риуаят қылған. Әр-Разидан Мухаммед ибн Әйюб, Әл- Хаммами, Абду-л Бақи ибн Ғани, Хаким әт-Тирмизи, Хусейн ибн Хамдан, Имам Бухарилар ілім алған. Имам Бухари: Мен үшін жер бетінде  Мухаммед ибн Муқатилдан асқан сүйікті ғалым жоқ деген.

 

5.ИМАМ МАТУРИДИДЫҢ ШӘКІРТТЕРІ (4-5 ғ.ғ):

 

1. Хаким  Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед әс-Самарқанди (342/953).

2. Әбул Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи (345/956).

3. Әбу-л Ләйс әл-Бұхари әс-Самарқанди (373/983).

4. Әбу Ахмед әл-Ийади (IV/X ғасырдың басы).

5. Әбу Мұхаммед Абду-л Кәрим ибн Мұса ибн Иса әл-Паздауи (390/1000).

Имам Матуриди әрі кәләмшы, әрі фақиһ болған еді. Ол кісінің әрі фақиһ, әрі фиқһшы шәкірттері болған.

1).Хаким Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед әс-Самарқанди (342/953).

Ханафи мәзһабының фиқһ ғалымдарының ұлыларынан. Фиқһ және кәләм ілімін тікелей Имам Матуридиден үйренді. Мухаммед ибн Хузайма әл-Кәлләстан ханафи мәзһабын және сол кездегі Балық қаласының ғұламаларынан әсіресе Әбу Бәкір Уаррақтан сопылық ілімін үйренді. Абдулла ибн Сәхл әз-Заһид және Амр ибн Асым әл-Мәруазидан хадис тыңдап риуаят жасаған. Хаким әс-Самарқандидан Абду Карим ибн Мухаммед әс-Самарқанди хадис риуаят еткен. Самғани Хаким әс-Самарқанди жайында: «Хаким әс-Самарқанди ізгі құлдардан, даналықта, көркем мінезде, жақсы мәміле жасауда үлгі еді. Ұзақ жылдар бойы Самарқандыда қазы болды. Самарқандының жақынындағы елді мекендерге аты тек жақсылығымен шыққан еді. Әбу Қасым Хаким деген атпен танылды».  Хаким әс-Самарқанди көптеген еңбек жазған. Солардың бірі: «сәуәду-л Ағзам»  атымен танымал болған ақида жайында кітап. Негізгі аты: «әр-Родду әлә асхаби әл-һәуә әл- мусамма әс-Сауду әл-ағзам әлә мәзһаби әл- Имам Әбу Ханифа». Бұл кітап  Әһлі Сүннет уәл-Жамағаттының сенімге тән алпыс бір ерекшелігін жәнеде адасушы, бидғат топтардың пікірлеріне қарсы жауаптарды қамтыған. Тағы да бір «сахаифу әл-иләһия» кітабы Мысырдағы әл-Әзһар университетінің кітапханасында сақтаулы. Хаким әс-Самарқанди 342/953 жылы Мухаррам айының оны күні дүние салған.

2.Әбу-л Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи (345/956).

Самарқандыдан шыққан Ханафи ғалымдарынан. Рустуғфани Самарқандыға жақын ауыл аты. Имам Матуридың алғашқы шәкірттерінен. Ханафи кітаптарында аты жөні көп айтылады. Ақидаға қатысты «Иршаду әл-муһтәди», «китабу әз-зәуәид», «китабу фи-л хиләф», «әл-әсилә уә-л әжуиба», «бәйәну-с-суннәти уә-л жамаға» атты еңбектері бар. Ибн Қутлубұға «тәжу-т тарожим» еңбегінде Имам Матуридимен ар-Рустуғфани екеуінің ортасында болған оқиғаны баяндайды. Ол мәселе: мүжтәһид қателессе не болады мәселесі еді. Рустуғфани мүжтәһид дұрыс айтса ғана сауап алады-дейді, Имам Матуриди болса қателессе де, дұрыс болса да сауап алады- деп дұрыс жауап қайырады. Рустуғфани кейбір тармақ мәселелерде өзіндік көзқарасы болғанымен, негізгі мәселелерде Имам Матуридиға қайшы келмейді.

3.Әбу-л Ләйс әл-Бұхари әс-Самарқанди (373/983).

