МӘЗҺАБ – ҚҰРАННЫҢ ҚОРҒАНЫ
МӘЗҺАБ – ҚҰРАННЫҢ ҚОРҒАНЫ
07.03.2016 14:35
4008
0

Қазақ мұсылмандықты қабылдаған күннен ханафи мәз-һабын ұстанған халық. Басқаша айтқанда, Құран мен сүннетті ұстануда қазақ ханафи мектебінің ижтиһадын негізге алған. Алайда, бұл Құран бір жол, ал мәзһаб басқа бір жол деген ұғым емес. Керісінше, мәзһаб ғұламалары Құран мен сүннетті әртүрлі бұрмалаушылықтан сақтаған. Алла тағала Өзінің иләһи әмірі Құранды сол ғұламалар қаламымен қорғауда.

Мәзһабтың міндеті – Құранды дұрыс түсіндіру. Мәзһабтардың негізі сахабалар заманында қаланды. Тек, мәзһаб деген атау кейін пайда болды. Бүгінгі таңда, біз әлем мұсылмандары ұстанатын төрт: ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали фиқһ-мектептерін білеміз. Ал, мәзһабтар тарихында бұл сан төрттен көп. Көптеген табиғиндердің жеке дара мәзһабы болды. Бірақ, кең тарап үмбет ғұламаларының қолдауын тапқаны – төрт мәзһаб. Біз, әһли сунна уал жамағат деген кезде осы ханафи, малики, шафиғи және ханбали мәзһабтарын түсінеміз.

Ал, біздің ата-бабаларымыз ханафи мәзһабын таңдады. Бұл тектен-тек емес. Біріншіден, кез келген мұсылман пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жолын қаз-қалпында ұстануды қалайды. Бұл мақсатқа жету үшін, Алла елшісі (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалардан тәлім алу қажет. Немесе сол сахабалардың шәкірті болған табиғиндерден дін тәлімін алу керек. Мәзһаб негізін салған ғұламалардың ішінде табиғин боп табылатын ғалым Әбу Ханифа (р.а.). Тіпті, Әбу Ханифа бірқатар сахабалардың көзін көргендігі жайлы деректер кездеседі. Хадистанушы ғалымдардың басым бөлігі «табиғин – сахабаны көрген адам, тіпті сахабадан риуаят етпесе де» деп анықтама берген. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мені көргенге, мені көрген адамды көргенге жәннат болғай…», – деген.

Әбу Ханифа пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғасырында туған ғалым. Сахаба Имран бин Хусайн (р.а.) риуаят еткен хадисте:


خير القرونِ قرني ثمّ الذين يلونهم, ثمّ الذين يلونهم

 

«Ең жақсы ғасырлар: менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы», – деп айтқан екен.
Жалпы табиғиндер үлкен және кіші буын боп бөлінеді. Әбу Ханифа кіші буын өкілі. Бірақ, дін ілімдерінің нәзік тұстарын жетік меңгерген имам Ағзам табиғиндер заманында ижтиһад жасап, пәтуа берген ғұлама. Әнас бин Маликтің (р.а.) шәкірті табиғин Ағмаш Әбу Ханифаға қажылық кітабын (манасикті) жазып беруін сұраған. Сонымен қатар, Ағмаш: «Манасикті сол кісіден жазып алыңыздар, ол кісідей қажылық парызы мен сүннетін білетін адам жоқ», – деп жоғары бағасын берген.

Қазіргі таңдағы фиқһ ілімін жүйеге салған Әбу Ханифа. Күні бүгінге дейін бұл жүйе ешбір өзгермеген. Барлық мәзһабтар өз фиқһ кітаптарын осы жүйе негізінде жазады. Имам Мәлик те өзінің «Муатта» хадис кітабын сол әдіспен жазған.

Ханафи мәзһабын Қазақстанмен қатар Орта Азия, Балқан түбегі, Үндістан, Ауғанстан, Түркия, Ресейдің кейбір өлкелері, т.б. елдер ұстанады. Мұсылман әлемінің жартысына жуығы ханафи мектебімен жүреді. Өйткені, ханафи мектебі ең алғаш боп қалыптасқан. Сонымен бірге, ол басқа мәзһабтардың дамуына үлесін қосқан. Мәселен, имам Шафиғидің ұстаздарының бірі Мұхаммед әш-Шайбани – Әбу Ханифаның екінші шәкірті. Имам Ахмед бин Ханбалдың хадистегі ұстаздары ханафи ғұламалары. Сондықтан болар, Яхия бин Муғин: «Фақиһ ғалымдар төртеу: Әбу Ханифа, Суфиян, Мәлик және әл-Аузағи», – деп бағалаған.