Әһлі Сүннет уә-л Жамағат ғұламаларының бірі, Ханафи мәзһәбының имамы,  Наср ибн Мухаммед ибн Ахмет ибн Ибраһим әс-Самарқанди, лақабы Әбу Ләйс. Ғұламалар Имаму-л Һуда және Фақиһ деп атаған. Тәпсір, Хадис, Кәләм, Сопылық ілімдерінде де терең ілім иесі еді. Әбу Ләйс әс-Самарқанди Әбу  Жағфар Һиндуанидан ілім алған, тізбегі Әбу Юсуфқа барып тіреледі. Әбу Ләйс әс-Самарқанди көптеген еңбектер жазды.

Еңбектері:

1. «Тәнбиху-л ғофилин» уағыз, насихат кітабы.

2. «Тәфсиру-л Құран» Стамбул қаласындағы кітапхаларда сақталған.

3.«Хизанату-л фиқһ» Ханафи мәзһәбының үкімдерін баяндаған еңбек. Нұсқалары Түркияның Иені Жами, Мурад Молла, Көпрулу, Атиф Ефенди, Дамад Ибраһим Паша, Бурса Ұлы Жами және Кастаноми сынды кітапханаларында сақталған.

4. «Ғуюну-л мәсәил фи-л фуру» фиқһ  кітабы. Дамад Ибраһим Паша және Лалелі кітапханаларында жазба нұсқалары сақталған. Каир және Меккеде шархтары басылып шығарылған.

5. «Әсрару әл-Уахи» миғраж оқиғасына қатысты.

6. «Қуррату-л ғуюн уә муфаррих әл-қалби-л махзун» үлкен күнәларға қатысты еңбек.

7.«Шарх Фиқһу-л Әкбар» Имам Әбу Ханифаның ақида кітабының түсіндірмесі.

8. «Тухфату-л әнәм фи манақиби әл-әимма әл- арбаға әл-әләм» Әһлі Сүннет уә-л Жамағаттың  амалдағы төрт имамы жайлы баяндайды.

9.«Әл-Фатауа» пәтуалар жиынтығы.

10.«Әл-Мухталифу әр-Риуая»

11. «Ән-нәуәзил фи-л фуру»

12.«Әл-Муқаддимату фи-с Солаһ»

13. «Тәсису әл-фиқһ»

14.«Әл-Латаифу-л мустахраж мин Сахихи-л Бухари»

15. «Рисәил фи-л фиқһ» сынды еңбектері бар.

4. Әбу Ахмед әл-Ийади (IV/X ғасырдың басы).

Ахмет ибн Әбу Насыр әл-Аббас әл-Ииади. Имам Матуридың ұстазы Әбу Насыр  әл-Ииадидың ұрпағы. Хаким әс-Самарқанди: Мәуреннаһр жерінде жүз жылдан бері хадисте, фиқһта, тіл ғылмында, әдепте, тақуалықта Әбу Ахмед әл-Ийади ғалым сияқты шықпады- дейді. Әбу Ахмед әл-Ийади адасушы топтарға қарсы Әһлі Сүннет уә-л Жамағат пікірін қорғаумен атағы шыққан. Ол кісінің бізге белгілі еңбегі «Әл-мәсәилу ашаиру-л Иидия». Ол еңбекте Әһлі Сүннет уә-л Жамағат және Муғтазила арасындағы тартыс мәселелерін талқылайды. Фиқһ іліміне қатысты еңбектері болған, алайда бізге жетпеген.

 

5. Әбу Мұхаммед Абду-л Кәрим ибн Мұса ибн Иса әл-Паздауи (390/1000).

Мәуреннаһр жерінен шыққан ханафи мәзһабының ұлы тұлғаларының бірі Мұса ибн Иса  Фахру-л Ислам әл-Паздауи ән-Нәсәфи. Әкесі Мухаммед Самарқанд және Бұхараның қазысы болған. Інісі Мухаммед әл-Пәздауи Мәуренаһр өлкесінің ең үлкен ғалымдарынан. Садру-л Ислам атымен танылған. Кітаптары түсінілуі қиын болғандықтан «Әбу-л ғуср» деп те аталған. Фахру-л Ислам әл-Паздауидың кітаптары оңай жазылғандықтан «Әбу-л юср» аты берілген. Фахру-л Ислам әл-Паздауи Ханафи мәзһабының мәселелерін жатқа білуімен  және ақида ілімін терең меңгеруімен атаққа шыққан. Сәмғани: «Фахру-л Ислам әл-Паздауи Мәуреннаһр өлкесінде Ханафи мәзһабының ең үлкен ғалымдарынан еді» -дейді.

Еңбектері:

1.« Кәнзу-л усул илә мағрифәти усул» «Усулу Пәздәуи» дер те аталады. Ханафи мәзһабының ең маңызды усул кітаптарының бірі ретінде саналады. Бұл еңбегіне көптеген шархтар жазылан.

2.« Әл-Мәбсут» он бір томдық кітап Ханафи мәзһабының фиқһ мәселелерін қамтыған.

3. «Тәфсиру-л Құран» жиырма томдық бұл еңбек біздің күнімізге жетпеген.

4. «Шарху Жами әл-Кәбир уә Жамиғу әс-Сағир» Усул іліміне қатысты бұл еңбекте біздің күнімізге жетпеген.

5. «Ғинау-л Фуқоһә» бұл кітапта бізге белгісіз.

6. «Әр-Рисәлә фи қираати мусолли»

7. «Зәлләту әл-Қори»

8. «Әз-Зиядат» мәзһабтың тармақ мәселелерін қамтыған. Стамбулдағы Суләймания кітапханасында сақтаулы.

9. «Зиадату әз-Зиадат» Имам Мухаммедтің «Зиадат еңбегінің шархы.

10. «Шарху-л Хидая» Хидая атты кітаптың неке тақырыбына дейін шарх жасаған.

 

6). МИЛӘДИ 12 ҒАСЫРҒАЛЫМДАРЫНАН:

 

Мухаммед ибн Ахмет ибн Әбу Ахмет әс-Самарқанди (539/1144)

Алауддин Самарқанди лақабымен танымал. Туған жылы жайында нақты деректер жоқ. Халебте және Бұхарада өмірінің біраз бөлігін ілім алумен өткізген. Садру-л Ислам әл-Паздауиден және Әбу-л Муғин Мәймун әл-Мәкхулиден фиқһ ілімін үйренген. Алауддин Самарқанди тізбегі ұстазы Садру-л Ислам әл-Паздауи ол кісі Исмаил ибн Абдуссадықтан, ол кісі  Фахру-л Ислам әл-Паздауиден, ол кісі Имам Матуридиден, ол кісі Әбу Бәкір әл-Жүзжаниден, ол кісі Имам Мухаммедке барып тіреледі. Әбу-л Муғин Мәймун әл-Мәкхулиден болған тізбегіде Имам Әбу Юсуфке барып тіреледі.

 «Тухфату-л фуқаһа» атты атақты еңбегі ерекше танымал. Қызы Фатима да фиқһ ілімінде терең білімді болған. Алауддин Самарқандидің ең атақты шәкірті әрі күйеу баласы Әбу Бәкір әл-Касани. әл-Касани еңбегі «әл-Бәдәиғу уәс-Сәнәиғ», «Тухфату-л фуқаһа» кітабының түсіндірмесі, ханафи мәзһабында ең жүйелі түрде жазылған екбек болып саналады.

Алауддин Самарқандидің шәкірттерінің бірі «әл-Һидая» кітабының авторы әл-Марғинанидың ұстазы Мухаммед ибн Хусейн ибн Насыр ибн Абдулазиз Әл-Бәнданижи.

Еңбектері:

1.«Мизану-л усул фи нәтәижу-л усул» бүгінге жеткен еңбектерінен.

2. «Тухфату-л фуқаһа» ханафи мәзһабының үкімдерін  жеңіл әрі нақты жүйелі түрде жазған. Бұл еңбекті әл-Қудуридің еңбегінде қамтылмаған мәселелерді толықтыру үшін жазған. Бұл еңбекте күні бүгінге жеткен еңбектерінен.

Алауддин Самарқандидің басқа еңбектері жайлы ғұламалардың риуаяттарында айтылады: «Әл-лубаб фи усули әл-фиқһ», «әл-Мәбсут», «шәрху әт-тахауи», «әз-зиядат», «шарх жамиғу әл-кәбир», «шарх манзумати ән-нәсәфи».

 

7). МОҢҒОЛ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ КЕЗІНДЕГІ САМАРҚАНД:

 

12 ғасыр Ислам әлемінің ең дамыған, мәдениетінің шарқына жеткен кезеңдерінің бірі еді. Алайда 13 ғасырдағы Монғол шапқыншылығы бұл мәдениеттің күл талқанын шығарған еді. Сол ғасырдағы тарихшылар әл-Муаффақ Абдуллатиф, Суюти, Ибн әл-Әсирлардың берген хабарларында Ислам мәдениетінінің ошағы саналған көптеген қалалардың өртеліп, тұрғындарының өлтірілгендігігі жайлы баяндайды.