Бір жайтты ескере кеткен жөн. Мақсатымыз – ханафи мектебін дәріптеу емес. Мақсат – Алла тағала сөзі мен пайғамбар сүннетін дұрыс насихаттаған ғұламалар ізімен жүру. Ата-бабамыздан мұра боп қалған ханафи мектебінің қадірін ұғыну. Сондай-ақ, қазақ даласында қаншама сұрапыл заман өтсе де, діннің оты сөнбегенін жастарға үйрету. Басқа мәзһаб ғалымдарының Әбу Ханифаға ғұлама және дін қайраткері ретіндегі берген бағасының өзі осы жолды берік ұстануға үлкен айғақ.
Имам Малик: «Әбу Ханифаны көрген бе едіңіз?», – деп сұрағанда. Ол: «Иә, ол (Әбу Ханифа) мынау ұстынды алтын десе, оған бұлтартпас дәлелі бар ғалым адам еді», – деп ағынан жарылған.

Мұхаммед бин Идрис әш-Шафиғи: «Кім фиқһты терең меңгергісі келсе, ол Әбу Ханифаға мұқтаж», – десе, тағы бір сөзінде: «Адамдар фиқһта Әбу Ханифаға мұқтаж, ол кісідей фиқһ білетін ғалым көргенім жоқ», – деген екен.
Имам Ахмед бин Ханбал: «Ол теңдесі жоқ тақуа да, дүниені тәрк еткен және ақыретті бірінші кезекке қойған ғалым еді. Қазилық мансабынан бас тартқаны үшін халифа Мансұр дүреге жықты. Алайда, қазилық міндетін алған жоқ. Алла тағала оған рақым етсін және риза болсын», – деген.
Ибн Мубарак: «Мен Хасан бин Ғимараттың Әбу Ханифа атының тізгінін ұстап тұрып: «Уаллаһи, сендей фиқһта тым жетік, аса сабырлы, өте жылдам жауап беретін ғалымды көрмедім. Сен өз заманындағы фиқһ жайлы сөйлегендердің төресісің. Саған тек көреалмайтындар ғана мін тағады», – деген екен.

Әбу Ханифа өте бай кісі болды. Саудада тасы өрге домалаған дәулетті адам еді. Дүниесін дінге және дін ілімін дамытуға аямай сарп еткен жомарт. Ол ғұлама шәкірттерінің қаражатын өз қалтасынан шығаратын. Әдетте, ғалымдар бай-дәулетті болмайды. Сақилығымен қатар, имам Ағзам құлшылықта, тақуалықта және үлкен-кіші қажылық етуде алдына жан салмайтын ғибадатшыл ғалым болды.

Мәлики ғалымы Халаф бин Аюб: «Ілім Алла тағаладан Мұхаммедке (с.ғ.с.), одан сахабаларға, олардан табиғиндерге, сосын Әбу Ханифа мен оның жолдастарына көшті. Кім қаласа, бұған риза болсын, қаласа ашулансын», – деген. Өте жоғары баға. Біз осы ғұламалар легінің имам Ағзамға берген бағасына қарап, ханафи мектебі өкілі ретінде дініміздің амалы дұрыс екенінде ешбір күдігіміз болмауы қажет. Керісінше, ата-бабамыз осы жолда жүргенін мақтан етіп, Алла тағалаға шүкіршілік етуіміз керек.
Әбу Ханифа жайлы ғалымдар-дың сөзін оқыдыңыздар. Енді, мына хадиске құлақ түріп көрелік. Әбу Һурайра және Ибн Масуд (р.а.):


لو كان العلمُ عند الثُّرَيّا لتناوله رجالٌ مِن أَبْنَاءِ فار

«Егер ілім аспандағы жұлдыздарда болса, оған парсы ұлдарының қолы жетер еді», – деген риуаятты келтіреді. Бұл хадис Бұхари және Муслимде бар.
Әбу Ханифа Мәдина қаласына барғанда хазрет Әлидің (р.а.) шөбересі Мұхаммед бин Әли бин Хусайнмен кездеседі. Сонда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жиен ұрпағы: «Менің атам (Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөздеріне қияспен қарсы шығып, бұзып жүрген сенсің бе?», – деп Әбу Ханифаға дүрсе қояды. Сонда ғұлама: «Олай етуден Алла сақтасын, отырыңыз, сіз де атаңыз (с.ғ.с.) сияқты құрметке лайықсыз», – деп пайғамбар ұрпағының қарсы алдына тізерлеп отырып, өзінің Құран және сүннетті зерттеу жолын түсіндірмек болып: «Ер кісі әлсіз бе, әлде әйел ме?», – деп сұрайды. Сонда ол: «Әйел», – деді. Екеуара әңгіме онан әрі былай жалғасты.

– Үлесі қанша?

– Ер кісі үлесінің жартысы.

– Егер мен қиясқа жүгінсем, үкімді ауыстырып жіберер едім.

– Намаз абзал ма, ораза ма?

– Намаз.

– Егер қияспен шешім шығарсам, етеккір келген әйелге оразаны емес, намазды қаза етіп өте деуші едім.