Монғол шапқыншылығынан қашқан кейбір түркі тілдес тайпалар  орта азиядан Анадолы тарапына көшеді. Осылайша  Анадолыда Ислам мәдениетінің таралуына үлес қосады. Самарқанд және Бұхара Мәуренаһр өлкесінің ең маңызды қалаларынан еді.

Тарихшылардың баяндауы бойынша Шыңғыс хан әскеріне қарсы 110 мың әскер Самарқанд қаласын қорғаған. 70 мыңы моңғолдар тарапынан өлтірілген.1220 жылы ақпан айында Шыңғыс хан әскері тарапынан Бұхара алынды, кейін мамыр айында Самарқанд алынды. Шыңғыс хан екі қаланың өртелуін, халқының өлтірілуін, басқа жерге көшірілуін әмір етті. Бұхарада Жұма мешіті және бірнеше сарайлардан басқасы өртеліп, қиратылды. Самарқанд қаласы да 150 жыл қираған халде қалды. Тарихшылар шапқыншылықтан алдын Самарқанд қаласында жүз мыңға жақын ілім, өнер, мәдениет ошақтары (ханалар) болғандығын. Қираудан кейін өте аз мөлшерінің қалғанын айтады. Ибн Баттута 1350 Самарқандыға жасаған саяхатында қаланың қираған халде болғандығын, азғана ғана бүлінбеген үйлердің болғандығын айтады. Самарқанд қаласының қалыпқа келтірілуі 771/1369 жылы қолға алынған. Монғол шапқыншылығы кезінде көптеген Ханафи мәзһабының негізгі кітаптары жойылып кеткен. Өйткені Бағдат кітапханасы, Отырар кітапханалары осы кезеңде күйретілген.

 

8).ӘМІР ТЕМІР КЕЗІНДЕГІ САМАРҚАНД:

 

Мәуренахр өлкесі Шыңғыс Ханның екінші ұлы Шағатайдың еншісіне тиген еді. 14 ғасырдың ортасында ішкі қақтығыстардан екіге бөлінді. Батыс және шығыс болып. Батыс бөлігін түрік-моғол әмірлерінің қолына көшті (Темір (1370-1405). Ал шығыс бөлігінде Шағатай нәсілінен таралған хандар билік етті, бұл бөлік өздерін моғолдар деп атады. Онда құрылған мемлекет Моғолстан деп аталды.

Самарқанд қаласы Әмір Темірдің дәуірінде алтын ғасырын бастан өткізген еді. Темір өз заманының аса қатігез жаулаушысы, елдер мен қалаларды қиратушы әлемге қорқыныш ұялататын қолбасшы ретінде танылса, бір қырынан ол аса талғампаз сәулетші де болды. Осы кезеңде Әмір Темірдің басшылығымен зәулім бақты сарайлар мен қалалар, елді мекендер, көпірлер тұрғызылған. Ол жердің бос жатуына жол бермеген. Темірдің жасампаздық өнерінің туындылары қалалар, медреселер, мешіттерге тіпті сол кезеңде еропалықтардың өзі таңдана қараған. Ол өзіне дейінгі басшылар секілді парсы немесе араб құрылыстарын кайталамай, өзіндік ерекше мұсылман сәулет өнері тарихында бұрын жасалмаған дүниелерді тұрғызған.