– Зәрдің нәжісі ауыр ма, әлде мәнидің бе?
– Зәрдің нәжісі ауыр.

– Қиясқа сүйенсем, мәниге емес, зәр шығарған адамға ғұсыл құйынуды парыз етер едім. Хадистен басқаға сүйенуден Алла тағала сақтасын. Мен хадистің қызметкерімін, – деп сөзін түйіндеді имам Ағзам.
Сонда пайғамбарымыздың жиен ұрпағы орнынан тұрып, Әбу Ханифаның маңдайынан сүйген екен.

Имам Ағзам өз өмірі мен дүниесін ілім жолына арнаған ғалым. Сондай-ақ, ілім жолындағы жандарға үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап жүруші еді. Ол ғалымдарға, шәкірттеріне және айналасындағы көрші-қолаңдарға аса жомарттық жасайтын қолы ашық ғалым еді. Ол бойдақтарды үйлендіріп, шаңырақ көтеруге көмектесетін. Және олардың әрқайсысына үй сатып алуға жететін қаражат беретін.

Бағдад шаһарынан түсетін жылдық табысына хадисші шейхтарға үйіне қажетті заттар, киім-кешек алып, қалған қаражатты қолдарына ұстатып: «Өз қажетіңізге жаратыңыз және тек Алла тағалаға ғана шүкіршілік айтыңыздар. Мен сіздерге өз қалтамнан беріп жатқаным жоқ, бұл менің қолым арқылы келіп жатқан Алла тағаланың сіздерге деген кеңшілігі», – дейтін.
Баласы Хаммад «Фатиха» сүресін жаттап алғанда, Әбу Ханифа ұлының ұстазына бес жүз дирһам сыйлық жасайды. Сонда мұғалім: «Осыншама ақша алатындай ештеңе істегенім жоқ», – дегенде имам Ағзам: «Балаға үйреткен дүниеңді (Құранды) болмашы деп санама, егер қолымда көбірек теңгем болса, соны беріп жіберер едім, мен мұны Құранға құрмет етіп жасадым», – деген екен.

Кейде жастар арасында «Мен мәзһабпен емес, сүннетпен жүремін» деген сөздер айтылып жатады. Мұны естіген намазға әлі жығыла қоймағандарда «ханафи мәзһабы сүннетке сай келмейді екен» деген ой туады. Әсілі, сүннетті берік ұстанғысы келген бауырларымыз мәзһабқа екі қолдап жармасуы қажет. Ханафи мектебі – сүннеттің қорғаны. Сүннеттің қаймағын бұзбай жет-кізуші мектеп. Бұған мысал көп. Соның бірі – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисіне қоса тағы мына сөзі бар. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таяу арада Константинополь (Стамбұл) алынады. Оны алған қолбасшы қандай тамаша, оны алған әскер қандай тамаша», – деген.

Бұл пайғамбар хабары Осман әулетінің ІІ Мехмет сұлтанына бұйырған еді. Әрине, пайғамбарымыз тек жақсылық-ты сүйіншілейді. Мейірімділік пайғамбары қатыгездік пен қантөгісті жақсылық деп хабар-ламайтыны мәлім. Бұлай айтуының сыры – ол сұлтанның елі мен әскерінің ақиқат жолында болғандығын аңғартады. ІІ Мехмет және оның ата-бабалары ханафи мәзһабын ұстанғандығы тарихта тайға таңба басылғандай бұлтартпас дерек.
Екінші мысал имам Тахауи. Мысырда дүниеге келген, ата-бабасы шафиғи мәзһабын ұстанған Әбу Жағфар Ахмед ибн Мұхаммед әт-Тахауи хадис пен ақидадағы теңдессіз ғұлама. Мысыр – шафиғи мектебі кең өріс алған ел. Тахауи хадис ғылымында хафиз мәртебесінде болған, әуелде шафиғи мектебі бойынша тәлім алып, кейін ханафи мектебін зерттей бастайды. Тіпті, Мысыр өлкесіндегі ханафи мектебінің көрнекті өкіліне де айналды. Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған. Соның бірі ақида (сенім) бойынша жазылған ел арасында «Тахауи ақидасы» атымен кең тараған кітабы.

Тахауи аталмыш еңбегінің бісмилласын: «Бұл әһли сүннат уәл-жамағаттың үмбет фиқһ ғалымдары: Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, Әбу Юсуф Яқуб бин Ибраһим әл-Ансари және Әбу Абдулла Мұхаммед бин Хасан әш-Шайбанидің мәзһабына сай ақида түсініктемесі», – деп бастаған.
Тахауидың бұл сөзіне алып-қосар басқа сөз болуы мүмкін емес шығар.
Алла тағала ата-бабамыздан қалған асыл діни мұрамыздың қадірін жете ұғып, осы сара жолда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін салт етіп ұстауға нәсіп етсін!

Ербол Мәмбетов

0 пікір