Темір сарайында Абдужаппар Хорезми, Шамсуддин Мунши, Абдулла Лисан, Бадриддин Ахмед, Хорезми, Алауддин Каши, Жалал Хаки және басқа да ғалымдар қызмет жасайды. Темір математика, геометрия, архитектура, астрономия, әдебиет, поэзия, тарих, музыка ғылым салаларының дамуына ерекше көңіл бөледі. Ол үлкен қызығушылықпен ғалымдармен әңгіме дүкен құратын. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым ойшылдары Әмір Темір тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды. Темір Самарқандыда Сарай мен мешіт, медресе Бибі-ханым; мавзолей Шахи-Зиндті тұрғызады, ал қаланың айналасына бақтар мен сарайлар Шынар-Бағы, Шамал-Бағы, Дилкуш-Бағы, Бехишт-Бағын тұрғызады. Кухак пен Заравшан өзендері арқылы жолдар мен көпірлер салынады, ал кейін Әмудария мен Сырдария арқылы көпір жүргізеді, Сырдария мен Ахангаран арқылы канал жүргізіледі. Суландыру жүйесі мен керуен сарайлардың құрылысы Бұхара, Лахрисабзда, Ферғанада, Түркістанда жасалады. Өте үлкен көлемде қалалар, ауылдар, монша, медресе мен мавзолейлер салынады. Құрылыс жұмыстарына жергілікті сәулетшілермен  қатар Темір жаулап алған мемлекеттердің сәулетшілері мен құрылысшылары әкелінеді. Темір басып алынған елдерден 150 мыңға жуық қолөнерші шеберді өз астанасы Самарқандыға алып келді, оның бұйрығы бойынша қалада және қаланың сыртында көптеген әсем сарайлар салынды. Али-Йезди «Зафарнамеде» Темір «Мауреннаһрды үш жылға салықтан босатты», сол арқылы кәсіпшілер мен жер шаруашылығымен айналысушылардың экономикалық жағдайын жеңілдеткендігін айтады. Осы кезеңде Орта Азияда жергілікті және шет аймақтардан келген сәулетші безендірушілердің мектептері де ашылады.

 

9).ӘМІР ТЕМІРДІҢ ШАҚЫРТУЫМЕН САМАРҚАНДЫДА БОЛҒАН ҒАЛЫМДАР:

 

1.Cағдуддин Тафтазани (722-792/1322-1390)

2. Сәид Шәриф Жүржани (1340-1413)

3. Мухаммед ибн Мухаммед ибн Әли ибн Юсуф әл-Жәзәри әд-Димашқи (833/1429) 

1.Cағдуддин Тафтазани (722-792/1322-1390)

Толық аты Cағдуддин Мәсғуд ибн Омар ибн Бурхануддин Абдулла әл-Харауи әл-Хорасани әт-Тафтазани әш-Шәфиғи. 14 ғасырда өмір сүрген әйгілі ғалымдардың бірі. 1322 жылы Хорасан өлкесінің Нәсә аймағының Тафтазан ауылында дүниеге келген. Араб әдебиеті, логика, кәләм, фиқһ, фиқһ усулі секілді көптеген ілімдерде еңбек жазып ұстаздық қылған. Ұстаздарынан атақты Қутубуддин әр-Рази әт-Тахтани (766/1365), Азизуддин әл-Иижи (756/1355). Атақты шәкірттері Хасан әл-Әбиуәрди (8161414), Жәләлуддин әл-Әубәхи және Фәтхулла әш-Ширвани (857/1454). Алғашқы еңбегін он алты жасында жазды. Фариамуд, Херат, Гүждүван, Гүлістан шаһарларында ілім саяхатында болды. Әмір Темір тарапынан Самарқандыға шақырылды. Бірінші рет ұсынысын қабыл алмады. Екінші рет шақырылғанда Темірдің ұсынысын қабыл алып Самарқандыға келді. Самарқандыда көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Әмір Темір ол кісіге өте жақсы ілтипатта болып, құрмет көрсетті. Тафтазанидың жазған еңбектерінен көптеген ғалымдар әсерленді. Ибн Халдун «Муқаддима» еңбегінде Тафтазаниға мақтау айтады. Тафтазани ханафи мәзһабы жайында, әрі шафи мәзһабы бойынша еңбектер жазған. Осы себептен ғалымдар ортасында ол кісіні ханафи, шафи дегендер көптеп кездеседі.

Еңбектері:

1.«Шарху әт-тасриф әл-иззи» тіл іліміне қатысты.

2. «әл-Иршад»

3. «әш-Шәрху-л мутаууал»

4. «мухтасару-л мәғәни»

5. «әт-тәлуих илә хақаиқи әл-тәнқих»

6. «әл-мифтәх» сынды көптеген еңбектері бар.

2. Сәид Шәриф Жүржани (1340-1413)

Сәид Шәриф Жүржани 1340 жылы Жүржанға жақын Такуде дүниеге келеді. Толық аты Әбул Хасан Мухаммед ибн Әли әс-Сәид әш-Шәриф Жүржани әл-Ханафи. Пайғамбарымыздың ұрпағынан. Ілімнің бастамасын өз елінде алды. Қутубуддин әр-Рази әт-Тахтанидан ілім алу үшін Херат қаласына кетті. Кейін ұстазының өсиетімен Мысырдағы ғалым Мүбарак Шахтың қасына кетті. Мысырда Әкмәлуддин әл-Бабертиден ілім алды. Кейін еліне қайтіп Дару-ш Шифа медресесінде он жыл ұстаздық қылды. Иран жеріне ілімімен, тақуалығымен атағы жайылды. 1387 жылы Әмір Темір Шираз қаласын алған кезде Сәид Шәриф Жүржаниді Самарқандыға шақырады. Он сегіз жыл Самарқандыда ұстаздық қылды. 1405 жылы Темірдің дүние салуынан кейін Ширазға қайтіп ілімін үйретуін жалғастырды. Атақты шәкірттерінен Қадызаде Руми, Фәтхулла әш-Ширвани, Фахруддин Ажами.

Еңбектері:

1.«Шарху-л Мауақиф»

2. «Рисала фи биәни фирқа ән-нәжия»

3. «Рисала фи-л мантиқ»

4. «әт-Тағрифат» және «Шәрху-л иззи» сынды көптеген еңбектері бар.

3. Мухаммед ибн Мухаммед ибн Әли ибн Юсуф әл-Жәзәри әд-Димашқи (833/1429)  

Қырағат ғалымдарының ең атақтыларынан. 751/1350 жылы Мусулға жақын Жәзәр ауылында дүниеге келген. Әр түрлі ілімдерді терең меңгерген еді.  Шамда Дымяти, Әбәркуһи, Әснәуи сынды ғалымдардың шәкірттерінен ілім алды. Мысырға барып усул, фиқһ және тіл ілімдерін Ғизз ибн Абдуссәләмның шәкірттерінен үйренді. Шәйхул Ислам Әбу-л Фида Исмаил ибн Кәсир оған пәтуә беруіне рұқсат берді. Кейін Құран ілімдерін үйренуге ден қойды. Шамдағы Әмәуи мешітінде сабақ берді. 768/1395 жылы Мысырдан қайтқан жолында Александрия теңіз жолы арқылы Бурсаға келді. Осман Халифатының сол кездегі султаны Иылдырым Баязид Жәзәриге сый сияпат көрсетті. Ол жерде біраз уақыт қалды. Анадолыда Құран және Хадис ілімінің жайылуына себепкер болды. 805/1402 жылы Әмір Темірмен Баязид ортасында «Анкара» соғысында Темір басым келіп Бурсаға дейін келді. Темір ғалымдарға ерекше құрмет ететін еді. Ибн Жәзәриді өзімен Мәуреннаһрға алып кетті. Алдымен Каш қаласында кейін Самарқандыда көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Самарқандыда Сәид Шәриф Жүржанимен кезікті. 807/1404 Тимур Хан дүниеден өтіп Ибн Жәзәри еліне қайтады. Жолда Херат қаласына, одан Иезд қаласына, ол жерден Исфахан қаласына, ол жерден Ширазға келеді. Әр жүрген қалаларында Қырағат ілімін үйретіп шәкірттер тәрбиеледі. Шираз қаласының әкімі Султан Пір Мухаммедтің тағайындауымен бас қазы болады. 823/1420 жылы қажылық жасады. Қажылықтан кейін Иеменге барды. Жүрген жерлеріінде ол кісіден ғұламалар он қырағат бойынша тәлім алды. 833/1429 жылы жұма күні Ширазда дүниеден өтті. Қырағат ілімдеріне қатысты көптеген еңбектері бар.

Бердібек Оянғанұлы

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әл-Жауахиру мудия фи табақати әл-ханафия  Рияд 1993ж.

2. Ханафитский мазхаб в истории Центральной Азии. А.К.Муминов.Алматы.

3. Самарқандинг сара уламорали. Шейх Мухаммад Садық Мухаммад Юсуф.

4. Түркия дианет вакфы анциклопедиясы 8, 28 том.

5. X-XIII. YÜZYILLARDA ORTA ASYA’DA TÜRKLER VE İSLAM.Ömer Soner(мақала)

6. Әмір Темір (википедия)

7. электрон нұсқа:«HANEFİ MEZHEBİNİN ORTA ASYA’YA GİRİŞİ  VE  YAYILIŞ SÜRECİ»      

8. http://www.ehlisunnetbuyukleri.com

9. http://www.bizimsahife.org

10. Mustafa Cezar, Anadolu Öncesi Türklerde Şehir ve Mimarlık, İstanbul 1977

0 пікір